[:kz]
АҚШ-та өткен The World’S Best жобасында сарапшы болған продюсер Гаухар Нұртас Димаштың жобадан бас тартуы мен Данэлияның жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kzақпараттық агенттігі.
Қазақстандық сарапшының айтуына қарағанда, Димаш та, Данэлияда да жобадағы үздіктердің қатарында болған. Гаухар Нұртас Димаш жобадан кетпеген жағдайда, жеңіске жетер еді деп сенім білдірді. Себебі төрешілердің басым дені Димашты фаворит ретінде көрген.
«Димаш әлем музыканттарына жаңа биіктікті көрсетті. Мұны Американың биік аренасынан жасады. Біздің небәрі 12 жастағы Данэлиямыз да қалыптасқан ересек даусымен барлығын баурап алды. Біз Қазақстанның қандай ел екенін көрсеттік», — дейді Гаухар Нұртас.
Сарапшының айтуынша, Димаштың жобадан кету туралы шешімін төрешілер өте нашар қабылдаған.
«Димаш жеңер еді. Бұл менің шынайы жауабым. Димаштың жеңімпаз екенін бәрі білді. Сондықтан да бұған қараудың өзі сұмдық болды. Бірақ оның неліктен мұндай қадамға барғанын түсіндік. Жалпы 90 пайызға сеніммен айта аламын, Димаш кетпеген жағдайда, жеңімпаз атанар еді», — деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ, Гаухар Нұртас Данэлияның жеңілісіне қатысты ойын айтты. Сөзіне қарағанда, алматылық жас дарын иесін де америкалықтар қатты жақсы көріп қалған. Төрешілердің өзара әңгімесі барысында Гаухар Данэлияның да фавориттер қатарында екенін байқаған.
«Данэлия жеңілген жоқ. Данэлияны бүкіл әлем естіді. Ол жартылай финалға өтті. Түсінесіздер ме? 12 жастағы қыз жартылай финалға өтті. Ол — гений. Бұл қыз ең биік шыңдарды бағындырады. Бұл байқауда жеңілгендер жоқ. Әсіресе, Данэлия. Көресіздер, бұл шоудан кейін Данэлияға үлкен ұсыныстар түседі», — дейді Гаухар Нұртас.
[:]