[:kz]
ШҚО-да тірі қойларды мотоцикліне байлап, көшеде келе жатқан ер азаматтың әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Желіде таралған бейнежазбада ер азамат мотоциклдің екі жағына екі қой, алдына тағы біреуін байлап алып, көшеде қозғалып бара жатқанын байқауға болады. Видео желі қолданушыларын таңғалдырды.
Кейбір қазақстандықтар малдарға жандары ашып, жазбаның астына пікір қалдырып жатты.
“Мұндайды тек біздің елден көруге болады”, – деп жазды желі қолданушысы.
“Жануарларды бұлай қинайтындарды қатаң жазалау керек”, – деп жазды тағы бірі.
Өз кезегінде бұл оқиға жайлы облыстық ПД өкілдері пікір білдірді.
“2 тамызда Үржар ауданының 35 жастағы тұрғынан қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды: алғашқысы, транспортты құжатсыз айдағаны және мотоциклдің мемлекеттік нөмірі болмаған үшін, екіншісі, мотошлем тақпағаны үшін”, – деді ПД өкілдері.
Полиция мәліметінше қойлар тірі болғанымен, мұнда оларға қатысты озбырлық таныту болмаған.
[:]