АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Түгенбайдың Тазабектің жиынына айтқан сөзі[:]

[:kz]

Өмірмен хош айтысам деп шешім қабылдаған адамды өлімнен ешнәрсе тоқтата алмайтын секілді, өшем деген ел де өзінің  тұңғиығына қарай бас-көз жоқ жүгіреді екен. Мен соны ұқтым. Кім сатқын, қайсысы билікпен ауыз жаласты, кім оң, кім солақай деп қоғамның озық ойлы азаматтары бір-бірінен күмәнданып жүргенде ваххабизм ағымын таратушы топтар өздерінің аяр пиғылын жүзеге асырып жатыр. 

Бастапқыда өз адепттерін халықтық дәстүрден ада қылмақшы болған, ұлттық музыка — харам, домбыра үні — харам деп уағыз айтқан олар, ел ішінде дәстүрлі ұлттық құндылықтар әлі де мықты екенін сезіп, басқа тактикаға көшті. Енді олар ата-баба дәстүрін қолдаушы күш ретінде көрсетпек өздерін. Ваххабтардың рупоры, қызыл тілді ораторы Мұхамеджан Тазабек Алматының төрінде, анау-мынау емес, еліміздегі ең ірі республика сарайында, 5000 адамға дейін жинай алатын залда халықпен тегін кездесу өткізіпті. Қайталап айтам, ТЕГІН. Бұл ғимаратты бір кешке жалдау 10 миллионнан кем тұрмайды. Ал оны төлеп берген кім? Мұхамеджанның өзі ме? Қайдам, әрбір кездесуіне сондай ақша шаша берсе, байғұс дамбалсыз қалар. Айтайын дегенім, мұндай альтруисттік шараны біреу қаржыландырғаны түсінікті. Мәселе кім екенінде. Кім болса да қалтасы қалың адамдар. Ал мұндай шығынға не себептен барып отыр ол адамдар? Демек бір мақсат бар.

Ол мақсат біреу ғана — халық назарын өздеріне аудару. Ал аударып болған соң, өз идеологиясына жетектеу. Идеологияны жүргізу ілімінде бір мызғымас қағидат бар. Ол — бұқараны өз қалауыңа көндіргің келсе, онда алдымен сол бұқараның қалауы мен талғамы деңгейіне дейін түс

. Солардың мақсат-мұраттарын қайталап өзіне айт. Айта бер, айта бер. Содан соң ғана, бұқара сенің олармен бір екеніңді сезген соң қолынан ал да, жетектегендей етіп өз жолыңмен ертіп алып жүре бер. Сонда олар сенің жетегіңде қайда болса да еріп жүре береді. Дәл қазір ваххабтардың ұстанып отырған саясаты осы. 

Қазақтың ата дәстүріне берік екенін түсінген соң, олар бүгінде қазақтың мызғымас аксиомаларын сендердің өздеріңе қайталай бастады. Өздерің логикаға салып көріңдерші, жаңалық ашты ма қазаққа? Жас үлкенді, ұл әкені, қыз әке-шешені құрмет тұту, әйел-ерді, ер-әйел затын, оның ішінде балаларыңның анасын сыйлау қағидаттары сіздерге жаңалық па? Айтыңдаршы, таңсық па? Жоқ. Жаңалық емес. Сөйте тұра, ойбай, біздің елімізді құтқарар күш жалғыз осылар дегендер күн асып өсіп бара жатыр. Кешегі кеш соның куәсі.

Жиынға барып, таңдай қағып, ауыздарының суы құрып БАҚ өкілдеріне интервью беріп жатқан өзім танитын зиялы ағаларымды көріп жағамды ұстадым. Біз азат қазақ санасы үшін күресте ұтылудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Ал бәріңнің ойлау қабілеттеріңді есеңгіреткенде не болатынын  айтайын ба?  Әрине, алдымен бала әкені, жас үлкенді тыңдауы тиіс дегеннен басталады. Содан әрі жыныстық бөлу басталады. Әйел еркекке бағынышты болу керек дейді олар. Еркек не айтса сол заң. Одан соң жамағат басшыларының айтқаны заң болады сіздерге. Сөйтіп өздеріне ғана бағынышты иерархия құрылады. Сол кезде сендерге кез келген авторитаризм демократияның көкесі болып көрінеді. Себебі еркін ой, азат сөз деген ұғымдар мүлде жойылады. Тек ИГИЛдағыдай соқыр сенімге бас иесіңдер.    

Сосын бәрің де құдайдың ҚҰЛЫСЫҢДАР, демек құдайдың осындағы уәкілі, біздің дегенімізбен жүреуге тиіссіңдер деп шешім шығарады. Сонда сендер бүгінгі күнге зар болып қалатын боласыңдар. Кеш болмай тұрғандарда ойланыңдар, алаштың азат азаматтары. Нендей бұғауға өз еріктеріңмен кетіп бара жатқандарыңды бір сәт болса да, ойланыңдар. Билік бұл жерде дәрменсіз. Әркім өз санасына жүгінуі тиіс.

Материал Мұхтар Түгенбайдың «Facebook» парақшасынан алынды.

Жас Алаш

[:]