АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Тоқаев Нью-Йоркте америкалықтарға отандық шоколадтан дәм таттырды[:]

[:kz]

Қасым-Жомарт Тоқаев өйтіп «ас атасын» аяқасты етіп «хайп» жасамай-ақ, шетелдіктердің алдына өзіміздің ұлттық брендтердің бірін ұсына қойды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке ресми сапары кезіндегі кездесулер туралы хабар-ошар аз емес. Алайда, соның ішінде оның америкалық саясаткерлер және сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен кездесуінде қос тарапқа өзіміздің өнімнен дәм таттырғаны назардан тыс қалды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жалпы, көптеген елдерде, әсіресе, славян халқында «нан-тұз» дәстүрі бар. Ондағы ұлттық киім киген сұлу қыздар шетелден келген ірі лауазым иелері делегациясын ұшақтан арнайы пісірлен тәтті нан және тұзбен қарсы алады. Құрметті қонақ нанның шетінен бір үзімін алып, оны тұзға батырып ауыз тиеді.

Еске сала кетсек, биыл 19 тамыз күні Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен оның зайыбы Сара Нетаньяхуды Киевке барған сапарында украиналық дәстүрде үш қыз нан мен тұз ұсынып қарсы алған болатын. Үкімет басшысы нанды үзіп жеп, тағы бір бөлігін әйеліне бергенде, ол нанды жерге тастай салып, құрметсіздік көрсеткен-ді. Кейін Сараның сол қылығын министр күйеуі: «Нанға қатысты дау болмағанда, оны әлем БАҚ-тары осылай шулатып жазар ма еді? Оған үлкен күмәнім бар… Бұл маған кезінде Израильге келген Жапония премьер-министрінің тарихи сапарын еске салады. Ол кезде де қонақтың тәрелкесіне салынған тамақ туфли түрінде безендірілгені сыналып, шу болған. Не дейміз енді? Сол секілді, біз де әлемнің назарын аудартатын бір амал ойлап тапқан секілдіміз», – деп ақтауға тырысқан еді.

Ал кеше Қасым-Жомарт Тоқаев өйтіп «ас атасын» аяқасты етіп «хайп» жасамай-ақ, шетелдіктердің алдына өзіміздің ұлттық брендтердің бірін ұсына қойды. Сол суретті өзінің Instagram парақшасының статусына жүктеген asem_qazaqstan есімді желі қолданушы: «Тоқаевтың Нью-Йорктегі америкалық саясаткерлер және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесуінде «Қазақстан» шоколадтары қойылды» деп жазды. Әне, «сыйға – сый, сыраға – бал» жасаудың қалай болуы керектігін біздің қазақ жақсы біледі. Бірақ…

Бірде Сенаттың пленарлық отырысында сөз сөйлеген депутат Сәрсенбай Еңсегенов мемлекеттік рәміздерді пайдаланатындарға көңілі толмайтынын жеткізген болатын. «Мыңдаған кішкентай жалаулар іс-шараларда қолданылады. Кейін оны адамдар таптап, қоқыс жәшігіне лақтырады. Тағам өнімдерінің қабына да мемлекеттік рәміздер пайдаланылады», – деп кейіген еді сонда ол.

Нан мен тұзға қатысты мысал келтерсек те сол, биылғы 24 шілдеде «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонда тұзды кезең-кезеңмен 1 грамға төмендету бойынша нан-тоқаш өнімдерінің рецептурасын өзгерту керектігі айтылды. Өйткені, ДСҰ ұсынымдарына сәйкес, тағам өнімдеріндегі тұздың санын азайтуды жаппай тұтыну өнімі ретінде наннан бастау неғұрлым тиімді.

Сонда дейміз-ау, шетелдіктерге шоколадтың сыртын безендірген туымызды таптатпасақ, олар бізге денсаулыққа зияны бар тұзды нанмен қоса ұсынбаса, қайтпек керек? Әлемдік саясатта да ұлттық дәстүрдің басқаша ретін тапқан жөн шығар, бәлкім…

 Skifnews.kz

[:]