[:kz]
Әлеуметтік желіде Қарағанды облысында жүргізушілерге тас жолдың жабылғаны туралы ескерткен кішкентай полицейдің видеосы пайда болды. 5 жасар баламен тәртіп сақшылары кездесті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция формасын киген баланың видеосында оның жол жиегіне тұрып, Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының көшелерінің біріндегі қозғалысты реттегені көрсетілген. Құқық қорғаушылар кішкентай көлік инспекторын тапқан. Ол даярлық сыныбында оқитын 5 жасар Бағдәулет Ағзамов екен.
Баланың әкесінің сөзінше, 3 жасында-ақ ұлының полиция болсам деген арманы пайда болған. Алайда оның ата-анасы кәсіпкер, құқық қорғау органдарына еш қатысы жоқ екен. 23 наурыз күні Бағдәулетке ата-анасы балаларға арналған форманы сатып әперген. Ол киімді бірден киіп, көшеге шыққан.
Әкесі дүкенде болған кезде балақай қолайсыз ауа райы салдарынан тас жолдардың жабық екенін білген. Бүлдіршін жол жиегіне тұрып, өтіп бара жатқан жолаушыларға боран туралы ескертіпті. Тәртіп сақшылары баламен кездесіп, оны экскурсияға шақырған. Бағдәулетті қызметтік көлікпен Алматы-Екатеринбург тас жолында қызмет атқарып тұрған патрульдік полицейлерге апарған. Содан кейін балақайға полиция бөлімін көрсетіп, естелік ретінде сыйлық ұсынған. «Алдағы уақытта тек сәттілік пен табыс тілеймін! Әрине, сенің полиция қызметкері боламын деген арманың орындалсын», — деді Шет ауданы ПБ бастығы Мадияр Менісов.
[:]