[:kz]
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алды. Екпе салдырғаннан кейін Президенттің денсаулығында ешқандай кінәрат байқалған жоқ. Өзінің жұмыс кестесіне сәйкес қызметін қызу атқарып жатыр», — деп жазды ол.
Берік Уәли Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі вакцинация қарқынын төмендетпеу керек деп санайтынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы екпе салдыру барлық шектеулерден арылтып, қайта қалыпты өмірге бастайтын, COVID-19 пандемиясын жеңетін жалғыз жол екеніне кәміл сенеді», — деді президенттің баспасөз хатшысы.
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ғалымдар әзірлеген отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеген еді. Алайда кейін президенттің «Спутник-V» вакцинасын салдырғаны белгілі болды. Препарат Қазақстанда өндірілген.
Тоқаевтың неліктен ресейлік препаратты таңдағанын көпшілік түсінбеді. Кейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы келесіде отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеді.
Бірақ мамандар вакциналарды араластыруға болмайтынын атап өтті.
[:]