Атышулы «Қорғас ісі» бойынша Алматының іргесінде өтіп жатқан сот отырысы аяқталуға жақын.Күні кеше сот үрдісіне қатысатын тараптарға сөз беріліп, пікірсайыстар кезеңі басталды. Енді аз уақыттан кейін осы іске төрағалық етіп отырған судья Советхан СӘКЕНОВ айыпталушыларға қатысты үкімін оқуға кіріседі, деп күтілуде.
Соттың үкімі қандай болса да, ол үкімге қатысты талап-шағымдардың аз болмайтыны анық. Бұған дейін айыпталушылар қатарындағы ірі фигуранттардың бірі, Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек АРТЫҚБАЕВ сөз алып, айыптаушы тарап келтірген дәйек пен дәлелдердің күмәнді тұстарын жіпке тізіп, тергеу барысында алынған айғақтардың ішіндегі көптеген сәйкессіздіктерге сот назарын аударуға тырысты. Айта кетсек, прокурорлар сот төрағасынан Артықбаевты 13 жылға, ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері Қайырбаев пен Отарбаевты 12 жылдық мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
Куәгерге кім сенеді?
Айыпталушы ретінде жалпы саны 45 адам (19 адамға іздеу салынған), 600 куәгер мен 600-ден астам бейнежазба, 50 адвокат, 38 қорғаушы қатысып отырған, өзі 1500 томды құрайтын қылмыстық істің мәніне үңілсек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары шенді қызметкерлері бастаған қылмыстық топ кеден қызметкерлерімен ауыз жаласып, «Қорғас», «Қалжат» және «Достық» кеден бекеттері арқылы көрші елден жүк көліктерін заңсыз өткізіп келген. Сондай-ақ, прокурорлардың мәлімдеуінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері кеден бекетінде контрабандамен айналысатын өзге қылмыстық топтардың, былайша айтқанда «нарықтағы бәсекелестерінің» көзін жойып келген. Алайда адвокаттардың айтуынша, прокуратура әлі күнге дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен кеден қызметкерлерінің өзара байланыс жасап, сөйлескеніне қатысты ешқандай дәлел ұсына алмады. Тіпті кейбір айыпталушылардың қамауға алынуының өзі негізсіз болғаны айтылуда.
«Қорғас ісіне» қатысты тергеу іс-амалдарының өзі ең күрделі, ең ауқымды және ең шығыны мол шара ретінде тәуелсіз елдің тарихына еніп отыр. Осы іске байланысты БАҚ беттерінде жарияланған әрбір ақпарат өз бетінше адам шошырлық болса, барлығын біріктіріп қарастырғанда да көңілді күпті етпей қоймайды. Тергеу барысындағы «асыра сілтеушіліктердің» шектен шыққан кейбір деректеріне тоқтала кетсек, қаржы полициясының әу баста жүргізген тергеуі басырында кеденде брокер болып қызмет ететін екі қыздың зорланғаны БАҚ бетінде жарияланған.
Тергеу абақтысында «Алатау Кедендік рәсімдеу орталығының» бұрынғы бастығы, қазір айыпталушылардың арасында отырған Михаил ВОЙТОВИЧ денесінің сау жері қалмай соққыға ұшыраған. Тергеушілер Войтовичтен өзінің сол кездегі тікелей бастығы, Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаевқа қарсы жалған жауап алуға тырысқан. «Қорғас» кеденінің бастығы Ерлан Абдрахманов тергеу аяқталмай жатып белгісіз жағдайға қайтыс болды. Тағы бір кеден қызметкері Медет Жамашев өз үйінің жанында белгісіз біреулердің соққысына жығылып, соның салдарынан көз жұмды. Өзіне қарсы жасалған қатты психологиялық қысымға шыдамай, «Қалжат» кеден бекетінің қызметкері Нұрлан Ғабдуллин өзіне өзі қол жұмсап, бақилық болды. Оның артында балалары жетім қалды. Бұл көпшілікке жария болып, баспасөз беттерінде жарияланып үлгерген былықтардың бір пұшпағы ғана болуы мүмкін, тергеу барысындағы белден басудың құрбандары мұнымен де шектелмеуі әбден кәдік. Айыпталушылардың қорғаушылары барлығы бірауыздан куәгерлердің көпшілігіне тергеу органдары тарапынан қасым жасалғанын мәлімдеген.
Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев сотпен алғашқы тілдескен кезінде-ақ «Өзіме тағылған айыптаулармен келіспеймін, барлық айыпты толығымен мойындамаймын!» деп үзілді-кесілді мәлімдеме жасаған еді. Құрманбек Артықбаевтың айтуынша, оған тағылған айыптардың көпшілігі тергеу барысында асығыс тіркелген шала-шарпы деректерге негізделеді. Куәгерлердің нақты сөздері мен шынайы дәйек-дәлел бола алатын айғақтар жоқ.
Мәселен, «Даму» уақытша сақтау қоймасында жұмыс істеген тағы бір айыпталушы – Мерейжан Баймұрзин соттың «кеден қызметкерлері кейбір жүк көліктерін кезекке тұрғызбай, жылдам өткізіп отырды ма, жүкті тезірек тексеру үшін кеден қызметкерлері ақша алды ма?» деген сұрақтарға «жоқ» деп жауап берді. Сонымен қатар, ол куәгерлердің көптеген жауаптары шындыққа сай емес екенін, оларға тергеу барысында қысым жасалуы мүмкін екенін жеткізген. Куәгерлердің сөзіне сенбей отырған жалғыз ол емес, олардың қатарында Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев та, «Қорғас» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Бақытжан Айдаров та бар.
Айыптау көп, дәлелдеу аз
Сәуірдің 1-і күні сот барысында тараптарға сөз берілді. Бұл күлкі мен қалжың күні болса да, сот үрдісінің қатысушылары үшін әдеттегідей күлуге себеп болған жоқ. Сөз алған адвокат Ашурбек Ашурбеков ҚР Қылмыстық кодексінің 209-шы бабы, экономикалық контрабандаға қатысты айыпталып отырған «Алатау Кедендік рәсімдеу орталығының» бұрынғы басшысы Михаил Войтович пен Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің бұрынғы бөлім бастығы Азамат АППАРОВтың осы бапқа қатысты қылмысы толық дәлелденбегенін, айыптаушылар тарапы ұсынған бірқатар дәлелдерді қабылдау мүмкін емес екенін айтты.
Ашурбековтың сөзінше, тергеу барысында контрабандалық жолмен шекарадан өткізілген тауарлардың нақты атаулары анықталған жоқ, олардың қандай тауар екені белгісіз. Кедендік шекарадан өткен, бірақ декларацияланбаған тауарлардың нақты кедендік құны анықталмаған. Мұның өзі ҚР Қылмыстық кодексінің 209-шы бабында көзделген қылмыстың мүлдем дәлелденбегенін көрсетеді.
Куәгер Махатов пен куәгер Жұмабеков Михаил Войтовичті танымайтын болып шықты, ол туралы тек Б.Отарбаевтан естіген екен. Ал Отарбаев сот отырысы кезінде Войтовичті танымайтынын, «Алатау» Кедендік рәсімдеу орталығының жұмысы жайында ештеңе білмейтінін мәлімдеген екен. Жұмабеков пен Махатовқа Войтович жайында ештеңе айтпағанын да жеткізген. Осындай уәждерін ұсынған адвокат Ашурбеков судьядан Войтович пен Аппаровтың ақталып шығуын сұрайды.
Сонымен қатар, «Қорғас ісі» бойынша тергеу абақтысына қамалғандарды «контрабандамен айналысты» деп айыптап отырған мемлекеттік айыптаушылар өзінің заңдық күшін 2011 жылғы сәуірдің 21-і күні жойған ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына жүгінгенге ұқсайды екен. Құжаттың одан кейінгі редакциясында қазіргі айыптаушылар тарапы қолданып отырған сөздер жойылған көрінеді.
P.S. Айтпақшы, сот отырысындағы сөз таластыру барысында бізге белгілі болған елеулі жайттердің бірі – кедендік шекара бойынша бізбен одақтас мемлекетттер контрабандаға қатысты қылмыстық әрекеттерді нақты айқындап, оларды әкімшілік санатқа ауыстырған. Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы және Қазақстан Республикасының арасындағы 2011 жылдың 30 желтоқсанында өз күшіне енген Келісімінінің 3 бабы, 2 тармағына сәйкес, кедендік одақтың кедендік заңнамаларының бұзылуына қатысты әрбір тарап мұндай қылмыстарға қатысты ортақ түсініктерін бірдей етіп айқындап алуы тиіс болған. 2010-11 жылдары Ресей мен Беларусь мұндай қылмыстарды әкімшілік қылмыстар санатына ауыстырса, біз әлі де ауыстырған жоқпыз. Нәтижесінде Қазақстан аумағында кедендік заңнаманы бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінетін ешбір кәсіпкер кедендік рәсімдеуді біздің елде жасатпайды. Кеден одағының аумағына келетін тауардың дені РФ мен Беларусь Республикасына жеткізіледі, біздің еліміз тек транзитке ғана қарап қалуға мәжбүр.
Айдын ҚАЙНАР,