[:kz]
Жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, лингвист-ғалымдар мен сарапшылардың қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының нәтижесі бойынша баяндама жасады.
Ақтоты Райымқұлова ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасын ұсынды. Жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс — бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа әліпбидің мектептер мен білім беру ұйымдарына жүйелі түрде енгізудің алдын ала дайындық кезеңдері, ұстаздарды, оқулықтарды даярлау мен әдістемелік құралдарды жаңарту мәселесі бойынша ақпарат берді. Оның айтуынша, барлық шаралар кешенді түрде кезең-кезеңімен, алдын ала толық дайындық жүргізілгеннен кейін ұйымдастырылатын болады.
Мемлекет басшысы кеңесте қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, әліпби жобасы ғалымдармен бірге толық зерделеніп, Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды. Аталған комиссия отырысының қорытындысы шыққаннан кейін Үкімет жетілдірілген әліпбиді бекіту туралы Жарлық жобасын Президент Әкімшілігіне енгізуі тиіс. — Жаңа әліпби бастамасы — бұл күрделі әрі шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті, бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе, асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе — кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек.
Латын әліпбиін енгізу жұмысы біртіндеп жүзеге асуы керек. Негізінде, бұл графика жас ұрпаққа арналған деп айтуға болады. Оның игілігін, ең алдымен, солар көруі керек. Сондықтан, бұл үрдіс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет, — деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне ғалымдарды, сарапшылар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізу туралы тапсырма берді.
[:]