[:kz]
Алматыда балабақшада қатарластарынан таяқ жеген баланың әкесі барлық мән-жайды өз аузымен айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі“КТК” арнасына сілтеме жасап.
Баласын сабап жатқанын көріп жыларман болған әкесі бір топ баланы тәрбиеші «арандатқан» деп топшылайды.
Өйткені қуып жүріп ұрған ұл-қыздардың өзі түгел тәптіштеп тұрып жайып салған. Қазір осы келеңсіз жайтқа жол берген №58 балабақшаның меңгерушісі мен тәрбиешісі жұмысынан босатылды. Ал төрт жастағы Абылай психологтың көмегіне зәру. Тілшіміз зардап шеккен баланың әкесімен тілдесіп келген еді.
Амангелді Әскенов балабақшада қатарластарынан оңбай таяқ жеген баланың әкесі. Ол тұңғышы көкала қойдай болып үйге келгенде бірден мектепке дейінгі мекемеге барып бейнебақылау камерасын көтерткен. Ең сорақысы, балалардың бірі қалмай ұлын қуып жүріп ұрғанын балабақша ұжымы біле тұра, ешкімге тіс жармауға тырысты дейді жігіт ағасы.
“Балам шошып қалған. Бұл оқиғаны көзге жас алмай айта алмайсың. Көрген адамның өзі жылайды. Мұғалімі бірден айтуы керек еді. Тәрбиешісі көре сала бізге хабарласуы керек еді. Ол телефонын шұқылап отыра берді. Балабақшаның бәрі сондай шу болғанын біледі. Апайдың өзі балаларды үйіне жіберіп жатқанмын дейді. Оның бәрі өтірік. Негізінде ол жиналыста отырған адам. Балаларды тастап кеткен”, – дейді Амангелді Әскенов.
[:]