[:kz]
Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 3 мамырда «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп айыпталған Талғат Данияровқа 20 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 50 500 теңге) көлемінде айыппұл салған. Сот жауапкердің бес баланы тәрбиелеп отырғанын ескеріп, айыппұл сомасын 30 пайызға қысқартқан. Осылайша айыппұл көлемі 30 350 теңгені құраған.
Данияров сот процесінде шешіммен келіспейтінін айтып, бірақ апелляцияға шағым түсірмейтінін де жеткізген. Көп балалы әке айыппұл төлеуге шамасы жетпейтінін де айтқан.
Бұған дейін Данияров Азаттық тілшісіне 1 мамыр күнгі наразылық кезінде полицияның өзіне күш қолданғанын, резеңке таяқпен ұрғанын айтқан. Ал бұған қатысты Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшылығы «полицияның күш қолданғаны туралы видео көрсетіңдер» деп айтқан.
Полиция резеңке таяқ қолданды ма?
1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев біздің президент емес!», «Дариға спикер емес!», «Нұр-Сұлтан астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңыздар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп айқайлады.
Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Алайда жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек жоқ. 2 мамырдан бері наразылыққа шыққан азаматтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр.
Азаттық анықтай алған дерек бойынша 1 мамыр күні Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы наразылық кезінде ұсталып, әкімшілік жазаға тартылғандар:
- Тұрсынкүл Жоланова (Алматы) — 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
- Құрбанбек Шоланұлы (Алматы) — 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
- Жазира Демеуова (Алматы) — 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
- Ермекбол Тілеухан (Нұр-Сұлтан) – 10 күнге қамалды;
- Бибігүл Тұяқова (Нұр-Сұлтан) – 40 АЕК көлемінде айыппұл салынды;
- Алтынбек Орынтайұлы (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
- Әлімжан Ізбасаров (Нұр-Сұлтан) – 5 күнге қамалды;
- Құдайғашүкір Абдуллаев (Алматы) – 10 күнге қамалды;
- Исламжан Темірғали (Алматы) – 10 күнге қамалды.
- Талғат Данияров (Нұр-Сұлтан) — 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Әкімшілік жазаға тартылғандар саны бұдан да көп болуы ықтимал.
[:]