[:kz]
Алматыдағы ірі супермаркеттердің бірінде жұмыс істейтін бойжеткен халықтың ашкөздігін сынға алып, елді бір-біріне мейірімді болуға шақырды. Аружанның (аты өзгертілді) айтуынша, қаладағы азық-түлікке таласқан жұрттың әрекеті жаға ұстатады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Біз жұмыс істеп, қоймадағы тағамдарды дүкен сөресіне әкеліп үлгере алмай жатырмыз. Төтенше жағдай жарияланғалы бері дүкендердің саудасы жүруде. Осы азғантай күннің ішінде үш-төрт айда сатылатын азық-түлік өтіп кетті», — дейді Аружан.
Ал Алматы қаласында карантин орнатылатыны белгілі болған соң халық қайтадан жаппай тамақ ала бастаған.
«Кеше кешкі сағат алтыдан бастап супермаркетте аяқ алып жүру мүмкін болмады. Тұрғындардың әрқайсысы 100 мыңның тамағын әкетуде. Мен қоймадағы заттарды сөреге апарып үлгермеймін. Арбадағы заттарды көре сала, халық сол жерден «талап» алып кетеді. Макарон өнімдеріне сұраныс өте жоғары, тіпті, роллтон лапшаларын да алып жатыр.
Меніңше, адамдардың бұл әрекеті дұрыс емес. Біріншіден, азық-түлік жеткілікті. Екіншіден , бұл — бірнеше күнге созылатын карантин, ақырзаман емес. Үшіншіден, билік өкілдері азық-түліктің жеткілікті екенін хабарлап жатыр. Төртіншіден, тек өз басын ойлап, өлмеудің амалын жасаған ұят сияқты. Мұндай кезде бірлікте болып, басқаларды да ойлаған жөн», — дейді бойжеткен.
Еске сала кетсек, бүгін оңтүстік астана әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Алматыда азық-түлік тауарларына тапшылық болмайтынын, сондай-ақ әкімдіктің әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы көтерілмейтінін хабарлады.
[:]