[:kz]
«Қытайдан көшіп келіп, Семей жаққа қоныстанған қандасымызға жиенім қызын ұзатты да, көп ұзатпай қылауы бұзылмаған құдаларын сән-салтанатымен құдалыққа шақырды. Дастархан басында жасы жетпісті алқымдаған үлкен құдамен табақтас болып қалдым.
Құдалық енді қыза бастағанда қызмет көрсетіп жүрген жігіттер ішке табақ тартатын болды. Алдымен қара қазанда былқып піскен қойдың басын алып кірді. Осы тұста жанымда отырған құда әлденеге көңілі толмағандай болып, басын шайқап қалды. Ал бас ортада отырған, жасы 70-тен асқан ауыл қариясының алдына барды. Бұл тұста да сыйлы қонағым келіспеген кейіп танытты. Қарт кісі болса, бастың шекесінен тіліп алып дәм татты да, ескі әдетпен оны жанында отырған кісіге ұзатты. «Ойпырай, ә…» – деп күрсініс білдірді төзімі таусылған қонақ. Сосын мен де шыдай алмадым. «Құдеке, бірдеңеге көңіліңіз толмай отырған сияқтысыз ғой?» – дедім. «Оның рас, – деді ол. – Ана баланың басты тұмсығын есіктен теріс қарата кіргізгені ұнамады. Сосын сыйлы асты келген мейманға ұсынбай, ауылдарыңызда күнде бас мүжіп жүрген ана замандасымның алдына қойғаны да дұрыс болмады.
Басты менің ғана мүжуім керек деген сөзім емес бұл. Өзің ойлап қарашы, мына мал кімнің құрметіне бауыздалды? Сыйлы мейманға арнап соймадыңдар ма? Ендеше, жасы кіші болса да бас осындағы ерекше күтіліп жатқан ең қадірлі мейманға ұсынылуы тиіс еді.
Екіншіден, басқа бата сұралған жоқ.
Білмесеңдер, айтайын: Бас ұстаған адам алдымен оң жақ езуін кесіп алып, осы үйдің ырысы басқа жаққа кетпесін деп табақтың ернеуіне қояды. Екінші езуін өзі жейді. Құлағын кесіп, құйма құлақ болсын деп осы үйдегі ең кішкентай баланың алдына лақтырады. Екінші құлағын кеспейтіні – айтылған сөз бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кетпесін дегені.
Қадірлі дәмге пышақты бір тигізіп алып, көршісіне ұзату дұрыс емес. Өзі турап, осындағы адамдардың бәріне ауыз тигізуі тиіс. Әрқайсысы жекелеп жесе, басымыз қосылмай қала ма деп қауіп қылған. Басымыз түгел болсын, берекеміз бұзылмасын деген ырым.
Шүйде етін дастархандағы елге тіреу болып жүрген ең беделді адамға, тілін – шешен адамға, таңдайын – өнерпаз жанға, не болмаса, бұрымды қызға ұсынған. Бір-біріне алакөз болып қалмасын деп екі көзін бір ғана адамның жегені де дұрыс.
Дым көрмегендей сүйекті жалаңдап мүжімей, бір бөлігін алып қалған дұрыс. Оны кейін қонақтар кеткен соң үй иесі мал-жаным аман болсын деп өзі жейді».
Осы тұста сөзін бөліп: «Біз жақта әкесі тірі адам бас мүжімейді деген тәмсіл бар, бұған не дейсіз?» – деп қалдым. «Әкесі тірі адамның бас мүжімейтіні рас. Асыраушымыздан айырылып қаламыз деп ырымдаған», – деді ол кісі.
Ал сіз қалай ойлайсыз? Бас мүжіп отырған жоқ па едіңіз? Әлде бас ұстауға қатысты өз дәстүріңіз бар ма? Бөлісіңіз».
…Бекжігіт Сердалының қозғаған мәселесіне қатысты аз ғана уақыттың ішінде 200-ден астам адам өз пікірін білдірді. Солардың бірқатары төмендегідей.
Әділ Заманұлы: Беке, мынауыңыз – жақсы жазылған дүние. Алайда осы бас туралы әр адам әртүрлі пікір айтады. Содан соң Қазақстанның төрт тарабында түрлі дәстүр бар, бас жеудің де салт-дәстүрі сонша көп. Қайсысын ұстанарымызды білмейміз.
Мәселен, дәл қазір бір жерге барсақ, алдымызға бас тартса, тура жаңағы адам сияқты бір шетін кесіп ауыз тиеміз де, жағалатып жібере саламыз. Құлағын кесіп анау адамға, көзін мынау адамға үлестіріп отырмаймыз. Шындығы сол ғой.
Айсұлу Бекжанқызы: Дұрыс екен. Себебі салт-дәстүр бойынша бас – қонақтың асы. Жыл өткен сайын ұмытылып бара жатыр. Бұған ұсақ-түйек деп қарайтындар түсініп алса, жақсы.
Асылхан Терлікбаев: Қонаққа бас тартардан бұрын оны әкеліп тұрған кісі бата сұрауы тиіс. Басты маңдайын тіліп қояды, келген құданың маңдайы ашық болсын деп. Мына қарияның айтқанының бәрі орынды, дұрыс айтады.
Ержан Түсіпбаев: Бас ұстатса, мипалау жасамаушы ма еді? Ұсақтау етіп турап, құйрық пен бауыр қосып. Сосын жағалай алдырады. Бізде солай.
Sem Kabdіrson: Менің білетінім – жақ құдағайға тартылады. Сондықтан тіл жақпен бірге болады. Құдалықта сыйлы құдаға не қонаққа бас тартылғанда оның жартысы ғана желінуі керек. Жартысы үй иесіне қалдырылады.
Ал қонақ күткенде бас түгел мүжіліп, барлық қонаққа үлестіріледі.
Serjan Sagat: Басты қадірлеген, үлкен адамнан табақты көтеріп тұрып: «Әумин!» – деп бата сұрайды. Бата жасаған адам оң жақ езуінен кесіп, жоғарыда айтылғандай құлағын кесіп балаға беріп, басты толық мүжімей, үй азаматына ұстатады.
Ал кейбіреулер дым көрмегендей, басты мүжіп тастайды. Жасы үлкендерден осындай ерсі қылықтар байқалады.
Біліп жүрген дұрыс.
Жадыра Тасмағанбет: Керемет! Осының бәрін бала кезімізде көріп өстік. Басты дастарханға дәл солай тартқан. Маған таңдай лақтыратын қолға.
Қазіргі заманда бас тарту өнерін жоғалтқан.
«Қызыләскер» орта мектебі» КММ: Мәди Бәпиұлының басты алып, дастархан басындағыларға үлестіргенін ертеректе оқыған едім. Сонда «Құлағың елдің мұңына түрік болсын!» деп құлақты бір жігітке, «Елдің жүгін көтерер шүйдең мықты болсын!» деп – шүйдесін, «Елдің жоғын жоқтай жүр!» деп – таңдайын, «Алыстағыны шалатын көреген бол!» деп көзін әркімге бөліп беретін еді.
Жалпы, бастың мүшелерін бөліп беру – өнер. Қай мүшесін қандай тілекпен, мағынамен беру сол басты ұстаған кісінің тапқырлығы мен шешендігіне байланысты ма деймін.
Нұрзипа Бердиева: Біздің жақта бас сыйлы қонаққа асылады. Маңдайын қасқалап, қасына бір сирағын қосып, сыйлы немесе жасы ең үлкен адамға тартады.
Ізбасар Отар: Басты қасқалап тіліп, ер адам тұмсығын алға қаратып сыйлы қонаққа, құдаға ұсынады. Қасына сирақ қосып тарту – қазақта жоқ дәстүр. Бастың қасына, егер сыйлы адам құда болса, жамбас қосып тартылады. Бір құлағын кесіп алып қалу – сол шаңырақтың ырысы басқаға кетпесін деген ниеттен енген дәстүр. Оңтүстік өңірде әлі бар, ал батыс өңірде қолданбайды. Ұлы жүзде, Орта жүзде қонаққа сойылатын малға бата сұрау дәстүрі, етті қонаққа турату салты әлі бар, ал батыста ондайды қолданбайды. Әр өңірдің осындай айырмашылықтары бар.
Бақыт Тілеубаев: Жақсы, жұмсақ болып піскен бастың толық құйқасы, көзі, таңдайы, еті, тағы басқа – бәрін ұсақтап турап, миын алып, араластырып, кішкене құйрық майдан турап қосып, мипалау жасап, дастархан басында отырған барлық адамға ауыз тигізген дұрыс. Өзім солай жасаймын.
Жалпы, сыйлы адамдарға баспен бірге жамбас қоса тартылады.
Shalkar Oralbek: Алып-қосарым: Шекеге бір тістем ет қояды. Басты дастарханға қойғаннан кейін үй иесінің баласы етті алып, өзі бірінші ауыз тиеді.
Сайын Шарағат: Маңғыстауда басқа бата бермейді. Құрметті қонағына сойылатын малға да бата бермейді. Ас желініп, сорпа ішіліп болған соң ас қайырылып, аят оқылады.
Басты ұстау тәртібі жобаға келеді ақсақалдың.
Абат Есмұрзин: Бұл ақсақал дұрыс айтып отыр. Атырауда басты сыйлы қонаққа ұсынады. Бас адамдардың ішінде құда болса, ол жас болса да сол кісіге, не болмаса алыстан келген сыйлы қонаққа немесе ауылдың үлкеніне тартылады. Бірақ келтірілген басқа бата бермейді. Ас желініп болғасын бас ұстаған адам ас қайырып, бата-тілек айтады.
Бізде басты екіге айырып, жақты әйел адамға ұсынады, ол кісі тілімен қосып турайды да, үлестіреді. Кейде басты ұстаған адам жартысын үлестіреді де, жартысын үй иесіне береді. Бірақ екі ұстаушы да екі көзді екі кісіге жолдайды. Екі құлақты да солай етеді.
Маржан Нұр: Көзді шалдар алакөз болмайық деп өздері жеп алады. Ал менің әкем бастың екі көзіндей болып жүрейік деп екі адамға береді.
Рая Исаева: Осындай тәрбиелік мәні барды білгендер білмегендерге айтып отырса, қандай жақсы! Қазір кітап оқитындар аз, ақыл айтып отыратын үлкен кісілер де санаулы қалды. Салт-дәстүрді ұмытып барамыз.
Кейбіреулер басты бұзбай, бітеудей асады екен. Дастархан үстінде аузынан шөп түскенін де көргенбіз. Білгенімізді жастарға айтып отырсақ, артық болмайды.
Бәтима Жұмағұл: Өте дұрыс айтқан ол кісі. Тек қосарым: Екі көзді екі адам жеп, бір-біріне көз қырын салып жүрсін деп айтушы еді әкем мен шешем марқұм. Қалғаны өте дұрыс айтылған екен.
Дөненбай Аманиязов: Батыста, оңтүстікте бастың тісін қағып алып тастайды. Ал шығыс пен Алматы облысында олай емес.
Клара Нұрпейісова: Құда шақырып отырса, басты құдаға тартады. Бастың бір шекесін турап, екінші жағын қалдырады да, туралған құйқадан жағалай ауыз тигізеді. Содан кейін ғана жамбасқа кезек келеді. Егер құдасы қасына өзінен жасы үлкен адам ерткен болса, басты оған өзі ұсынады. Көзді бір адамның жегені дұрыс саналады.
Айгүл Қалиева: Біздің жақта қойдың маңдайын төртке тіледі, төрт құбыласы тең болсын деп. Маңдайына бір тілік май қояды, оны басты әкелген адамға асатады.
Балтабек Сейдахмет: Әр өңірдің ерекшеліктері болады, әрине. Алыстау бір жерге құдалыққа барғанда байқадық, басты ауыз тигесін алып кетеді екен.
Бізде бас ұстаған адам тәрелкеге миына дейін турап салады да: «Ауыз тиіңіздер», – деп жағалатып жібереді. Сонда отырғандардың барлығы ауыз тиеді бастан.
Мейрамбек Алдиев: Бас тарту жөнінде қонақ тура айтып отыр. Осыны «біз жақта анандай», «бізде мынандай» дегізбей, қазақтың бас тарту ережесіне кіргізіп қойса, шіркін!
«Замана».
[:]