[:kz]
Емшілер балаға тіл-көз тиген жағдайда ол құсады, көзі кіртиеді, іші өтеді, денесі қызады деп топшылаған. Олар ащылау әдісі арқылы тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесіне басып, көз тиюді қайырған.
Отбасының бірлігінен айырылуы, жаңа туған нәрестенің түні бойы ұйықтамай шығуы, жоғары қызметтегі адамның бір күнде беделінен айырылуы, сау адамның кенеттен ауыр дертке шалдығуы кезінде көңілде «тіл-көз тиді-ау» деген күдіктің пайда болатыны жасырын емес. Тіпті, көз тиюден аман болу үшін шара іздеп, шарқ ұрып жүргендер жетіп артылады. Бұл мәселеге қатысты ислам діні не дейді?
Халық емшілігінде бала кенет сырқаттанып қалса, оған «тіл-көз тиді, біреудің сұғы өтті» деп жорып, оған ащылау әдісімен ем жасайды. Ащылау — тіл-көз тиген баланы емдеу тәсілінің бірі. Емшілер балаға тіл-көз тиген жағдайда ол құсады, көзі кіртиеді, іші өтеді, денесі қызады деп топшылаған. Олар ащылау әдісі арқылы тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесіне басып, көз тиюді қайырған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлының айтуынша, тіл-көз тию туралы исламда айтылған.
«Тіл-көз тию шариғатта бар, ол расталған. Мұхаммед пайғамбардың «Көз тию хақ» деген хадисі бар. Пайғамбар заманында бір сахаба шомылып жатқан кезде екінші сахаба оған сұқтанып қараған кезде, оның ауырып қалғаны туралы деректер бар. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбар «Адамның бойынан жақсы бір қасиетті көрсеңіздер, оған дұға жасаңыздар» деген», — дейді ол.
Құранның 62-аяты, «Жүсіп» сүресінде Жақып пайғамбар балаларына «Мысырға барған кезде барлығың бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек кіріңдер» деген өсиет айтқан екен.
«Мұны тәпсір ғалымдар «Жақып пайғамбардың балалары көп болған. Сондықтан Мысырға барған кезде «балаларымның көптігіне адамдардың көзі мен тілі өтпесін» деген ниетпен пайғамбар солай айтқан» деп түсіндіреді. Сондықтан адам тіл-көзден сақ болу үшін Аллаға шүкіршілік айтып, дұға оқуы керек. Мысалы, үйден шыққан кезде «Аят әл-курси», «Фатиха», «Фәләқ», «Нас» сүрелерін оқуы шарт. Бұл сүрелерді ішінен оқып жүрсе, адамға тіл-көз тимейді деген Мұхаммед пайғамбардың хадистері бар», — деді Хамзат Қажымұратұлы.
[:]