АЛТЫНОРДА
Қоғам

[:kz]Танымал блогер Дәулет Мұқаев Африкадағы сусыз отырған халыққа су тартып берді[:]

[:kz]

 

Танымал блогер Дәулет Мұқаевтың қоры Африкадағы Гамбия халқына су тартып беруге көмектесті. Жұмыстың қалай орындалғанын блогер Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Блогердің айтуынша, қор өкілдері суға зар болып отырған африкалықтарды Айнұр Тұрсынбаева арқылы тапқан. 

 

“Африкадағы жаһандық мәселелердің бірі – ауыз судың жетіспеушілігі. Осы себепті жұқпалы аурулардың 80%-ы үшінші әлем елдерінің үлесіне тиеді. Су — тіршілік көзі. Біздің елде қаншама жан суды ысырап етеді. Кранды жаппайды, шелектеп төгеді. Африкадағы Гамбия елінде жағдайы төмен мұсылман халқы тұрады. Суы жоқ. Айнұр Тұрсынбаеваға Африкадан көмек сұрап хат жазғандар болды. Маған нақты осындай мемлекет бары айтылып, көмектесуге ұсыныс жасалды. Біз қабыл алдық.  Қайырымдылықты жасамас бұрын Айнұр ханымның командасындағылар алдын ала ақпаратты тексеріп алды. Бірінші кезекте сенім болды. Осылайша біздің қор бір елді мекенге су шығарып берсе, Айнұр ханымның қоры басқа бір елді мекенге су шығарып берді. Ақшаны аудардық. Нәтижесін фото-видеомен жіберді”, – дейді блогер. 

Қоғам белсендісі қайырымдылық туралы елге жариялап, реквизиттер қойып ақша жинамағандарын айтады.

“Себебі қорда біз айына бір рет қайырымды жұма жасап отырамыз. Одан бөлек жай күндері де адамдар жүз-екі жүз теңгеден ақша аударып жатады. Оның ішінде өзім де бармын. Әрбір жұма сайын өз қорыма қайырымдылық жасап отырамын. Бұл жерде құдық қазуға шамамен 1000 доллар көлемінде  ақша жұмсалды”, – дейді ол. 

Сондай-ақ блогер бұл әрекетіне сын айтқандарға жауап берді. 

“Біткен іске сыншы көп болады ғой. Тіпті, Қазақстаннан үй алып берсек де сынайтын адамдар кездеседі. Барлығына бірдей жағу мүмкін емес. Бірақ адам болғаннан кейін, жер басып жүргеннен кейін, мұсылман болғаннан кейін су таппай отырған адамдарға көмектесу – біздің азаматтық парызымыз деп ойлаймын. Себебі осы жасалған істен кейін қаншама адам судың қадірін түсіне бастады. Мың пікір жазылса, соның үш-төртеуі ғана жағымсыз болған шығар. Қалғанының бәрі жақсы сөздер жазған. Сол себепті жақсы нәрселерді көре біліп, шүкіршілік ете білу керекпіз. Құрлық бойынша су таппай отырған, судың зардабын шегіп отырған 230 миллион адам бар. Өлім аузында тұрған халыққа неге көмектеспеске? Оның ішінде тең жартысы балалар”, – дейді Дәулет Мұқаев. 

Айта кетсек, «Dauletten қайырымдылық қоры» –  блогер, қоғам белсендісі, экономист Дәулет Төлеутайұлының бастамасымен 2020 жылы 14 мамыр күні құрылды.

Қор жұмысының басты мақсаты — әлеуметтік санаттағы мұқтаж жандарға білім және баспана бағытында көмек көрсету. Сондай-ақ ұйым ауырған жандарға, мұқтаж жандарға азық-түлік, материалдық жәрдемдесіп отырады. 

 

[:]