[:kz]
Бас қалада жоғары оқу орнында оқып жүргенімде тобымызда Айдай атты қыз бар-тын. Топтағылардың басым бөлігі оны аса жақтырмайтын тәлпіш деп. Бір байдың еркетотайы ол тәлпіш болмағанда мен тәлпіш боламын ба? Мұрнын шүйіріп ешкімді менсінбейтін сол Айдай әйтеуір мені өзіне жақын тұтатын. Қай қылығым жаққанын ілмеймін, әйтеуір сырымыз бір, жырымыз бір жақын құрбыға айналдық. Үнемі мақтанып сөйлеуді ұнататын ол өтірікті соғып жіберуге де арланбайтын. Тағы да ертеңгі күні өтірігім шығып қалады-ау деп те қысылмайтын.
Қарадай қарап соның өтірігіне мен қысылушы едім.
«Бельгияға кетемін, Норвегияға кетемін, сол жақта оқимын, сол жақта тұратын боламын» деп мақтанудан танбайтын. Әйтеуір біз атын естімеген бір елдерді айтушы еді. Сол мақтанғанына тұрарлық не кетіп болмады, не өтірігі бітпеді. Ақыры оқу бітіргенше ол ақыры шетелін аңсаумен болды. Оқуға көлікпен кетіп кететін ол өңкей асыл мен бұлғынға малынып киінетін. Біз шәкіртақыны келесі айға жеткізе алмай, үйдегілерден ақша күтіп жүргенде ол соңғы сәннен қалмай жарқырап киінетін. Сонысымен ол топтағы қыздардың жүйкесіне ши жүгіртетін. Өзі тарығып жүрген адамның алдында асылға малынып алып көлбеңдеген кімге жақсын? Ақыры топтағы қыздардың бірімен тілге келісіп ақыры шаш жұлусумен аяқталды. Айдайға қызыққанымен қызғанышым жоқ-ты. Менің өзіне деген таза пейілімді ұғатын ол үнемі мені сыйлап жіберуші еді. Киім алуға барғанда мынаны саған сыйлаймын деп төлеп жіберетін мәрттігі де болушы еді. Тіпті жатақханада тұратын маған кейде үйіп төгіп азық-түлік әкеп тастайтын. Атын естігеніміз болмаса өмірі аузымыз тиіп көрмеген небір тамақтың түрлерін көріп қасымдағы қыздар құрбың саған келгенде неғып шашылады осы деп таң қалушы еді.
Айдай көп нәрсенің парқына бара бермейтін, келте ойлайтын. Ақыры сонысынан опық та жейтін. Дәл осы мінезінен ақыры отбасылық өмірде де бармағын шайнады. Бір жолы Айдай ата-анам шетелге демалуға кетті деп үйіне ертіп апарды.
Ауылдан шыққан, орта тұрмысты отбасының қызымын, мен ондай үйді өмірімде көрмегем. Тап бір мұражай аралап жүргендей болдым. Әрине мынандай бақуатты өмірде шалқып жүрген адам өркөкірек болмай басқа кім көкірегін көтерсін? Оқу бітірер жылы Айдай Қасым есімді жігітке өлердей ғашық болды. Орталықтан алыстағы облыстың баласы орта таптан шыққан Қасым алғашында Айдайдан өзі қашқалақтап жүретін. Таныса сала есі кете ғашық болып қалған Айдай ақыры Қасымды өзіне қаратпай тынбады.
Жағдайын айтып, екеуміз бір ортаның адамдары емеспіз деп басын алып қашқан Қасымның сөздеріне де терең бойлап мән де бермеді.
Оған тек қазіргі алып ұшқан сезімі, махабаттың жалыны еді. Әке- шешесі де бұл некеге өре түрегеле қарсы болған. Бірақ айтқанынан қайтпай үйренген Айдай Қасымға шықпасам атылып өлем деп әке-шешесінің зәресін ұшырыпты. Ақыры өз қалауы ғой деп ата-ана байғұстың көнбеске амалы қалмады.
Ұзату тойы елдің есінен кетпестей керемет өтті. Ал жігіт жақ той жасауға шамаларының жетпейтінін айтып құдаларының алданан ғана өтіп ырымын жасады. Астанадан алыстағы ол қалаға үйрене алмай Айдай маған күнде телефон шалып мұңын шағатын. «Бәрін біліп тұрып өзің емес пе көз жұмған, ендігісі көңілің толмағаны ұят емес пе? Шыда…» деп жігерлендіруге тырыстым. Қасымның мінезі жайлы, жібектей жұмсақ-тын.
Айдайдың адуын мінезін сол жұмсақ мінезімен жеңіп жүрді. Оның үстіне анасы да «балалы болған соң еркелігін қояр, шыдай тұр..» деп басу айтып отырыпты. Қайдан, балалы болған соң Айдай күшейіп кетпесе басылған жоқ.
Әкесі арқылы Қасымды жақсы жұмысқа тұрғызған. Қасымның бар тапқаны Айдайдың керек-жарағын жабудан артылатындай да еді. Бұл шақта баяғы ыстық суығы басылған Айдай көктен жерге түсіп, елдің айтқан айырмашылығына енді көзі жете бастаған. Әрі провинциялық өмірден де әбден шаршады-ау деймін.
Бір күні «Астанадамын үйге кел» деп шақырды. Баласын әкепті. Әке-шешесін сағынып қыдырып келген шығар болды менің алғашқы ойым. Бірақ мүлде олай емес, өзі сүйген Қасымынан біржолата ат құйрығын кесісіп келгенге ұқсайды. Басты дау – шубадан шығыпты. Ия кәдімгі қымбат бағалы бұлғын тон. Қымбат дүкендерді аралап жүріп сегіз мың долларлық шубаға көзі түскен ғой біздің қыздың. Ары киіп көріп, бері киіп көріп әбден қызыққан ол бара үйінде шу шығарады. Қалайда бүгін-ертең соны алып кимесе өлетіндей болған ғой. Бұның мінезіне қанық Қасым «қоя тұр, айлығымды жинайын» деген.
«Сенің айлығың жиналғанша көктем шығып кетеді» деген бұл. «Келер жылы қыс болмай ма» деген ол. Бұл «келер жылы ол модадан шығып қалады» деген, қойшы әйтеуір құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келіп бұл баласын қолтығына қысып тұра жөнелген ғой. Әйтпесе енесі де басу айтып «кредит алсам да алып берейін сол тоныңды, ақылға кел» деген ғой. Оған қарайтын біздің қыз ба?
Ақыры бір шуба үшін шаңырағын шайқалтып тынды. Меніңше шуба тек сылтау ғана болған сияқты. Алып ұшып өз айтқанын ғана істеп үйренген Айдай ақылға келіп өз отының басына оралса деймін мен.
Аққыз
і
[:]