[:kz]
Аягөз ауданында толассыз жауын-шашын салдарынан төтенше жағдай жарияланды, — деп хабарлайды Абай-ақпарат Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«Аягөз ауданы әкімінің өкімімен Аягөз қаласы бойынша төтенше жағдай жарияланды», — делінген аудандық ішкі саясат бөлімі берген мәліметте. Әкімдік ақпараты бойынша қала ішінде 3 көпірді, 5 жаяу жүргінші өткелін қарғын су басып қалған. Су алған үйлерден 400 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 30-ы бала.
«Тұрғындар Аягөз қаласының қазақ мектеп-лицейіне, №6 орта мектеп-интернатқа және туыстарына орналастырылды. Төтенше жағдайдың салдарын жою мақсатында, жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдай бөлімі, аудандық ішкі істер бөлімі, теміржол мекемелері, ауданның коммуналдық мекемелер қызметкерлері және тұрғындар арасынан еріктілер жұмыс істеуде. 200-ден астам адам, 11 арнайы техника, 20 автокөлік, 3 мотопомпа жұмылдырылды. Зардап шеккендерге аудандық медицина қызметкерлерімен алғашқы көмек көрсетілуде. Қаза тапқандар жоқ», — делінген
Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында жауын соңы тасқынға айналуына байланысты 1000 адамдық апаттық құтқару тобы құрылғандығы да хабарланды.
ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, толассыз жауынның салдарын жою үшін апаттық құтқару тобы құрылып, 1000 адам мен 300 арнайы техника бөлінген.
«Өткен тәулікте облыста бір айдың мөлшеріндегі жауын-шашын түсті. Дағдарыс орталығынан құрылған арнайы топқа 1000 адам, 300 техника, 56 жүзу құралы, 58 моторлы сорғы бөлінді» — делінген департаменттің баспасөз ақпаратында.
Жауын салдары әсіресе Аягөз, Ұлан, Глубокое аудандары мен Өскемен қаласында көбірек сезілуде. Қазіргі таңда су алған 22 үй мен 148 аулаға көмек көрсетілген. Ресми дерек 23 адамның қауіпсіз жерге көшірілгенін айтады. Ұлан ауданының Мамай батыр ауылындағы көпірде әлі де болса кезекші топ жұмыс істеуде. Өскемен-Алматы бағытындағы жолдың 130 метр бөлігіне су жайылған болатын. Қазір оның 80 метрі судан арылды. Бір күн ішінде су алған аулалардан 3724 текше метр су сорып алынған. Соның ішінде Өскемен қаласында 3484 текше метр, Аягөз ауданында 240 текше метр су сорылған. Облыс орталығынан Аягөз ауданына көмек ретінде 20 адам мен 5 техника шықты. Осы уақытқа дейін тұрғындардан «112» нөміріне 1000-нан астам қоңырау түскен.
http://abai.kz
[:]