[:kz]
Танымал ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш президент ретінде мәртебесі Конституцияда бекітілуін қатаң сынға алды. Ақынның сөзінше, елдің Тәуелсіздік алуына Назарбаевтың қатысы жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі KazTAG басылымына сілтеме жасап.
Олжас Сүлейменов Конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс аясында түрлі пікірдің туындағанын айтады.
«Мен үнемі газет оқимын және Конституцияның өзгеруі туралы түрлі ұсыныс пен пікір туындағанын көріп отырмын. Байқауымша, барлық авторлар біздің тарихымызды білмейді екен. Олар ірі держава – Кеңес Одағының 1991 жылы құлағанын, бұған Американың әсер еткенінен хабардар. Бірнеше бөлшекке бөліп, әр қайсысынан жаңа мемлекет құрылды. Тәуелсіздіктерін алды. Сондықтан Тәуелсіздік үшін ешкім күрескен жоқ. Ол Қазақстан секілді жаңа мемлекеттердің барлығына автоматты түрде берілді», – деді Олжас Сүлейменов Қазақстан Ұлттық Конгресі жалпыұлттық қозғалысының алғашқы кеңесінде.
Сонымен қатар ол Назарбаевтың мәртебесін Қазақстанды құрушы ретінде Конституцияға бекітуге таңырқағанын айтты.
«Қазір Конституциялық кеңес Ата заңымызға жаңа өзгеріс енгізуді ұсынды. Оқығанымдай, Назарбаевты Конституцияға Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы ретінде енгізбекші екен. Біз барлығымыз тәуелсіздіктің автоматты түрде берілгенін білеміз, сондықтан ол бұл іске араласқан жоқ. Мен Қазақстанның жаңа Конституциясын құрап жатқан кеңеске қандай адамдардың жиналғанына таңғаламын», – деді Сүлейменов.
Айта кетейік, бұған дейін Конституциялық кеңес Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі Қазақстанның Конституциясында бекітілетіні туралы хабарлаған едік. Бұл туралы конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасулов мәлімдеді.
[:]