[:kz]
Біздің елде көп әйел алу мәселесі жиі көтеріледі. Неге? Себеп белгілі. Біз — аз халықпыз, демография керек.
Елде «кәрі қыздар» тым көп. Егер де солардың бәрі тізесін құшақтап отыра бермей, екінші әйел болып күйеуге тисе, өмірге ұрпақ әкелсе — ұлттың санын өсіруге үлкен дем бермек. Бастама жақсы. Бірақ сол кәрі қыздардың бәрі байға тисем деп аңсары ауып тұр ма? Мәселе сонда. Қыздардың көбі әйел үстіне әйел болып барғаннан гөрі, жеке өмір сүргенді ұнатады. Көздегендері — оқу, жұмыс, машина, мансап т.б. Әрине, күйеуге тиіп, бір отбасын ұстап, бала сүйгісі келетіндер де жетерлік.
Бірақ қос-қостан әйел алғандардың бағы жанып, асығы алшысынан түсіп жатыр деуге келмейді екен. Соның бірі — менмін.
«Екі сиыр айран, екі әйел ойран» дегенге көзім жетті. 2000 жылдардың басында кәсіпкерлікпен айналыстым. Жолым болды. Бизнесім дөңгеленіп кетті, қалта толы ақша. Үй, көлік қос-қостан болды.
Ия, қазақ байыса, қатын алады! Баймын ғой, менің де көңілім жас иіске ауды. Өзімнен көп жас кіші қызды ұнатып қалдым. Ол да кет әрі болған жоқ. Өйткені ол жоғарғы оқу орнын бітіріп жатқан. Оған дайын үй, жақсы машина, мол ақша керек болғаны белгілі. Әйел үстіне әйел болып тиюге қарсы емес екенін білдірді. Ойымды үйдегі әйеліме жеткіздім.
«Жиырма жылдай өмір сүрдік. Балалардың алды ер жетіп қалды. Жағдай жоқ емес. Бір емес, бірнеше әйел ұстауға мүміндігім бар. Қартайып тұрғаным шамалы. Бойда қуат бар. Қарсы болмасаң, тоқал алайын. Ұрпағымды көбейтейін. Бәлкім, бірге тұрарсыңдар, болмаса бөлініп жеке-жеке үй болып тұрарсыңдар», дедім.
Бәйбішем ойланды. Қиналды. Ақыры рұқсат берді.
Әу баста бәріміз бір үйде тұрдық. Екі әйелдің арасы тату секілді болған. Оған өзім де қуанып жүрдім. Тіпті туған-туыс, дос-жарандардың ортасында «мен секілді қос-қостан әйеліп алып, шалқып жүрмейсіңдер ме», деп бөсіп те қоятынмын.
Бар пәле екінші әйелім босанып, өмірге егіз бала дүниеге келген соң басталды. Шындығы сол, бәйбішеден туған балалар ер жетіп қалған соң, оларға деген сүйіспеншілігім, мейрімім сәл азайып, тоқалдан туған қос құлынға бар көңілім ауып кетсе керек. Содан ба, бәйбішем екеуміздің арамызда жиі сөзге келіп қалушылық көбейді. Бәбішем мен тоқалым да қабақ шытысып қалатынды шығарды. Бәйбішемнен туған балалар да тоқалыма теріс қарай бастады. Осылайша отбасында жанжал шықты. Бір күні шай үстінде басталып кеткен ұрсыста, бәйбішем мен одан туған балаларым «тоқалың жеке тұрғаны дұрыс» дегенді тік айтты. Амалсыз олардың айтқандарына көндім.
Тоқалымды егіз ұлыммен басқа үйге шығарып, жеке отау еттім. Бәйбіше мен тоқал ортасындағы дау сонымен тыныштала ма деп едім, болмады. Қайта үдеп кетті. Бірде ана үйге, бірде мына үйге қонып, екі ортада өзімнің мазам кетті. Екі жаққа да қадірім болмады.
Бәйбіше жағым: «Бар тапқан табысыңды тоқалыңа тасып, бізді ұмыттың. Сол тоқалыңмен қараңды өшір. Үйге келме», деп тілдесе, тоқалым: «Бар тапқаныңды қаңсып қалған қатыныңа тасып жүрсің. Егіз ұл туып берген мені көзге ілмейтін болдың. Не олармен бол. не бізбен бол», деген талап қойды. Екі қатынға да ақырып, жұдырық ала жүгіріп, біраз шықпыртқан болдым. Бірақ әйелді ешуақытта жұдырықпен жеңе алмайды екенсің. Олар өз дегендерінен қайтпай отыр. Екі ортада сорым қайнап мен жүрмін.
Бизнестен мән кетті, отбасынан сән кетті. Бүйтіп екі қатын алғаным құрысын!
Бір қатынмен жүріп, одан ша көңілдес ұстағаным дұрыс па еді?
Қазір «көп әйел алыңдар, тоқал алыңдар», деп айтқыштар көбейіп кетті. Әрине, айтуға оңай. Ал алған соң жарасып кетсең жақсы. Ал жараспай, мен секілді екі оттың ортасында қалсаң, несі жақсы?!
Екі әйел деп жүріп, екеуінен де айырылып мен секілді сорлап қалмаңдар дегім келеді. Қазақтың «екі әйел – ойран» дегені осы екен ғой.
Жомарт Төреғалиұлы
[:]