[:kz]
Біз осының алдында ғана қатты жауын-шашын салдарынан, Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу өзені тасып, бірнеше ауыл тұрғындарын әбігерге түсіргенін жазған едік. Енді Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылдық округінде 30 үйдің ауласын су шайып, 2 қораны құлатты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше, яғни 13 мамыр күні 19:30 шамасында Өрт сөндіру бөлімінің байланыс торабына Жігерген ауыл округтері тұрғындарынан үйдің ауласына жаңбыр суы жиналғаны туралы хабар түскен. Содан оқиға орнына Қазығұрт ауданының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері шығыпты.
«Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінен 15 қызметкер мен 6 техника жетіп, 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде» делінген баспасөз хабарламасында.
Орын алған жағдайлар бойынша зардап шеккендер жоқ. Келтірілген залал шығындары есептелуде.
[:]