[:kz]
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы болып, онда депутаттар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Декларация қабылдады.
Бірлескен отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Парламент палаталары төрағаларының атына бір топ депутаттан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларация қабылдау туралы Үндеу жолдағанын айтты. Осыған орай бірлескен отырыстың күн тәртібіне Декларация қабылдау туралы бір-ақ мәселе енгізіледі, деді Төраға. Осыдан әрі күн тәртібі бекітіліп, бірлескен отырыс өз жұмысын Мемлекеттік Әнұранмен бастады.
Одан әрі Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы өте маңызды тарихи кезеңге арналған құжат екенін айта келіп: «Осы уақыттың ішінде, барлық жетістіктер мен табыстар, ең алдымен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен бірге, әрқашанда Президентімізге қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Сондықтан, Парламентте осы тарихи құжатты қарастыру – ол келе жатқан Тәуелсіздік мерейтойының ерекше маңыздылығын көрсетеді», – деді.
Осыдан кейін Төраға Декларация мәтінін жариялау үшін сөзді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановқа берді. Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Тәуелсіздігін халқымыздың аса зор құндылығы ретінде бағалай отырып, Тәуелсіз Қазақстанды құру және қалыптастыруда ерен еңбек сіңірген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытына берік ұстанымын таныта отырып, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына жетуді болашақ ұрпақ алдындағы өзінің тарихи парызы және жауапкершілігі деп сезіне отырып, «Мәңгілік Ел» қастерлі мекенінде жарқын келешегімізді жасауға ұмтыла отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығы Декларациясын қабылдайды, деп бастады сөзін Қуаныш Сұлтанұлы.
Одан әрі Декларация мәтіні былай жалғасты: Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді.
Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біздің елімізде экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда аса ірі өзгерістер жүзеге асты.
Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығымен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. Президент Н.Назарбаевтың саяси ерік-жігері және стратегиялық көрегендігі дамудың қазақстандық үлгісінің табысты болуын айқындап, Қазақстанның орнықты өсіп-өркендеу жолына шығуына мүмкіндік тудырды.
Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Мемлекет басшысының байыпты және жемісті халықаралық бастамаларымен еліміз биік халықаралық беделге ие болып, ғаламдық ядролық қарусыздану қозғалысының танымал көшбасшысына айналды.
Одан әрі Декларацияда Қазақстанның өткен жолына шолу жасалды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Парламент «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдады деді Қ.Сұлтанов. Тәуелсіз Қазақстанның бұл тұңғыш құжаты халқымыздың қуатты және пәрменді мемлекет құру арманының жүзеге асуын айғақтады. Заң Қазақстан егемендігінің оның ұлан-ғайыр аумағында және әлемнің саяси картасында мызғымастығын мәңгілікке бекітіп берді. Еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасы Конституциясын 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда бүкіл Қазақстан халқы бірауыздан қабылдады.
Конституция егемендіктің саяси және құқықтық негіздерін бекітіп, адамның өмірін, құқықтары мен бостандығын, тегіне, әлеуметтік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қатыстылығына қарамастан, адам мен азамат құқықтарының теңдігін мемлекеттің жоғары құндылықтары деп жариялады.
Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің мызғымас негізіне айналды. Қазақстанда тиімді демократиялық институттар – президенттік институт, Парламент, сот жүйесі және белсенді азаматтық қоғам қалыптасты.
Елімізде жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге және бүкіл қоғамның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік құрылымның тиімді жүйесін құруға мүмкіндік берген тарихи маңызды экономикалық және саяси реформалар жүргізілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің саясаты ұзақ мерзімге негізделді, қазақстандықтардың әл-ауқаты, өмірдің жоғары сапасына жүйелі де мақсатты ұмтылысы оның басты ұстанымдары болды және солай болып қала береді.
Қазақстан әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына енді, дей келіп Декларация одан әрі Қазақстанның әлемнің ең жоғары дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат етіп қойған «Қазақстан-2050» Стратегиясы жаңа сипаттағы стратегиялық құжатты қабылдағанын айтты.
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары әлемдік қаржы жүйесіндегі аса жағымсыз құбылыстарға қарамастан, елімізде өндіріс пен инновацияны, әлеуметтік саланы дамытуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қазақстан ядролық қауіпсіздік рейтингінде ең қауіпсіз елдердің қатарына кіреді. Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру жөніндегі тарихи маңызды міндетті шеше білді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Семей ядролық полигонын жапты. Қазақстан Президенті өз елінің ғана емес, сондай-ақ, бүкіл адамзаттың тағдыры үшін өзіне жауапкершілік ала отырып, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды.
Семей полигонының жабылуымен ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың жаһандық процесінің жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» деп жариялады.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын алға тартып, Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды.
Одан әрі Қазақстанның әлемдік дипломатиядағы табысты қадамдары айтылды. Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақстандық дипломатия әлем елдерінің басым бөлігімен сенімді достық және ынтымақтастық қарым-қатынастар орнатып, халықаралық ұйымдардың қызметіне белсенді түрде араласып келеді, делінген Декларацияда.
Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықта орнын нық айқындап, лайықты құрмет пен беделге ие болып отыр. Әлемде аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын Қазақстан Республикасының шекарасын делимитациялау мен демаркациялау Президент Н.Назарбаевтың тарихи жетістіктері болып табылады.
Қазақстан өңірлік және жаһандық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстанның Еуропаның жетекші мемлекеттерімен әріптестік пен ынтымақтастықтың барынша жоғары деңгейіне шығуына жол ашты. Қазақстан ынтымақтастықтың еуразиялық көпіріне айналды.
Біздің еліміз ЕАЭО, ШЫҰ, АӨСШК секілді интеграциялық жобалардың бастамашысы және ілгерілетушісі болып табылады. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі кеңесі сияқты ірі халықаралық ұйымдарда табысты төрағалық етудің тәжірибесіне ие.
Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында алғашқы болып 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды.
Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның халықаралық қатынастарды дамытудағы үлесін лайықты бағалай отырып, біздің елімізге ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуді сеніп тапсырды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Қарулы Күштері еліміздің сенімді қалқанына айналды. Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, оның шекарасының мызғымастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті Қарулы Күштерді түбегейлі реформалауды, әскери қуаты мен әлеуетін арттыруды қамтамасыз етті.
Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақстанда жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқын дәйекті түрде ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жетуге бағыттап келеді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің қатарына кіруге қабілетті Қазақстанның қуатын нығайтуға бағытталған жоспарлар. Біздің бәсекелес болатын бірегей басымдықтарымыз – Қазақстанның мол табиғи байлығы, ауылшаруашылық, коммуникациялық және транзиттік әлеуеті еліміздің экономикалық жетістіктерінің негізіне айналды.
Бүгінде Қазақстан – жекеменшік институты орныққан, орта тап белсенді дамитын, ал кәсіпкерлік экономикалық өркендеудің қозғаушы күші болып табылатын тұрақты нарықтық экономикасы бар ел.
Елбасының стратегиялық көрегендігі арқасында Қазақстанда жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарамастан, ел экономикасын жаңғырту табысты жүзеге асырылып жатыр.
Қазақстан индустриялық қуатын нығайту мен инновацияны дамытуды нық көздеп отыр.
Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлде жаңа жоғары технологиялы салалар: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, темір жол, машина жасау, IT-технологиялар, ғарыштық спутниктер өндірісі салалары құрылды.
Елбасының бастамасы бойынша әр азаматтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Тәуелсіздіктің мерейлі 25 жылында Қазақстан Әлемдік банктің Doing Business рейтингінде 35-орын алды.
Елімізде жаңа экономикалық ұмтылысты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі, Транскаспий халықаралық көлік маршруты секілді бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып отыр.
Осыдан әрі Декларацияда Президенттің елорданы құрудағы рөлі туралы баяндалған. Жаңа елордамыз Астананы құрудағы айрықша рөл еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі. Астана Қазақстан Тәуелсіздігінің салтанат құруын паш етіп, халқымыздың мақтанышына айналды.
Астана құрылысы жаңа мемлекеттің, жаңа қоғамның құрылысы ретінде киелі мәнге ие болды. Астана өткеннің барлық құндылықтарын жинақтап, болашақтың жарқын келбетін елестетті.
Бүгінде Астана – өз күшіне сенімді, жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық. Астана саммиттер мен басқа да маңызды халықаралық кездесулерді өткізетін ірі орталыққа айналды, еліміздің басқа қалалары үшін дамудың үлгісі болды.
Астананың өзінде 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» инновациялық күн тәртібімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады.
Қазақстан конфессияаралық және этносаралық татулық пен келісім үстемдік құрған мемлекет дамуының бүкіл әлемде танылған жаңа бірегей моделін құрды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы бірлігін нығайтудың конституциялық мәртебесі бар айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды.
Әлемдік діндердің, тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің тоғысындағы тарихи араласуы Қазақстанда бейбітшілік пен келісім әлеуметтің адамгершілік және әдеп нормасына, ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған қоғамның айрықша үлгісін қалыптастырды.
Ол көпэтностық пен көпконфессиялылықты Қазақстанның стратегиялық ресурсына және артықшылығына айналдыра отырып, руханилық пен азаматтықтың құрыштай құймасын мейлінше бекемдей түсті. Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамның үйлесімді дамуының әлемдік эталонына айналды.
«Мәңгілік Ел» құндылықтары Тәуелсіздік жетістіктерін, Қазақстан халқының мүдделер ортақтастығы мен тарихи тағдырын көрнекі бейнелеп берді. «Мәңгілік Елдің» жеті құндылығы қазақстандықтардың Тәуелсіздікті нығайтуға, еркін де өркендеген елде өмір сүруге ұмтылысын – ортақ мақсатын, ортақ мүдделері мен ортақ болашағын біріктірді.
Қазақстан халқы қабылдаған «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі қуатты жұмылдырушы бастауға, қоғамдық келісімді нығайтудың өзегіне, бүкіл қоғамның мүдделері мен ұмтылысын біртұтас тұрғыда бекемдеу құралына айналды.
Басты бағдары Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы құндылықтары болып табылатын әлеуметтік тұрақтылық қоғамы құрылды. Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап Президент Н.Ә.Назарбаев халық алдына әлеуметтік бағдарлы нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру міндетін қойды.
Әлеуметтік жаңғырту әлеуметтік прогрестің экономикалық еркіндіктері мен идеалдарын үйлестікпен өрістетіп, қоғам мен әрбір адамның әл-ауқатының артуы үшін жағдай жасады, қарқынды дамитын еңбек нарығын құруға мүмкіндік берді.
25 жылда бала туу деңгейі 60 пайызға өсті. Қазақстан аналар үшін қолайлы елдер рейтингінде жыл сайын жоғары көтеріліп келеді. Біз қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға қол жеткіздік.
Еңбек адамының мүдделері – біздің мемлекетіміздің басты назарында. Мемлекет қазақстандықтардың оқуы мен кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруы үшін жағдай жасайды, еркін еңбекке және лайықты еңбекақы алуға мүдделі әрбір азаматтың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету үшін өндірістер, инфрақұрылымдар және басқа да нысандар құрылысын жүргізеді.
Білім беру саласын кешенді реформалау Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына жағдай жасады. Отандық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі және елді әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың шешуші тетігі болып табылады. Қазақстан ересек адамдардың сауаттылығы деңгейі бойынша Адам дамуы индексі әлемдік тізімнің алғашқы үштен біріне кіреді. Қазақстан зияткер ұлтты қалыптастыру үшін дәйекті түрде жағдай жасай отырып, адам дамуының деңгейі жоғары елдер тобынан нық орын алды.
Президент бастамасының арқасында елде ерекше сипатты «Болашақ» бағдарламасы ұдайы жүзеге асырылуда,
«Назарбаев Университет», зияткерлік мектептердің кең тараған желісі құрылды.
Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында университеттік білім беру деңгейі көтеріліп келеді. Барлық өңірлерде мыңнан астам заманауи мектептер салынды.
Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру экономикалық және әлеуметтік дамудың маңызды факторларына айналды. Отандық денсаулық сақтау саласы әлемдік стандарттар деңгейіне көтерілді: заманауи медицина орталықтары, ауруханалар мен емханалар салынды, еліміздің барлық өңірлерінде зерттеулер мен жоғары технологиялы операциялардың бүкіл спектрі жүзеге асырылуда. Қазақстан еуразиялық кеңістікте медициналық туризмнің орталығына айналып келеді. Халық денсаулығы көрсеткіштерінде БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған айтарлықтай оң өзгерістерге қол жеткізілді.
Қаржы ресурстарымен және жоғары шығармашылық қайтарыммен нығайтыла түскен мәдениет саласы қуатты даму серпініне ие болды. Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау мен дамыту жөніндегі кең ауқымды жұмыстардың бастамасы болып табылды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Таңбалы» археологиялық кешені сияқты бірегей отандық ескерткіштердің, сондай-ақ, «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» табиғи мұра нысандарының ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енуі әлемдік маңызы бар оқиға болып табылады.
Тәуелсіздік жылдарында спорт пен саламатты өмір салты саласында тамаша нәтижелерге қол жеткізілді. Спортшыларымыздың аса ірі халықаралық жарыстардағы табыстары қуатты және бірлікшіл спортшы ұлт өмір сүретін Қазақстанның жаңа бейнесін жасады. Бүгінде Қазақстан спорты ең жақсы дамыған әлемдегі 30 елдің қатарына кіреді.
Декларацияның тұжырымында бірқатар ұсыныстар жасалған. Атап айтқанда: Тәуелсіздіктің Ұлы жолы мәңгі болуы тиіс! – дей келіп: елордада «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу қажет екендігі айтылған.
Ел Конституциясында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу.
Тәуелсіздік біздің ең басты ұйыстырушы құндылығымыз болған, қазір де солай және бола да бермек, деп Қуаныш Сұлтанов Декларацияның мәтінін толық аяқтады.
Декларация жобасының мәтіні оқылып болған соң Парламент палаталарының бірлескен отырысы оны бірауыздан қабылдады. Декларация қабылданғаннан кейін бір топ депутат оның мәні мен маңызы туралы өздерінің ойларын ортаға салды.
Алғашқы сөз Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаевқа берілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы жылында біз елімізде орын алған тарихи мәні терең көптеген оқиғалардың куәсі болып, олардың тікелей қатысушысы болғанымызды айқын сезінеміз және оны әрдайым мақтан тұтамыз, деп бастады ол өзінің сөзін.
Тарих қойнауына көз жүгіртсек, осыдан аз ғана уақыт бұрын жағдай мүлдем басқаша еді. Әлі есімізде, біздің алғашқы шетелдік сапарларымызда Қазақстанның әлем картасында қай жерде орналасқанын ұзақ түсіндірумен қатар, оның орналасқан жерін тәптіштеп көрсетуге тура келетін. Мұны біз Қазақстанның 25 жыл ішінде жүріп өткен жолының қаншалықты ауқымды болғанын түсіну үшін әрдайым ескеріп отыруымыз керек. Ширек ғасыр ішінде біз алыс және жақын шет елдермен достық қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастық құрдық.
Одан әрі шешен қабылданған құжаттың маңызына ойысты. Декларацияда Мемлекет басшысының тәуелсіздігімізді орнату мен нығайтудағы, мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы негіз қалаушы рөлі айқын көрсетілген, дей келіп Қазақстанның алдағы 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл еліміздің әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайтып, Елбасының зор халықаралық беделін паш етті, деді. Сөзінің қорытындысында М.Алтынбаев Декларацияны қолдайтынын жеткізді.
Сөз кезегін алған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жаңа тарихтың бастауы болып, Алаш армандаған Азаттықтың ақ таңы атқан күнге ширек ғасыр толды, деді өзінің сөзінде. Талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірген ұлтымыз үшін тәуелсіздік – асыл қазынамыз. Тұтас бір халықтың тағдыры сыналар шешуші сәтте Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тізгінін қолына алып, Тәуелсіздіктің туын тігіп, тар жолда кідірмей, тайғақта сүрінбей жол бастады. Осылай деген шешен, одан әрі қиын-қыстау жылдарға шолу жасап өтті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елге оңай болған жоқ. Көпұлтты елдің ішін дауға, сыртын жауға алдырмаудың ауыр сыны алдымызда тұрды. Ел мүддесін басты мұрат еткен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің арқасында жарқырай келген жас мемлекет алға қадам басты, деді ол.
Одан әрі шешен тәуелсіздік жылдарында мемлекет бюджеті 1100 есеге, ішкі жалпы өнім көлемі 1500 есеге артты. Жалақы жылдар сайын еселеніп, 2 миллионға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, инфрақұрылымдар қалпына келтіріліп, дамып, ел игілігіне жарады. Осының барлығы қаржылық дағдарыстарға төтеп беріп, экономикамызды дамытып, мемлекетімізді биік белестерге жеткізген Елбасының терең ойлайтын, болашақты дәлдікпен болжайтын көрегендігі арқасында жүзеге асты. Қазақтың намысын ту еткен Желтоқсан жастарын да Елбасы ақтады, қорғады, қолдады, батыр ұл мен қызын паш етті. «Ерлік пен елдіктің, қайсарлықтың нышаны» деп бағасын берді, дей келіп, Декларацияда ұсынылған Астана қаласында «Тәуелсіз Қазақстан» монументін орнату, Мемлекетіміздің Конституциясында Тұңғыш Президентіміздің бірегей үлесін көрсету, Елбасы есімін елордамыз бен басқа да маңызды нысандарға беру арқылы айшықтау идеяларын қолдайтынын жеткізді.
Кезек өзіне келгенде Сенат депутаты Серік Ақылбай 25 жылдықтың барлық жетістіктері Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты деп бастады өзінің сөзін. Бейбітшілік, келісім, қоғам бірлігі, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық, халықаралық қауымдастықтың тануы – осының барлығы біз, қазақстандықтар мақтан тұтатын жетістіктер. Еліміз Тәуелсіздіктің 25 жылдығын болашағымыздың нақты бағдарын сезіне отырып қарсы алуда. Елбасымыздың басшылығымен Қазақстан дамуында кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Барлық ауыртпалықтар мен сәтсіздіктерге қарамастан, елімізде әлеуметтік-экономикалық құрылыс сәтті өтті. Мұның негізінде ең алдымен еліміздегі көпұлтты халқымыздың бірлігі жатыр.
Одан әрі Декларация туралы шешен сөзін: «Мемлекет дамуының негізгі кезеңдерін және қалыптасуын қамтитын салтанатты саяси-заңды құжат болып табылады. Онда замандастарға және болашақ ұрпаққа тәуелсіздікті, оның базалық құндылықтарын, бостандықты, бірлікті, тұрақтылық пен өркендеуді сақтауға және нығайтуға үндеу қамтылды, деп жалғастырып: «Мемлекет басшысы – Тұңғыш Президентіміздің тарихи миссиясын тиісінше тану біздің моральдық және саяси борышымыз болып табылады», деп қорытты.
Жарыссөзде сөз алған Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев Мемлекет басшысының ширек ғасыр ішіндегі Қазақстанның дамуына қосқан шексіз үлестеріне тоқталып өтті. Әсіресе, ол сыртқы саясаттағы көрегендік пен көшбасшылық қасиеттің бір көрінісі болып келетін сан салалы келіссөздер жасаудағы Елбасының ерен еңбегіне басымдық берді. Міне, осындай табандылық пен қажыр-қайраттың арқасында іске асырылған есіл еңбек ешқашанда ескерусіз қалмауы тиіс, деген Владислав Борисович, Кеңес Одағы ыдырап, 1991 жылғы Тәуелсіздіктің алғашқы айларындағы аңғал-саңғал күйіміз көз алдында екендігін еске алды.
Менің әлі де көз алдымда, жұрт жаппай мазасыз күйге түсіп, халық шаруашылығындағы етене байланыстар бүлінген шақта біздің елімізге бәрін де нөлден бастап, аяқтан тұруға тура келді. Солай болды да. Енді, міне, байтақ даладағы бүгінгі Қазақстан Еуразия құрлығының қақ төрінде гауһар тастай жарқырайды. Отанымыздың осыншалықты деңгейге жетіп, жағдайымыздың жақсаруында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ұшан-теңіз. Бұл біздің тарихымыздың ажырамас бөлігі әрі ақиқи шындығы. Сондықтан да, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен даму жолындағы Президентіміздің ерен еңбегі мемлекетіміздің Конституциясында көрініс беруі тиіс. Бұл туралы бүгін талқыланып жатқан Декларацияда егжей-тегжейлі баяндалған, деді депутат.
В.Косарев содан кейінгі сөзін Нұрсұлтан Әбішұлының барлық қазақстандықтардың жалпыұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуді қоғамдық деңгейге көтеріп, бейбіт тіршілікке негізделген өмір сүру идеясы отандастарымыздың мақсатты ұстанымдарына айналғанымен сабақтап, ізгілікке үндейтін Елбасымыз өз ойына ел азаматтарын жұмылдыра білгендігін атап көрсетті.
Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің таңдауы еліміздің мерейлі жылымен тұспа-тұс келуі Қазақстанның әлемдік саясат сахнасында беделі артқанының тағы бір дәлелі екені айқын. Ендігі жерде Қазақстан мұндай мәртебелі ұйым аясында өзін жасампаз ел ретінде көрсетіп, әлем халқы көксеген өмірлік құндылықтарды қорғап, қуаттайды деп айтуға болады. Бұл сөзімізді біздің елдің жүріп өткен жолы, осы кезге дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ, ЕҚЫҰ сынды әр түрлі халықаралық ұйымдарға төрағалық еткен тәжірибесі нақтылай түседі. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдің ішкі тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауда орасан зор жұмыстар атқарылып келеді. Міне, осы сезім сенімге айналып, бізді алға жетелеуі қажет, деген Владислав Борисович ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығындағы Декларация ерекшелігін екшеп айтты. Осындай маңызды құжатты қабылдай отырып, біз өзіміздің ширек ғасырдағы табыстарымызды күллі әлемге паш етіп, баянды болашағымыз үшін одан әрі талмай еңбектенуге бел буамыз. Нұрсұлтан Әбішұлы бірде былай деген еді: «…біздің әрбір жеңісіміз – береке-бірлігіміздің айғағы». Қиын-қыстау кезеңде бірігу ауырлықты жеңілдетіп, жетістіктерге жетелейді емес пе?! Осындай Көшбасшысы бар халық кемеріне толып, әлі де дами түсетіндігіне сенімдімін, деп В.Косарев өз сөзін түйіндеді.
Парламент Сенатының депутаты Ақан Бижанов өз сөзінде Тәуелсіздіктің мән-маңызына тоқталды. Бүгінгі сәт, яғни ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясын қабылдау маңызды мемлекеттік мерекелер – Тәуелсіздік және Тұңғыш Президент күндері қарсаңында өтіп жатыр. Мұнда өзара логикалық байланыс бар, себебі, біздің еліміздің жаңа тарихында болып жатқан тағдыршешті әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктер ел Президентінің атымен тығыз байланысты, деген сенатор ата-бабамыздың ғасырлар бойы арман еткен егемен мемлекет құру жөніндегі ұлы миссиясы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген салмақты да сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқанын айтып өтті.
Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты және қазір де миссиясын табысты жалғастыруда деп өз әріптестерін аса маңызды аталмыш құжатты қолдауға және қабылдауға шақырды. «Мәңгілік Ел» боламыз десек, осындай Декларацияның өте қажет екеніне күмәніміз жоқ болу керек. Тұңғыш Президентімізге, Елбасына лайықты баға берейік. Себебі, бұл тарихи тұлғаның саяси миссиясы аса маңызды, аса ерекше, деді ол.
Содан кейін мінберге шыққан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Ирина Аронова да 25 жыл ішіндегі Мемлекет басшысының зор жауапкершілікпен атқарып келген қызметі жоғары бағалауға лайық екендігіне тоқталды. Бүгінге дейін біздің елімізде 1400 жаңа білім ошағы мыңдаған бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатып жатса, 1300 емдеу-сауықтыру мақсатында аурухана мен емханалардың салынуы – біздің бұрын-соңды тарихымызда болмаған оқиға. Осындай су жаңа ғимараттардағы соңғы үлгідегі сандық технологиялар халқымыздың білімін ұштап, ұлтымыздың саулығын шыңдауда. Соның арқасында ел азаматтарының тұрмыс жағдайы жақсарып, өмір сүру жастары 10 жылға дейін ұзара түсті.
Сонымен қатар, жыл сайынғы бала туу көрсеткішінің 400 мыңнан асып түсуі Қазақстан дамуының айқын көріністері. Менің осы пікірлеріммен, барлық қазақстандықтар келіседі деген сенімдемін. Оның үстіне мемлекетіміздің қалыптасу кезеңіндегі ерен еңбегін ескере отырып, Нұрсұлтан Әбішұлына қандай құрмет көрсетсек те жарасымды. Оған біздің Конституциямыз бен заңнамалық нормаларымыз мүмкіндіктер береді деген ойдамын, деді Ирина Петровна.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кездерде еліміздің ІЖӨ-сі жыл өткен сайын тұрақты түрде өсіп отырды. Оны біз мынадай статистикалық көрсеткіштерден байқаймыз. Мәселен, 1993 жылы ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көрсеткіші 696 АҚШ долларына тең болса, өткен жылдың соңындағы бұл деңгей 10,5 мың АҚШ долларын құраған. Осындай жетістіктерді сөз еткен Сенат депутаты Ольга Перепечина орайы келгенде елдің экономикалық әлеуетін айтып, жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің жай-күйін баяндады. Бүгінгі таңда Қазақстан бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан 53-орынға жайғасқан. Сондай-ақ, 31,2 млрд АҚШ долларына тең резервтік қорымен біздің ел мемлекеттердің халықаралық деңгейінің рейтингінде көш ілгері шығып, дамушы елдердің алғы шебінен көрінді. Ал бүгінгі таңда Ұлттық қордағы қаражатымыз 62 млрд долларды құраса, 2020 жылға қарай бұл межені 90 млрд-қа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан біз Парламент депутаты ретінде мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне тарихи бағасын адал бергеніміз жөн болар деп санаймын, деді баяндамашы.
Одан соң сөз кезегі Сенат депутаты Елеусін Сағындықовқа берілді. Депутат бұл Декларация даңғыл жолға бет бұрған, сын-қатерге шеп құрған егемен еліміз үшін ерекше маңызды саяси құжат екендігін атап өтті. Оның түпкі мазмұны – «Мәңгілік Елдің» өрлеу, өркендеу, өркениеттену жолдары. Асыл бабаларымыздың мұраты – «Мәңгілік Ел» өсиетін Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғасырлар тоғысында жалпыұлттық идеяға ұластырды. Оны жүзеге асыру және оның мызғымас іргетасын қалауға қатысу – баршамыздың қасиетті борышымыз, болашақ алдындағы мерейлі міндетіміз, деді Елеусін Сағындықов.
Бұдан әрі Декларацияны қолдаған қызу пікірді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев жалғастырды. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесі қарсаңында, Қазақстан Парламенті арнайы декларация қабылдап отыр. Әрине, тарих өлшемімен алғанда, бұл қас-қағым сәт. Бірақ осы уақыт ішінде, Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен халқымыз осынау таңғажайып толайым табыстарға қол жеткізіп, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр. Қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Алаш арыстары айтқанындай, «мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық». Еліміздің сан ғасырлар бойғы үмітін, қолжетпестей сағымды арманы – тек 25 жыл бұрын ғана Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастауымен шынайы өмірге айналды. Санаулы уақыт ішінде «еліміз егемен мемлекет ретінде қалыптасты» деп мақтанышпен айта аламыз. Ендігі тілегіміз Елбасының стратегиялық бағытын бағдар еткен тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай! – деді Азат Перуашев. Сондай-ақ, ол бүгінде тәуелсіздігіміз тарихи сынақтардан сүрінбей, тар жол, тайғақ кешулерден абыроймен аман өткенін, қайта «мың өліп, мың тірілген» еліміз түрлі қатер мен тосқауылдардан шыңдалып, бүгінде нағыз қуатты, беделді мемлекетке айналғанын атап өтті.
Бұл біздің Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қайсарлығының, ерен ерлігінің, миллиондаған қазақстандықтардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде мүмкін болды. Ширек ғасырда Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл әрі терең реформаларының арқасында еліміздің барлық саласына тағдыршешті өзгерістер еніп, мемлекетіміз өмірге қайта келді. Нақтысында, жаңа қоғам пайда болып, дүниеде жаңа бір мемлекет құрылды, деді Азат Перуашев.
Сондай-ақ, ол Декларациядағы ұсыныстар Конституциямыздағы Тұңғыш Президентіміздің Қазақстан мемлекетін құрушы әрі негізін қалаушы деп белгіленген орынын заңды негізде одан әрі бекемдей түсетінін жеткізді.
Тәуелсіздігіміздің төл перзентінің бірі жекеменшік кәсіпорындар болып табылады. Алғашқы күндерден бастап Мемлекет басшысы жеке кәсіпкерлікті нарықтық экономикадағы негізгі фактор ретінде әлпештеп, қолдап-қорғап келеді. Мұның бір дәлелі, Тәуелсіздік алған соң бірден 1992 жылы 4 шілде «Жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы» заң қабылданды. Ал 25 жылдан кейін, яғни биылғы жылы жеке бизнестің мол мүмкіндіктерінің кеңейтілген Кәсіпкерлік кодекс күшіне енді. Мұндай кәсіби заң ТМД аумағында еш елде жоқ екендігін айта аламын, деді депутат.
Депутат, сонымен қатар, соңғы 10 жылда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындар қатары екі есеге көбейгенін, бүгінде 3 миллионнан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтінін мысалға келтірді. Сондай-ақ, Қазақстан бүгінде халықаралық рейтингтегі бизнес-ахуалы бойынша ұстанымдарын күшейте түсуде де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Қазіргі күні елімізде жүздеген жаңа кәсіпорын құрылып, бұрын-соңды болмаған өнім түрлері шығарылуда. Бұрынғы шикізат өңдеумен шектелген еліміз қазіргі күні тауар өңдеу өнеркәсібіне нық қадам басты. Елдің көлік-логистика әлеуеті, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым саласындағы жобалары да жедел дамып келеді. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, бүгінде біз бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің ішіндегі экономикасы әлдеқайда көш ілгері дамыған ел болып отырмыз. Ал елдің бүгінге дейін жеткен әрбір жетістігінің артында Тұңғыш Президентіміздің толассыз, өлшеусіз еңбегінің үлесі тұр, деді.
Біз барлығымыз – бүгінгі заманауи қазақ мемлекетінің құрылуының куәсі, тікелей қатысушысы және атсалысушылары екендігімізді мақтан тұтамыз. Қазақстан бизнес-қауымдастығы атынан, «Ақ жол» демократиялық фракциясы атынан Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты және барша отандастарымызды келе жатқан мерекесімен құттықтаймын және де баршаңызды ұсынған Декларацияны қолдауға шақырамын, деп сөзін аяқтады Азат Перуашев.
Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова да Елбасының ерен еңбегі жайында қолдау пікірін білдіріп, әңгімесін тереңнен өрбітті. Күлтегін бабамыздың «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды» дегеніндей, тәуелсіздікті басты мұраты еткен халқымыздың 25 жылдық тарихын Елбасынсыз елестету мүмкін емес, деді депутат.
Ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырған Елбасының еңбегін бағалай білу – әрбіріміздің міндетіміз! Бүгіні мен ертеңімізге Елбасының тарихи болмысы кеңінен насихатталуы керек! Бұл бағыттағы іс-шаралардың бірі ретінде еліміздің маңызды, ауқымды нысандары Елбасы есімімен аталса, бұл – халықтың біртуар перзентіне деген шексіз сый-құрметінің көрінісі болмақ, деді Б.Хаменова.
Осындай жарыссөздерден соң құжат дауысқа салынды. Нәтижесінде, Сенаттың – 46, Мәжілістің 105 депутаты Декларацияны жақтап дауыс берді.
«Сонымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы қабылданды. Бұл – еліміз үшін, соның ішінде, Парламент үшін ерекше орын алатын маңызды құжат, маңызды шешім. Осы қабылданған Декларация біздің тарихымыз және болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұрамыз, деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қорытынды сөзінде.
Жақсыбай Самрат,
Динара Бітікова,
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
[:]