[:kz]
18 тамызда Индонезияда Азия ойындар басталады. Олар да, Олимпиадалық ойындар сиқты, бір рет төрт жылда болады. Осы Азиялық ойындарға біздің еліміздің ұлттық командасы қатысады екен.
Тәуелсіздікті алғаннан кейін, Қазақстанда спорт саласы бірден қызу қарқынмен дами бастады: жекелеген спортшылар мен командалар федерацияларға, ассоциациялар мен одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктерде және спорттың әртүрлі түрінен өткен жарыстарға қатысты. 1992 жылғы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы құрамында өнер көрсетті. Ирина Герлиц әйелдер баскетбол құрамасымен Олимпиада алтынын, волейболшылар Елена Чебукина мен Татьяна Меньшова күміс медаль, грек-рим күресінен Дәулет Тұрлыханов, мылтық атудан Владимир Вохмянин қола жүлде ұтып алды. 1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласындағы Қысқы олимпиада ойындарында қазақстандықтар тұңғыш рет өз мемлекеттік туы астында өнер көрсетті. Сол жолы тұңғыш рет Владимир Смирновтың жеңісі құрметіне олимпиада тарихында Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындалды. Біздің көрнекті шаңғышымыз 50 шақырым қашықтықтағы алтын жүлдемен қоса, 10 және 15 шақырымда екі күміс медаль иемденді. Жапонияның Хиросима қаласында 1994 жылдың қазан айында өткізілген Азия ойындары қазақстандық спортшылар үшін жеңіспен аяқталды. Ресми емес командалық есепте біздің құрама 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, төртінші орыннан көрінді. Халықаралық жарыстарға қатысып, жеке және командалық табыстарға кенелген Қазақстанның үздік спортшылары өз елінің мәртебесін абыроймен қорғады. Олардың жеңістері бүкіл әлемнің назарын саясатта ғана емес, сондай-ақ әлемнің спорттық картасында да елеулі орынға көтерілген жаңа тәуелсіз елге аударды.
Қазақстандық спорт шеберлері 1990-шы жылдардың екінші жартысында әлемнің үлкен спорт ареналарында жиі-жиі өнер көрсете бастайды. 1996 жылдың ақпанында біздің спортшылар алғаш рет Харбиндегі III қысқы Азия ойындарына қатысып, бірден үздік нәтиже көрсетті – тек Қытайды ғана алға салып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Қазақстандықтар 14 алтын, 9 күміс және 8 қола медальды ұтып алды. Сол 1996 жылы ұлттық олимпиадалық командасы алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, 199 ел қатысқан спорт додасында жалпыкомандалық есепте 22-ші орынды жеңіп алды. Бұл — спорт әлемінде енді ғана таныла бастаған ел үшін үлкен табыс болатын. Василий Жиров Олимпиада алтынын алып қана қоймай, отандық бокс тарихында тұңғыш рет техникалық шеберлігі ең жоғары боксшыға берілетін Баркер кубогын жеңіп алды. Балуан Юрий Мельниченко мен бессайысшы Александр Парыгин да Атлантадағы жеңістерін тойлап жатты. Нысана көздеу жарысында Сергей Беляев көзге түсті: ол екі күміс медаль жеңіп алды. Бір-бір күміс медальды боксшы Болат Жұмаділов пен ауыр атлет Анатолий Храпатый иеленіп қайтты. Қола медальды боксшылар Ермахан Ибраимов пен Болат Ниязымбетов, балуан Мәулен Мамыров пен мерген Владимир Вохмянин қанжығаларына байлады. 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындары Қазақстан командасына екі қола медаль әкелді. Оларды конькийші Людмила Прокашева мен шаңғышы Владимир Смирнов жеңіп алды. 1998 жылы Бангкокта өткен 41 ел қатысқан XIII жазғы Азия ойындарында Қазақстан жалпы есепте 5-орын алып, 78 медальды жеңіп алды (24 алтын, дәл сонша күміс және 30 қола). Бір жылдан кейін Кангвондағы ІV қысқы Азия ойындарында біз жалпы есепте Қытай мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші орынға қол жеткізіп, түрлі спорт түрлерінен 10 алтын, 8 күміс және 7 қола медальды иелендік. Жас мемлекеттің спорттық жеңістері қазақстандық атлеттердің шеберлігін ғана танытып қойған жоқ, сондай-ақ егемен Қазақстанның спортты дамытуға да үлкен көңіл бөлінетінін көрсетті.
Жоғары деңгейлі спорт жарыстары – саламатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты насихаттайтын ең озық тәжірибенің бірі. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында жалпыұлттық игілікке айналып үлгерген үздік спорттық жетістіктерге қол жеткізді. Спорт саласында табыстарға жетіп қана қоймай, спорт инфрақұрылымдарын дамытуда да алға қадам жасады. ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында Қазақстан спорты өрлеу кезеңін басынан кешірді. Мемлекеттің ұдайы қолдауы мен спортшылардың ынта-жігері жоғары нәтижелердің кепілі болды. 2000 жылы Сиднейде (Австралия) Олимпиялық ойындар өтті. Қазақстан құрама командасы үлкен табысқа жетіп, командалық есепте 199 елдің ішінен 22-орынды иеленді. Қазақстандық үш спортшы – боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов және жеңіл атлет Ольга Шишигина Олимпиада чемпионы атанды. Күміс медальды Мұхтархан Ділдәбеков пен Болат Жұмаділов (бокс), Ислам Байрамуков (еркін күрес), Александр Винокуров (велоспорт) жеңіп алды. Қазақстанның үздік спортшылары 2004 жылы Афинада өткен Олимпиялық ойындарға қатысты. Бақтияр Артаев Олимпиада алтынын алып, дәстүр бойынша ең шебер боксшыға берілетін Баркер кубогын да иеленді. Күміс жүлдені Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр атлетика), Георгий Цурцумия (грек-рим күресі), Геннадий Лалиев (еркін күрес) жеңіп алды. Дмитрий Карпов (онсайыс), Серік Елеуов (бокс), Мхитар Манукян (грек-рим күресі) қола жүлдегер атанды. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиялық ойындар үлкен спорт әлеміндегі маңызды оқиғаға айналды. Қазақстандық спортшылар бұл сында да елімізді жақсы қырынан танытып, 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Қазақстан жалпы есепте 205 мемлекет ішінде 29-орынға тұрақтады. 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында биатлоншы Елена Хрусталева олимпиада күмісін жеңіп алды. 2010 жылы спорттың жазғы олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпионаттарында қазақстандық атлеттер – 11 медаль, Азия чемпионаттарында – 50 медаль, Азия кубоктарында – 6 медаль, Еуразиялық ойындарда 131 медаль еншіледі. Біздің Елбасы үлкен спорттың жалпыұлттық маңызын, сондай-ақ оның халықаралық аренада мемлекеттің лайықты имиджін қалыптастырудағы рөлін нығайтуға үлкен мән береді. Осыған орай, Қазақстан қатысушы ғана емес, ірі спорт жарыстарын ұйымдастырушы да болуы қажет деп шештік. Елбасының бастамасымен 2006 жылы Қазақстан 2011 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Бұл жетістік кездейсоқ емес еді. Өйткені Қазақстан Пусанда (Оңтүстік Корея, 2002 жыл), Аомориде (Жапония, 2003 жыл), Дохада (Катар, 2006 жыл) және Чанчуньда (Қытай , 2007 жыл) өткен Азия ойындарында командалық есеп бойынша абыройлы төртінші орынды тұрақты иеленіп келе жатыр еді. 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматыда өткізілген VII Қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар өте жақсы өнер көрсетіп, 32 алтын, 21 күміс және 17 қола жүлде жеңіп алды. Қазақстан құрамасы алтын жүлде саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын жасады. Бұған дейінгі рекорд Жапонияға тиесілі еді. Алексей Полторанин (шаңғымен жүгіру), Ольга Новикова, Михаил Сорокин (шаңғымен бағдарлау) – төрт-төрттен, Александр Червяков (биатлон) – үш, Николай Чеботько (шаңғымен жүгіру), Юлия Галышева (фристайл), Игорь Закурдаев және Дмитрий Кошкин (тау шаңғысы) екі-екі алтыннан иеленді. Қазақстандық альпинистер де үлкен табыстарға қол жеткізді. 2010 жылы Ерванд Ильинский бастаған Қазақстан командасы әлемде бірінші болып жер шарындағы биіктігі сегіз мың метрден асатын 14 шыңның бәрін бағындырды. Республикада кәсіпқой спорт дамыды, бокстан, велоспорттан, футболдан, хоккейден кәсіпқой клубтар құрылды. Қазақстандық боксшылар – Василий Жиров пен Геннадий Головкин әлемге танылды. 2006 жылы Президентінің бастамасымен «Астана» кәсіпқой велокомандасы құрылды. Айтулы нәтижеге бірден қол жетті – сол жылы Александр Винокуров Испания «Вуэльтасында» топ жарды. 2009 жылы «Астана» велокомандасы «Тур де Франс» мәртебелі көпкүндігінде жеңіске жетті. 2010 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілді. Кәсіпқой велокоманданың табыстары арқасында «Астана» бренді спорт әлеміне кең танымал болды. 2010 жылы қазақстандық және шетелдік боксшылардың басын қосқан «Astana Arlans» кәсіпқой спорт клубы құрылды. Содан бері клуб Бүкіләлемдік бокс сериясы (WSB) жобасына тұрақты қатысып келеді. 2008 жылы Астананың «Барыс» хоккей командасы алға үлкен қадам жасады: Еуразия кеңістігінің ең жоғары дивизионында – Құрлықтық хоккей лигасында ойнай бастады. Қазақстан туы астындағы спорттық жеңістер синергетикалық әсер берді: отаншылдықты мығымдады, жастарды саламатты өмір салтына бейімдеді, Қазақстанның табысты өркендеп келе жатқан ел ретіндегі халықаралық беделін арттыра түсті.
Бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортының оңтайлы теңгерімі Қазақстан спортының позитивті ерекшелігіне айналды. Жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігі, әлемдік аренадағы табыстар – бұқаралық спорт үшін таптырмас өнеге. Қазақстандықтар үшін қашанда Олимпиялық ойындардың маңызы аса зор. 2012 жылдың шілде-тамыз айларында Лондонда XXX Жазғы Олимпиада өтті. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есеп бойынша 205 елдің арасында 12-ші жоғары орыннан көрінді. Қазақстандық спортшылар 13 медаль иеленді. «Алтын» медальды жеңіп алған Серік Сәпиев техникасы жоғары боксшы ретінде Баркер кубогына ие болды. 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен қола жүлдегер атанды. Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада Қазақстан үшін аса табысты өтті. 17 алтын, күміс, қола медальдар Қазақстанға командалық есеп бойынша 22-орынға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Олимпиада «алтынына» ие болған спортшыларымыз: суға жүзуден – Дмитрий Баландин, ауыр атлетикадан – Нижат Рахимов, бокстан – Данияр Елеусінов. Күміс жүлделерді Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов (бокс) пен Гүзел Манюрова (әйелдер күресі) иеленді. Фархад Харки, Александр Зайчиков, Карина Горичева (ауыр атлетика), Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова (әйелдер күресі), Иван Дычко, Дариға Шәкімова (бокс) қола жүлдегер атанды. 2014 жылғы XVII Жазғы Азия ойындарында (Инчхон қаласы, Корея) Қазақстан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, биік табыстарға қол жеткізді. Құрлықтық сайыстарда командалық есеп бойынша төртінші орынды иеленіп, 84 медальды жеңіп алды. Суға жүзуден Дмитрий Баландин үш алтын медальға қол жеткізді. Боксшыларымыз да тамаша өнер көрсетіп, он алты медальдың алтауын жеңіп алды. Тағы бір жарқын спорт мерекесі – VIII Қысқы Азия ойындары 2017 жылдың ақпан айында Жапониядағы Саппоро қаласында өтті. Бұл жолы Қазақстан 9 алтын, 11 күміс, 12 қола жүлдеге ие болып, төртінші орыннан көрінді. Алматы қаласында 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында өткен Қысқы Универсиада спорт әлеміндегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыс спорттың 12 түрі бойынша өтті, 85 медаль жиынтығы жүлдеге тігілді. Қазақстанның жас спортшылары туған елдің төрінде тамаша өнер көрсетіп, командалық есеп бойынша екінші жүлделі орыннан көрінді, 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальға ие болды. 2014 жылы қараша айында Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы үшінші орын алды. 2014 жылы мамыр айында Астана мен Қарағандыда велосипед спортынан Азия чемпионаты өтіп, Қазақстан құрама командасы екінші орынды иеленді. Халықаралық аренадағы қазақстандық спорттың мәртебесі біртіндеп өсе бастады: тек 2015 жылдың өзінде ғана жалпы алғанда жеті жүздей медаль жеңіп алынды. Қазақстандық спорттың табыстары спортшылардың ынтымағын, ерік күштерін паш етті, патриоттық рухты аспандатты. Қазақстандықтар кәсіби спортта да жарқын жетістіктерге жетті. А. Винокуров, А. Луценко, Ф. Ару, В. Нибали өнер көрсеткен «Astana Pro Team» әлемдегі ең табысты велокомандасы атанды. Веложарысқа қатысушы командалар жеке сында да, «Тур де Франс», «Вуэльта», «Джиро д`Италия», «Париж-Ницца» командалық жарысында да бақ сынасты. 2013-2015 және 2017 жылдары «Astana Аrlans» кәсіби спорт клубы «Дүниежүзілік бокс сериясы» (WSB) жобасы бойынша чемпион атанды. 2010 жылы кәсіпқой бокстан (WBA) әлем чемпионы құрметті атағын қазақстандық Бейбіт Шүменов жеңіп алды, бұл титулды ол 2014 жылға дейін ұстап тұрды. Қазақстандық орта салмақтағы кәсіби боксшы, 2010 жылдан бастап бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин бүкіл әлемнің миллиондаған жанкүйерінің батырына айналды. 2013 және 2017 жылдар аралығында Г. Головкинді «Ring» арнайы басылымы «Жыл боксшысы» деп жариялады. Футбол жанкүйерлері үшін аса маңызды оқиға болды: алғаш рет отандық футбол тарихында — 2013 жылы Еуропа клубтық турнирінің топтық кезеңіне — Еуропа Лигасына қарағандылық «Шахтер» футбол командасы енді. 2015 жылы елордалық «Астана» футбол клубы ең беделді халықаралық клуб турнирінің — Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне енді. Қазақстандық спортшылардың жетістіктері елдің толымды табыстарымен астасып жатты. Олар өздерінің жарқын жеңістерімен Отанымызды даңққа бөледі, Қазақстан Республикасының халықаралық беделін көтеруге лайықты үлес қосты. Біздің спортшыларымыздың жеңісі – Қазақстан халықтарының мерейі. Қазақстан спорт саласы бойынша көптеген этнос өкілдерін әлемге танытты. Олимпиадалық құрама команда халықтың нағыз спорттық Ассамблеясына айналды. Спорттағы жетістіктер, бұқаралық жарыстар елді жақындастыра түседі, бірлік пен өзара түсіністікке қызмет етеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасы әлемдік спортта лайықты орын алды. Егер әрбір қазақстандық біздің олимпиадашылар тәрізді тек алға ұмтылса, онда Қазақстан сөзсіз алдыңғы қатарлы елге айналады.
P.S. Барлық қазақстандықтар біздің спортшылардың Индонезияда өтетін Азия ойындарда үлкен және керемет жеңістерге қол жеткізеді деп кәміл сенеді. Ақжол тілейміз!
Керімсал Жұбатқанов, Қазақ-Орыс Халықаралық Университеті «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.
[:]