[:kz]
Түркістан облысында 14 жасар оқушының өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Жасөспірім өткен аптада соңғы хатын қалдырып, асылып өлген болатын. Енді полиция қызметкерлері хатта көрсетілген барлық адамдарды тексеруге көшті. Себебі, өзіне қол салған жас өскін ақырғы хатында өз мектебінің екі мұғалімінен үнемі қорлық пен мазақ көргенін жазып кеткен, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайтыс болған Жәнібек Жүзтайдың үйіне бүгін тағы да келісімге келушілер келіп кетті. Олар мектеп оқушысының ақырғы хатында аты аталған мұғалімдер үшін кешірім сұрап келген. Бірақ, баланың анасы кешірім бермейтін көрінеді. Ал, қара жамылған отбасының кешірімін ала алмаған әйелдер бастары салбырап, үйлеріне көңілсіз қайтты.
Бұл Жүзтай отбасындағы екінші қайғылы жағдай. Қаламқас екі ай бұрын ғана 8 жасар ұлын жер қойнына тапсырған болатын. Ол аурудан қайтыс болды. Ал, өткен аптада Қаламқас жазғы асүйге кірген кезде үлкен ұлының асулы тұрған денесін тапты. Өзіне қол салған оқушы соңғы хатын да сол жерде жазған көрінеді. Онда ол не себепті бұл өмірмен қош айтысуға бел буғанын жазып кеткен.
«Айсұлу Баратова мен Жанар Баратова мені үнемі қорлайды. Мені тәрбиесіз, жетесіз, арамтамақ, жексұрын деп атайды. Соңғы үш жылда анамды да солай атап келді. Анашым, мен үш жыл бойы осы сөздерді естуден шаршадым, өлгім келеді. Мен олардың бізді неге бұлай қорлайтынын білмеймін»,- деген оқушы соңғы хатында.
Сөйтсе, бұл қорлықтың барлығы әкесі қайтыс болғаннан кейін басталған екен. Себебі, оқушы соңғы хатында аты аталған әйелдердің өзінің үнемі жетім екенін үнемі есіне салып, бетіне басып келіпті. Ал, кішкентай бауырының қазасы жайлы тіпті, «сауап болды өлгені» деп келемеждеген көрінеді.
«Олар ақсақалдар мен туыстары арқылы бізден кешірім алғысы келеді. Бірақ, біз мүлде кешірмейміз. Хатта жазылған мәселе не болады, онда бәрі анық жазылған. Енді, олар заңға сәйкес қатаң жауап берсін. Өздері соған лайық»,- дейді Жәнібек Жүзтайдың ағайы Бақыт Қалдыбеков.
Айта кетсек, хатта есімі аталған екі мұғалім де мектеп жүйесінде шамамен 20 жыл жұмысқа жуық жұмыс істеп жүрген апалы-сіңлілер болып шықты. Олардың бірі тарих пәнінің мұғалімі болса, екіншісі – бастауыш сыныптарға береді. Екеуі де мектептегі жұмысын жалғастыруда. Осыған қарасақ, олардың кәсіби қасиеттері, әлі күнге дейін сұрақ туғызбаған көрінеді.
«Қазір тергеу жүргізілуде, сондықтан біз ештеңе айта алмаймыз. Бәрі болған оқиғаға таңғалып отыр. Біз, тіпті не ойлайтынымызды білмейміз. Оқушыда ешқандай пессимизмдік әрекеттер байқалмады. Бала белсенді, спортшы болған»,- дейді Шардара ауылындағы Әлімбетов атындағы мектеп директорының орынбасары Бактыгүл Өтегенова.
[:]