[:kz]
Адамның қартайған шағында тісі құрып, әлсірейді. Соның салдарынан әрі жұмсақ, әрі жеңіл тамақтарға көшіп жатады. Ал пәкістандық бір қария жұртшылықты өзінің тасқа деген ерекше тәбетімен таңғалдыруда. 65 жастағы Ликвиат Пәкістанның Мардан қаласында тұрады. Ол 53 жасынан бастап тамақтың орнына тас жеуді доғара алмай келеді. Қария тас атаулыны кішкентай бөлшектерге бөледі де, аузына салып, әдеттегі тамақ секілді шайнап жұта береді. Ол бір күнде шамамен 150 грамм тас жейді. Дегенмен қарт кісінің ас қорыту жүйесі мен тістері әлі күнге дейін толықтай сау екен.
АСПАН ДЕНЕЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС
«Америка ғалымдары Жер мен Марс соқтығысуы мүмкін» деген тұжырым жасауда. Зерттеушілер бұған Марстың өз орбитасынан ауытқуы себеп болуы ықтимал екенін айтады. Алайда алаңдауға әлі ерте сияқты, ғалымдар болжамның шындыққа айналатын мезгіліне шамамен миллиард жыл бар екенін мәлімдеуде.
Бұл тұспал Висконсиндағы Мэдисон университетінің сайтында жарияланды. Ғалымдар Солтүстік Америкадағы Колорадо шатқалдарының қатпары мен қабаттарын зерттей келе, «Күн жүйесінің ретсіздігі» теориясына дәлел тапқан көрінеді.
Осы теорияға сүйене отырып, ғалымдар «аспан денелері арасында қақтығыс болуы мүмкін» деген болжам жасап отыр. Таяу болашақта Күн жүйесінің жұмысы қалыпты болғанымен, миллиардтаған жылдардан кейін Марс орбитасынан ауытқуы мүмкін деседі.
Міне, сол кезде оның Жермен соқтығысып қалу қаупі зор екен. Осылайша ғалымдар «ғаламшарлар квазипериодтық орбитада айналып жүреді» деген ғылымдағы қалыптасқан теорияны жоққа шығаруда.
100 ЖЫЛДАҒЫ ЕҢ СУЫҚ ҚЫС
Британия ғалымдары биылғы қыстың соңғы 100 жылдағы ең суық қыс болатынын мәлімдеді. Мамандар Жердің Күн белсенділігі азаятын жаңа климаттық циклге кіргенін болжап отыр. Мұндай құбылыс соңғы рет 1950 жылдары байқалған.
Климатолог мамандар Еуропа тұрғындарына қазірден бастап жылы киімдерін қамдауға кеңес беруде. Өйткені қазан айының ортасына таман кәрі құрлықта рекордтық дәрежедегі төмен температура байқалады. Мамандар Еуропадағы күн райының «салқыны» бізге де жетуі мүмкін екенін жазады. Әйтсе де «қыстың қамын жазда ойлағандар» суық-
тан сескенбесі анық.
ҒАЙЫПТАН ТАЙЫП… ЖАНАРТАУЛАР «ОЯНЫП» КЕТСЕ
Ғалымдар жаһандық жанартаулардың атқылауы астероидтарға қарағанда әлдеқайда зор апаттарға әкеп соқтыратынын ескертуде.Болашақта алып жанартаулардың атқылауынан Жер бетінде астық өнімділігі күрт азайып, ол миллиондаған адамның аштан қырылуына ықпал етеді-мыс. Бұған қоса, атқылаған жанартау атаулы қысты көрмейтін құрлықтарда суықтың түсуіне себеп болмақшы. NASA мамандары осындай болжам жасауда.
Қазір «ұйқыдағы» 20 алып жанартаудың бірі атқылағанның өзінде, адамзатқа алапат зиян келеді екен. Ал ең қауіпті алапат ретінде ғалымдар АҚШ-тың Вайоминг штатындағы Йеллоустон жанартауын атайды. Бірақ мұндай алып жанартаулардың ешқайсысы жақын жүзжылдықтарда «ояна» қоймайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының таратқан ақпаратына қарағанда, Америка ұлттық ғарыш агенттігі супержанартаулардың қатерін жою бойынша бірнеше жоспар жасап шыққан. Оның мәні күрделі техникалық және технологиялық қимылдар алгоритмінде деседі. Сондай нұсқалардың бірі – жанартауды «салқындату» үшін ірі мөлшерде су бөлу жоспары қолға алынуы мүмкін.
[:]