[:kz]
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанды Асия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековты босатуға шақырды. Олар «Алматы марафон» кезінде «Шындықтан қаша алмайсың» деген жазуы бар плакат алып шығып, 15 тәулікке қамалған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарата агенттігі.
«Олар өзінің көзқарасын бейбіт түрде білдірмек болғаны үшін ұсталды және ар-ождан тұтқыны болып табылады», — делінеді ұйымның мәлімдемесінде.
Amnesty International ұйымындағылар белсенділердің өз әрекеті үшін қандайда бір жазаға тартылмауы керектігін мәлімдеді.
«Олар өз әрекеті үшін қандайда бір санкция, қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартылмауы керек еді. Себебі олар пікірін білдіріп, бейбіт түрде жиналуға құқылы. Қазақстан бейбіт шерушілер санкцияланбаған шараларды ұйымдастырғаны немесе оған қатысқаны үшін жазаға тартылмауына кепіл беру үшін, шерулерге қатысты заңнаманы қайта қарастыруы керек», — дейді құқық қорғаушылар.
Сонымен қатар құқық қорғаушылар тұтқындалған белсенділердің босатылуы керек екенін атап өтті.
«Асия Тулесова мен Бейбарыс Толымбеков дереу және сөзсіз босатылуы керек», — дейді ұйымдағылар.
Amnesty International – халықаралық үкіметтік емес ұйым. Олар азаматтардың құқығын таптауды тоқтату және осыған қатысты ескерту жасаумен айналысады.
Еске сала кетсек, 21 сәуірде Алматыда өткен марафон кезінде Әл-Фараби даңғылы мен Шашкин көшесінің қиылысында «Шындықтан қаша алмайсың», «#Менің таңдауым бар», #ADILSAILAYUSHIN деген жазуы бар плакат ұстаған адамдар тұтқындалды. Артынша олар 15 тәулікке қамалды. Ішкі істер министрі белсенділердің ұсталуының себебін түсіндірді.
[:]