АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Тоқаев пен Қосановтың 7 артықшылығы[:]

[:kz]

1-мамыр. Тиісті орындардың мәлімдеуінше, 80 адам заңсыз митинг барысында ұсталды. Олардың алды 10 күнге қамалды, ал қалғандарына айыппұл салынды. Бірер сағаттың айналасында көпшілік жерде «өз пікірімді ашық білдіремін» деп 100 мың теңге айыппұл алғандар бар. Ұсталғандардың барлығы әрине  айыппұл арқалап қайтты. Жергілікті құқық қорғау органдарының тағылық әрекеті президенттік сайлау алдында қарапайым халықтың көзқарасы мен позициясын бұрынғыдан да айқындай түсті деп тұжырым жасауға болады.

Демек құқық қорғау органдарының бұл ісі сайлау барысына және азаматтардың таңдау құқына алдағы уақытта әсер етуі мүмкін. Қарсы  болғандар бүгінгі билік жүйесіне наразылығын ертең 9 маусым күні дауыс беру арқылы білдіреді.  Ал шаш ал десе, бас алатын біздің полицейлер мұны ескерген жоқ және түсінбейді де.  

Мұны неге айтып отырмыз? Жалпы қалай айтқанда, ел тағдыры шешілер алдында билік Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтқандай, «компромистік диалогқа» дайын болуы керек еді. Өкінішке қарай олай болмай шықты. Алдағы сайлау бұл кешегі  қудалау, ұстау, қысым жасау  әрекеттерін  ұмыттырады деп айту қиын.

Сондықтан алдағы сайлау бұрынғылардан өзгерек болады. Неге? Біріншіден 9 маусым күнгі президенттік сайлауда бұрынғыдай 97,75 пайызды ешкім де ала алмайды. Өйткені бұл 2015 жылғы президенттік сайлау емес. Халықтың санасы оянған. Егер билік кедергі жасамаса…

Ал бұл жолы президенттікке үміткер ретінде әртүрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардан ұсынылып жатқан Дания Еспаева, Жамбыл Ахметбеков, Сәдібек Түгел және басқалар халықтың сеніміне кіріп, қаншалықты толыққанды дауыс жинай алады? Күмән көп. «Ақжолдың» съезінің өзінде «президент болғысы» келгендер көп болды. Ақырында бәрі жабылып, кандидат ретінде әйел адамды ұсынды. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? «Ақжолдың» әйелі көп дауыс ала алмайды. Дәурені өтіп, күні өтіп бара жатқан коммунистерге де бүгінгі қоғам қырын қарайды. Сондықтан Жамбыл Ахметбековке президенттік креслодан дәмеленбей-ақ қоюына болады. Ал Ақ ордаға кіріп шыққысы келген Әлиев екілік баға алды.  Амангелді Таспихов пен Сәдібек Түгел, Төлеутай Рахымбековтер айды аспанға шығарады деу қате. Демек, Тоқаев пен Қосановтан өзге кандидаттар 9 маусым күні ары кетсе, 30 мың 150 мыңның аралығында ғана дауыс алуы мүмкін. Сондықтан қазіргі саяси ахуал мен халық таңдауын сараптай келгенде, таразының екі басында Тоқаев пен Қосанов қалатыны  анық.

Неге біз екі кандидатты ғана қалап отырмыз? Өйткені…

  1. Тоқаевты бүгінгі билік қолдап отыр.
  2. Сондықтан жергілікті билік қалай айтқанда да, Қасым-Жомартты қолдап дауыс беруге мүдделі.
  3. Оның кандидатурасын еліміздегі жетекші партия Назарбаев төрағалық ететін «Нұр Отан» ұсынды.
  4. Бірақ бүгін президент тағында отырған Тоқаев –таза адам. Оны жоққа шығаруға болмайды.
  5. Қасым-Жомарт Кемелұлының ешқандай қаржылық-өндірістік топтарға қатысы жоқ.
  6. Тоқаевтың есімі жер жаһанға белгілі.
  7. Ол ұзақ уақыт бойы еліміздің сыртқы саясатына басшылық етті, халықаралық саясатты терең меңгерген.

Аталған критерийлер президенттікке кандидат ретінде ұсынылып отырған Тоқаевтың басқа қарсыластарына қарағанда басымдылығын көрсететіні рас. Бірақ президент Тоқаевтың «Президенттік сайлаудың әділ өтуіне кепілдік беремін» деген сөзін практикалық тұрғыдан ескерер болсақ, бұл қаншалықты ақиқат? Егер сайлау шын мәнінде әділ өтетін болса, Тоқаевқа басты қарсылас Таспихов емес, Әміржан Қосанов қана бола алады. Неге? Ал Қосановтың басқа үміткерлерден қандай артықшылығы бар?  Атап көрейік…

  1. Ол соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы пікірін билікке ашық білдіріп келе жатқан қайраткер.
  2. Қосанов өз ұлтын ешқашан сатқан емес. Ол оппозицияда жүрсе де, ұлттық мәселеге келгенде халықтың пікірін жоғары қойған азамат.
  3. Билік бірқатар қызмет ұсынса да ол  мүлде бас тартқан. Билікпен ымыраға келмеген адам.
  4. Әміржан Сағидрахманұлы әлеуметтің, бұқараның қалың ортасында күнделікті сөйлесіп, халықпен бетпе бет жүздесіп жүрген жігіт. Ол елді алаңдатқан мәселелерді өте  жетік біледі.
  5. Оны үміткер ретінде Дос Көшім басқаратын «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысы ұсынып отыр. Демек ұлтжандылар, мемлекеттік тіл мен қазақ мәселесі алаңдатқан Қазақстандағы азаматтардың барлығы да осы сайлауда Қосановтың маңайына жиналады.
  6. Бүгін президенттікке ұсынылып отырған басқа кандидаттардың есімін халық ертең-ақ ұмытады. Ал Қосановты  өмір бойы оппозицияда келе жатқан тұрақты және өзгермейтін көзқарасы үшін құрметтеуге болады.
  7. Әміржан Қосановтың мамандығы – журналист. Жазу-сызудың айналасында жүргендер мен руханият және зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі, сонымен қатар, жаңа Қазақстанды көргісі келетін көкірегі ояу 25 пен 50 жастың айналасындағы азаматтардың көпшілігі Қосановқа дауыс беруі мүмкін.

Әрине, біз  9 маусым күні өтетін президенттік сайлауда басты қарсылас бола алатын екі үміткерді атадық. Бірақ Тоқаев осы уақытқа дейін қордаланып келген  проблемаларға кінәлі емес. Анығы, халық  бұрынғы жүйеге бас ұрғысы келмейді. Оның үстіне 21 сәуір күні Украинада өткен сайлау көп нәрсені аңғартып кетті.  Сөйтіп, сахнаға жаңа кейіпкер шықты. Бірақ Зеленский Украинаны көгертіп, көктете ала ма? Ол басқа мәселе десек те, Украинадағы президенттік сайлау қазақстандықтарға да ой салды деп айтуға болады. Бұл бір.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосановтың сайлауалды дайындығы басқаларға қарағанда өте күшті, қуатты қарқын алды десек те болады.

 

Тоқаевтың сайлауалды штабына Қазақстанның танымал, белгілі адамдары кірді. 200-ге жуық адам. Қасым-Жомарттың артында мемлекеттік машина мен жергілікті билік пен «Нұр Отан» тұр. Ал Әміржанның сенгені – қалың бұқара. Қосановтың да штаб мүшелері осал емес. Онда жұмыс істеп жатқандар ұлтжанды саясаткерлер және IT технологияны терең меңгерген жаңа заманның жастары.

Тоқаев twitter-ді   тиімді пайдаланса, Қосанов  фейсбук пен   Youtube -те жанкешті жұмыс істеп жатыр. Қосанов қазір сайлауалды штабында блогерлерді де тиімді пайдалануда. Оның журналистік мамандығы мен екі тілде еркін сөйлеп, бұлғақтамай көзқарасын ашық айтатыны кандидатты «халықтық кейіпкерге» айналдырып жіберуі мүмкін

. Әлеуметтік желіде пікірін білдірген Әміржан «Менің сайлаудағы басты қарсыласым – Тоқаев»,– деді. Сондықтан Тоқаевтың да басты қарсыласы Қосанов болуы әбден ықтимал.

…Кім жеңеді? Бәрін уақыт көрсетер. Тек сайлау әділ өтсе дейміз.

«Қамшы» сілтейді

[:]