[:kz]
Байқауымызша, Біләл Қуаныш сынды «шәкірттер» де сөзден ұстатпау стилін Мұхамеджан ағаларынан жақсы үйренгенге ұқсайды. Өйткені, ол соларды сайт арқылы сынағанын «сынадым» демей, ақталған қаз-қатар тақырыптарын «ақталдым» демей, желідегі жұртқа сұлу сөздер тізбегін жасап, «тілін емізіп» қана отыр деп жазады paryz.kz
«Байқаймын, басымды шайқаймын» дегендей, Бекболат Тілеуханның дәрісін тыңдап, Мұхамеджанмен шәй ішкен «шәкірттері» жеме-жемге келгенде, түлкібұлаңға сала бастағандай ма, қалай? Бүгін «Қамшы» порталының иесі Біләл Қуаныш бауырымыз «ұстаздар» алдындағы «айыбын» жуып-шайып, Facebook-тегі парақшасына аталған екі «мықтының» алдында амалсыз ақталған сыңайдағы жазба жариялады.
Одан кейін Ахметбек Нұрсила ашқан «Сақ» моншасында Бекболат Тілеуханның уағыз әңгімелерін тыңдағанын айтады. Көрдіңіз бе, уағызды не үйде, не түзде емес, моншада айтқан! Сонда Біләл бауырымыз дәретханада сөйлеуге, діндар адамның монша сынды кірден арылатын лас жерде уағыз айтуына болмайтынын білмей ме? Бұнысын Бекеңді мақтаған болып «мақтамен бауыздау» деп қабылдамай-ақ қояйық, бірақ, оның бусанып отырып уағыз айтқанын әлеуметке әйгілеуі ыңғайсыз енді.
«Айтайын дегенім, соңғы уақытта Мұхаметжан Тазабековтың Ұлттық арнада «Talim trend» бағдарламасын жүргізуіне байланысты «Қамшы» порталы үлкен талас-тартыстың ортасына айналды. Осыған орай кейбір азаматтардың сұрағына «Бекболат пен Мұхаметжан мырзалармен жеке бас араздығымыз жоқ екенін» айтқым келеді. Ал жұрт пікірін жариялау – тәуелсіз сайттың негізгі ұстанымы. Тиісінше аталған азаматтар өз пікірлерін айтып жатса, оны да жариялауға әзірміз. Қанат Әбілқайыр, Арман Әубәкір үшеуміз саяқ кеткеніміз болмаса, кезінде дастархандас болған әріптес бауырларымызбен әлі де сыйласпыз», — дейді қолына «Қамшысын» ұстаған жігіт.
Шамасы, моншада уағыз айтып, дастарханынан дәм таттырған үлкендер Біләл командасының сайттағы сындарын оқып, «тәйт» деген болып тұр ғой? Кезінде Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабектің қасында болып, жоғарыда аты-жөндерін тізіп өткен басқа да «бір кемедегі» әріптестерімен аралас-құралас жүріп, «жұрт пікірін жариялау – тәуелсіз сайттың негізгі ұстанымы» деген желеуге сүйене қойғаны қызық.
Ел аузындағы екі азамат «тәйт» демесе, Біләлдің «Қамшысы» бір сәтте «Асыл арна» ақшаны қайдан алып отырғаны белгілі болды», «М.Тазабек: «Тәлім Trend»-ке халықтың 1 пайызы ғана қарсы», «Мұхамеджан Тазабек «сәләфи» туралы сұраққа жауап берді» деп мәймөңкелеген үш ақпаратты қатар-қатар жариялар ма еді? Өзі «бессандырақ» ақпараттың Мұхамеджан Тазабекке қатысты тақырыптарының арасынан «қыл өтпеген».
[:]