[:kz]
Жылда мамырдың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстікке арнайы келуі, Сарыағаш шипажайында демалуы, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысуы дәстүрге айналған десек, қателеспейтін шығармыз. Тұңғыш президент биыл да осы дәстүрінен жаңылған жоқ. Осы аптаның сейсенбісінде Елбасы Түркістанда болып, бірқатар нысандарды аралады.
Жалпы, Түркістан облыс орталығы болғалы Елбасы осыменен 2-3 мәрте келіп кетті. Әр сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан туралы терең толғанысты әңгімелерді айтады. Бұл жолғы сапар барысында Тұңғыш президент өте көтеріңкі көңіл-күймен жүрді. Оның да өзіндік себебі бар шығар.
Бұл Елбасының Түркістанға қатысты берген тапсырмаларының ойдағыдай орындалғанын, атқарылған жұмыстар Тұңғыш президенттің көңілінен шыққанын байқатқандай еді. Ал мұның бәрі де Елбасының ең сенімді кадрі Шөкеевтің іскерлігіне барып тірелетіні айтпаса да түсінікті.
Айтпақшы, ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбат барысында Елбасы Түркістанның тіпті елордадан да жылдам дамып жатқанын атап өтті.
Ал Шөкеевттің уақтысында іргетасы енді қаланып жатқан Астананың әкімі қызметін атқарғаны, елорданың дамуына сүбелі үлес қосқаны, өзіндік қолтаңбасын қалдырғаны да осындайда еске түседі. 2006 жылы ол сәбилердің жаппай ВИЧ індетіне шалдығып, шу шыққан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды.
Яғни, Түркістанды түлетуде таңдаудың Шөкеевке түсуі кездейсоқтық еместігін, оның Елбасы сенім арта алатын ең жақын кадрлардың бірі екендігін аңғаруға болады. Мұның бәрін неге еске алып отыр дейтін шығарсыздар. Күлбілтелемей, нақты әңгімеге тоқталар болсақ, соңғы кездері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде Шөкеевтің Алматы қаласының әкімі болып баратындығы туралы әңгіме өрбіп жатыр. Елбасының сапарынан кейін әрі Шөкеевтің жұмысын оң бағалауына байланысты бұл әңгімелер бұрынғыдан да күшейе түсті. «Өмірзақ Естайұлы елдің мойнын бұрғызған Арыс оқиғасы мен Мақтааралдағы тасқын кезінде жағдайды қалпына келтіре алды.
Резонанс тудырған оқиғаларда ол өзін жақсы жағынан көрсете білді. Тіпті, шағын саяси ортада оның «Данышпан» деген лақап аты да бар.
Оның үстіне Елбасының ерекше назарын аударған Түркістан құрылысы да Шөкеевке сеніп тапсырылғанын білеміз. Аз ғана уақытта миллиондарды жаратып сарай тұрғызды. Бейресми деректер бойынша Шөкеев бір ғана Түркістан үшін де үлкен құрметке лайық. Елбасының сенімді өкілі ертең-ақ жоғары қызметтен көрінуі ғажап емес. Халықтың наразылығы мен реніші үдеген тұста Алматыға Шөкеев әкім болса, ол Байбек жасаған және Сағынтаев тазалай алмаған былықтарды жоюы керек»,-дегенге саяды сарапшылар көзқарасы..
Ел аузындағы алыпқашты ақпараттарға қарағанда, Алматы әкімінің креслосынан «айырылып» қалған Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына барады. Онсыз да зейнет жасындағы Бердібек Сапарбаев осыменен құрметті демалысқа кетеді. Ал Түркістан облысының әкімі болып келетін бірнеше азаматтың аты аталып жатыр. Кандидаттардың көш басында елорданың әкімі Алтай Көлгіновтың аты аталады. Көлгінов Түркістан үшін бөтен емес.
Ол осы өңірдің тумасы.
Ал Сағынтаевтың туған жері Жамбыл облысы. Мұның қисынға келетін тұсы осы.
Алайда Көлгіновтың елордаға, Сағынтаевтың Алматыға әкім болып барғанына әлі екі жыл да толған жоқ. Өткен-кеткен тәжірибелерге қарағанда, мегаполисте екі жыл өтпей әкім ауыстыру оншалықты құлаққа қонбайтын сияқты. Дегенмен Шөкеев бір қызметте ұзақ отырмайтын кадр. Сонау 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына кіріскенен бергі аралықта ол 15-ке жуық қызметтерді атқарған екен (Президент әкімшілігінде, үкіметте, әкімдікте). Өзінің карьерасында Шөкеев бір қызметте 2-3 жылдан артық отырмаған.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқаруы бір жылға да жеткен жоқ. Тіпті кейбір лаузымдарды алты ай ғана істеген. Ол тек Қостанай облысының әкімі мен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының креслосында алты жылдан отырыпты. Егер осы «дәстүрінен» жаңылмаса, Шөкеевтің жуық арада қызмет ауыстыруы әбден ықтимал сияқты. P.S.Айтпақшы, Шөкеевтің орнын басатын үміткерлердің тізімі тек Көлгіновпен шектелмейді. Кандидаттардың арасында қазіргі уақытта Өзбекстандағы елші, экс-сенатор, Шымкент қаласының бұрынғы әкімі, еңбек жолында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын да атқарған Дархан Сатыбалды да бар. Шымкенттің бұрынғы әкімі, қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Шөкеевтің ең сенімді кадрларының бірі Арман Жетпісбаевтың да аты аталуда. Әрине, мұның бәрі елдің аузындағы әңгіме. Ал оның қаншалықты шындыққа айналарын тақсыр уақыттың еншісіне қалдырдық.
«Рейтинг» газеті, №19, 13 мамыр, 2021 ж
[:]