АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Шыңғыс ханның «қабірін» қазып жатқан емшілер жуырда миссиялары аяқталатыны туралы аян алды[:]

[:kz]

Түсінде тоғыз ғасыр бұрын жерленген ұлы қағанмен тілдесіп жүрген арыстық тұрғындар өздері қазған «қорым» басында Шыңғыс хан туралы бар білетіндерін жайып салды. Әуелі аян беріп, өзінің «жатқан» жерін көрсеткен әлемді жаулаған әйгілі қолбасшы бес жылдан бері ерлі-зайыпты Сман Өтеген мен Гүлжанар Алтынбековамен «дос». Жуырда ғана олар телеарнадан берген сұхбатында елбасы, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатын күтіп отырғандарын айтқан болатын. Stan.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі емшілермен сол «бейітте» болып қайтты. 

Өзін емші деп білетін Гүлжанар Алтынбекова түсі арқылы 2014 жылдан бері Шыңғыс ханмен тілдесіп келе жатқанын айтады. Оның нұсқаулығымен бүгінде жолдасы Сман Өтеген және емші Махметкәрім Шанасов үшеулесіп атағы айды білеген билеушінің қабірінен 40 КаМАЗ топырақ шығарған. Олардың айтуларынша, аян арқылы көрсеткен межеге, яғни, екі бөлмеден тұратын қабірдің есігіне келіп тірелген. Ендігі әлемдік жаңалықты ашу үшін елбасының пәрмені керек дейді олар. 

— Бұл орынды түс арқылы аян берген. Белгімен осы тұрған ағашқа бастап келді. Ағаштың үстінде құс отыратын. Кейін ұшып кетті. Сосын аттың дүбірі осы жерді меңзеді. Алғашында белгі қойып кеттік. Ол кезде біз Алматыда тұратынбыз. Кейін осы жақа қоныс аударып келіп, қазуға кірістік. Әр іс-әрекетті аян бергеннен кейін жасаймыз. Қазуды бастаған жылдары таңғы 8-9 бен аср уақытына дейін рұқсат беретін. Бір қызығы жолдасым көмекшілер алып қазып жатқанда тез шаршап қала беретін. Кейін арабша білетіндердің көмегіне жүгіндік. Олар Ясин сүресін оқып отырды. Ал күйеуім мен жігіттер қаза берді. Топырақ осы уақытта опырылып тез шығып тұрды. Қазір 13 метр тереңдікте, ені 30 метрдей жерді қаздық. Негізі үш бұлақ орналасқан. Біреуінің көзін аштық. Қалғандарын кейін ашамыз. Бәрін бабаның нұсқауымен орындап жатырмыз, — дейді «Абыз ана».

Қазуға бұған дейін Арыстан бабтың, Үкаша атаның және  Қожа Ахмет Яссауидің алдынан өтіп, рұқсат сұрадық дейді емші.

— Қазу жұмыстары кезінде аян арқылы көптеген белгілер көрінді. Табанның таңбасы, арабша жазулар, 16 деген белгілер кездесті. Бабаның жыланы да шықты. 1027 деген белгінің құпиясы әлі ашылған жоқ, — дейді Гүлжанар Алтынбекова. — Ақыр аяғында Шыңғыс ханның моласына 30 сантиметр қалды деген белгі келді. Аян бойынша бабамыз бұл жерге атымен бірге жерленген. 
Ал қорым басына жиі келіп күзетіп тұратын емші Махметкәрім Шанасовтың түсіне енген Шыңғыс хан қайда жатқанын сурет арқылы белгі беріп отырған. Ол белгілер қазып жатқан үңгірден, ағаштан, тастан, тіпті емшінің үстіне де бейнеленіпті. Онда адамның басынан бастап, арыстан, жылан, жылқы, иттің суреттері көрінген. Қария сөзіне көпшілік сенбейтінін айтып, кекетіп-мұқататындардың барын жасырмады. 

— Жасымыз келген соң құранға, асқа шақырып не болып жатқанын сұрайды. Айтқандарымызға сенбей күлетіндер көп. Мейлі, ешкімге күлме демейміз. Біз бабаның айтқанын орындап жатырмыз. Жақында жетінші адамға осы қазып жатқан жеріміз туралы аян келіпті. Мен жоқта үйіме бір әйел іздеп келіп, келінімнен баба қазып жатқан жерді көрсет деп сұрады. Ол әйел біздің қалада тұрмайтын көрінеді. Өтірік болса, осыншама адамның бәрі қайдан шығарып жүр? Шыңғыс хан баба жатқан жерге көз тіккендер де аз болмады. Ондағы байлықты алуды көздегендердің алды қайтыс болды. Ал біреуі жақында қатты науқастанып төсек тартып қалды. Бәрі бізге әмір беріп, қолымыздағыны тартып алмақшы болды. Біз бабаны шығарып қайта жерлеуге барымызды салып жүрміз. Бес белгі берген. Соңғы көрген түсімде баба жатқан қорым жанында 500-ден көп атты әскерді көрдім. Ал Гүлжанар болса, 40 литр су мен 25 метр ақ мата көрген. Бұл жақын күндері өз миссиямыз аяқталады деген сөз, — дейді ақсақал.

Тылсым әлеммен байланыс орнатқандар жуырда бір жаңалықтың боларын асыға күтіп жүр. Тіпті, олардың айтуынша, сол «оба» маңынан  әлем назарын аударатын алып мұражай салынады. Онда бес жұлдызды қонақ үй түсіп, «Шыңғыс ханның қабірін» көруге шетелден  туристер ағылып келмек.

[:]