[:kz]
Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Павлодар облысында 19 жастағы мұғалімді зорлаған қаскөйге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды zakon.kz.
«Павлодар-онлайн» сайтының хабарлауынша, ол Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
— Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен және сарапшылардың қорытындыларымен дәлелденді. Ол 15 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі бап бойынша ең ауыр жазаға кесілді, ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өткізеді. Сондай-ақ, моральдық зиян үшін өтемақы жәбірленушінің пайдасына өндірілді, — деді соттағылар.
Естеріңізге сала кетейік, ауылдағы зорлық-зомбылық фактісі туралы «Не молчи» қоры Facebook-тағы парақшасында хабарлаған. 19 жастағы қыз Аққұл ауданы Майқарағай ауылында мұғалім болып жұмыс істейді.
Үйінде интернет дұрыс ұстамағандықтан, оның мектепке түнде баруына тура келген. 25-26 ақпанда жергілікті тұрғын оны жолда қолға түсіріп, қараусыз жатқан үйге сүйреп апарып, зорлаған.
Жаман ойын жүзеге асырған күдікті басқа ауылға қашып кеткен, полиция оны 24 сағат ішінде тапты.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, 2017 және 2018 жылдары бұл ауыл тұрғынына мал ұрлады деп айып тағылған, алайда сотта ол жәбірленушілермен татуласқан.
2010 жылы тағы бір әйел сол адамға қарсы зорлау туралы ауызша полицияға арызданған, бірақ одан жазбаша өтініш түскен емес. Қылмыстық іс қозғалған жоқ.
Бұл жолы іс сотқа жеткізіліп, сол жерде ауыл тұрғыны сотталды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша: жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіретін зорлау фактісі бойынша, (Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағы) және қорқыту арқылы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша жауапқа тартылды (Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағы).
[:]