АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Таразда жасөспірім қыздың зорлануы: Мектеп директоры мен үш қызметкер жұмыстан қуылды[:]

[:kz]

Жамбыл облыстық білім басқармасы мектеп аумағында кәмелеттік жасқа толмаған қыздың зорлану оқиғасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

 
 
Көрнекі фото: zakon.kz

Көрнекі фото: zakon.kz

 

Жамбыл облыстық полиция департаменті Таразда мектеп оқушысының зорлану фактісіне байланысты Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі және 121-бабы 4-бөлімі бойынша сот алды тергеу жұмыстарын бастады.

Ал мектепте ата-аналар жергілікті билік пен облыстық білім басқармасы өкілдерімен кездесу өткен.»Мектеп директоры, директордың құқықтық тәрбие бойынша орынбасары, мұғалім мен вахтер жұмыстан қуылды. Мектепте ғимараттың ішінде де, сыртында да дәретхана бар. Білім беру мекемесі аумағында бейнекамералар жұмыс істеп тұр. Ол уақытта мектептегі дәретхана ашық болған және жұмыс істеп тұрған.

Бейнежазбалардан байқағанымыздай, қыз ғимараттың ішіндегі дәретханаға барған. Бірақ, онда басқа қыздар болған соң ғимараттан шығып, сырттағы дәретханаға бет алған», — деп түсіндірді облыстық білім басқармасы басшысы Рахия Тұрмаханбетова.

Оның сөзінше, қазір мектеп аумағында кезекшілік күшейтілген және қала мектептерін күзет агенттіктеріне беру мәселесі пысықталуда.

«Бүгінде Тараз мектептерінің барлығы қоршаумен қоршалған. Облыс бойынша тек жеті мектепте қоршау жоқ. Дәретханаларға қатысты айтар болсақ, Тараздағы 60 мектептің 52-сінде дәретхана ғимарат ішінде орналасқан. Ал 26 мектепте дәретхана ғимаратта да, сыртта да бар. Мектеп аумағында қосымша бейнебақылау камераларын орнатуды жоспарлап отырмыз», — деді Тұрмаханбетова.

Еске сала кетейік, өткен аптада Таразда мектеп оқушысының зорлануы туралы ақпарат елді дүр сілкіндірді.

12 жастағы қыз сабақ уақытында дәретханаға шығып, сол жерде педофилдің құрбаны болған.

Полицейлер ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ізін суытпай құрықтаған. Оқушыны мектеп дәретханасында зорлаған азаматты анықтауға бейнебақылау камералары көмектескен.

Ұсталған ер адам 38 жастағы үйленбеген, бұрын ұрлық жасағаны үшін істі болған азамат болып шықты. Ол Тараз қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.

 
 

[:]