[:kz]
Композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджанов мемлекеттік қызметке келуіне себеп болған оқиға жайлы айтып берді.
Төлеген Мұхамеджановтың айтуынша, сол оқиғадан кейін оған қайырымдылық шарасын өткізу туралы ой келеді.
Америка-Қазақстан кеңесінің мүшелігінде бір танысым бар болатын. Соған хабарласып, қиын жағдайда жүрген адамдарға көмек қолын созсақ деген ұсынысымды айттым. Осылайша, америкалық демеушілер көмегімен бір дастарханға 60 мың адамды отырғыздық. Сол жылы астанамыз Алматыдан Ақмолаға ауысып жатқан болатын. Рәміздерді шығарып салуға арнайы шақырылдым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жүздесудің сәті түсті. Ол кісі қайырымдылық шараға қатысты алғысын білдіріп, халыққа керек адамсың деген еді. Бұл 1997 жылдың қараша айы болатын. Желтоқсан айында ол кісінің қолынан «Парасат» орденін алдым. Аз ғана еңбегім бағаланып, мұндай марапатқа ие боламын деген ой келмепті. Елбасына әркез жанынан табылып, халыққа қызмет ететін сарбазы болатынымды айттым, — дейді ол.
Композитордың айтуынша, көп ұзамай оған мемлекеттік қызметке келу жөнінде ұсыныс түседі.
Осылайша, ойламаған жерден Алматыдан сол кездегі астана — Ақмолаға қоныс аудардым. Жеті жыл қала әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Астанамыз ол кезде енді бой көтеріп жатқан. Ерте кетіп, кеш келетін кездер еді. Иманғали Тасмағамбетов, Қайрат Мәми үшеуіміз бір пәтер жалдап, ас-ауқатымызды кезекпен әзірлеген де кездеріміз болды, — дейді ол.
[:]