[:kz]
Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының басшысы С.Саргизова қызметкерін ұрып, жұмыстан шығарып жібергені турасында материал келіп түсті. Ғалия Ақпанбекова атты қызметкердің айтқандарын еш өзгеріссіз оқырман назарына ұсынып отырмыз. Қарсы тараптың айтар уәжі болса, оларға да мінбер беретінімізді ескертеміз.
Abai.kz ақпараттық порталы
Мен Ақпанбекова Ғалия Рамазанқызы 2017 жылы отбасы жағдайыма байланысты Теміртау қаласына көшіп келдім. Тұрақты жұмысқа тұру мақсатында біршама мекемелерге мамандығым бойынша түйіндеме қалдырдым. Осы жылдың шілде айында Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына жұмысқа шақырылдым.
Жұмысқа шыққан алғашқы күннен бастап Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың келуіне орай жүргізіліп жатқан қызу дайындыққа менде өз үлесімді қостым. Бір аптаның ішінде экспозиция залдарындағы жәдігерлердің мәтіндерін музейлік стандартқа сай қайта жазып ауыстырып шықтым.
Келесі тамыз айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрмелер өткізуге ұсыныс білдірдім. Мекеме басшысы С.Саргизова басында түсінбеушілік білдіріп қарсы болғанымен соңында қолдау білдіруге мәжбүр болды.
Сонымен 2017 жылдың 24 тамызында Облыс көлемінде алғашқы болып аталған бағдарлама аясындағы алғашқы көрменің салтанатты ашылуын өткіздім. Көрме «Ұлытау әлемі» деп аталды. Көрмеде «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бойынша Қарағанды облысынан енген киелі жерлердің тарихымен Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері жайлы мол мағлұмат берілді. Көрермендер жылы қабылдады.
Рухани жаңғыру мақаласы бойынша келесі көрмені «Туған өлке тарихы» деп атадым. Бұл көрмені ұйымдастыруды Шет аудандық музейімен бірлесіп өткізуге шешім қабылдадым. Осы көрменің ерекшелігі ол – қазақ халқының атақты батыры Ағыбай Қоңырбайұлының өзі қолданған, бірнеше жылдар мазарында тұрып кейіннен 80 жылдай уақыт ұрпақтарының қолында сақталып келген самаурынның алғашқы болып көрмеге қойылып, халық назарына ұсынылуы. Міне осы аталған көрмені ұйымдастыру барысында біздің басшымыз С.Саргизова тарапынан кедергілерге тап болдым.
Шет ауданы, Ағадыр стансынан шалғайда орналасқан Киікті ауылына барып батырдың ұрпақтарымен танысып самаурынды алып қайтуға шағын экспедицияны жартылай өз қаражатыммен ұйымдастыруға тура келді. Біздің басшымыз С.Саргизова «мұндай көрме неге керек, сол самаурынсыз өткізе салмайсың ба?..» — деген сияқты біраз артық әңгімелер айтты. Соңында жүз литр бензинге ақшаны зорға сұрап алдым. Ғылыми-жинақтау жұмыстарына С.Саргизова не өзі қатысуға, не орынбасарын жіберуге ниет білдірмеді.
Ағыбай батырдың самаурыны жайлы ақпарат республикалық, жергілікті ақпарат беттерінен кеңінен жарияланды. Бұл дегеніміз біздің еңбегіміздің ақталғаны деп қуанып жүрдім.
Бірақ мекеме басшысы С.Саргизова атқарып жатқан жұмыстарыма алғыс білдірудің орнына «Сен өзіңе пиар жасап жүрсің, …неге интервью бересің? …Неге елдің алдына шыға берсің? …Президент орталығына менің орнымды алу үшін келдің бе?» -деген сияқты сөздерімен соңымнан қалмады.
Мен Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығындағы «Экспозиция көрмемен жабдықтау» бөлімінің басшысы болғандықтан әрбір көрмеден үлкен сенсация жасамасам да жақсы деңгейде өткізу керек екенімді айтып ақталумен болдым.
Қазан айында кезекті көрмеге дайындық ұйымдастыру кезінде басшы С.Саргизова маған келер жылы ғимаратқа үлкен көлемде қаржы бөлініп жатқанын, ғимарат наурыздан бастап жөндеу жұмыстарына жабылатынын айтты. Мен бұл жаңалыққа: «ашылғанына бес жыл болған ғимаратқа несіне сонша ақша бөліне береді, оның орнына бір жаңа қазақ мектебін салып бермей ме? Кезінде С.Ахметов әкім болып тұрғанда осы орталықты сән-салтанатымен ашып, Елбасын бір емес екі рет шақырып көрсеткен болатын, мұны бәрі жақсы біледі. Осы жолы сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізеді деп уәде бере аласыз ба немесе тағы да осылай шұрық-тесік болып экспозиция залдарынан жаңбыр сорғалап тұрады ма?» — деген сияқты пікірімді білдірдім. Міне осы пікірім қатты әсер етті ме немесе менің жұмыста тым белсенді көрініп музей саласын біршама жақсы білетінім әсер етті ме білмеймін, С.Саргизова мені сол қазан айының 31-де жұмыстан бұйрықпен шығарып тастады. «Өзің кінәлісің, қоймайтын сұрақ қоясың, енді қайда барсаң онда бар, мен ешкімнен де қорықпаймын, менің артымда кім тұрғанын сен білесің бе?» — деп көкірегін керіп асқақтап сөйлеп жұмыстан босатты.
Мен үндемей кете салудың орнына көптеген құзыретті орындарға шағым түсірдім. Сот процестері басталғанда маған Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығындағы «Келісім комиссиясына» өтініш жаз деген ұсыныстар түсе бастады. Мен сол өтінішті жазғаным сол еді, бірден қайтадан жұмысқа қабылдады. Еңбек кітапшамдағы бұйрық өзгертілді. С.Саргизова өз тарапынан үлкен қателік жібергенін айтып ақталып бақты. Адам болған соң бір-бірімізге кешірім білдіргеніміз дұрыс шығар деп әрбір айтқан сөзіне берген уәдесіне сенім білдірдім.
Жұмысқа қайта шығысымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздарына арналған көрмені, одан кейін қарт спортшы А.Исақовқа наурыз мейрамына, Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығына тағы да басқа көптеген тақырыптық көрмелерді ұйымдастыруға кірісіп кеттім.
С.Саргизова басшы ретінде өз сөзінде тұрып әріптестер алдында берген уәдесін орындайды деп сенгенмін, бірақ өкінішке орай бұл адамның сана-сезімі кек қайтарумен, ұрыс-керістен аспады. Күнделікті жұмысының басын менімен ұрысудан кабинетке кіріп айғайлаудан, жұмыс істеуге қасақана кедергі келтіруден бір тынбады. Бірнеше рет менің жеке жұмыс компьютерімді әдейілеп бұзып тастады, кабинетіне шақырып алып қол көтерді. Шыдамның да шегі бар деп прокуратураға жаздым, бірден жанына директор орынбасары Р.Мұстафинді, Н.Ильясованы, бөлім басшысы Д.Кетебаевты, Қ.Мамбетовты алып қайтадан кешірім сұрап өтініштерді қайтып алуымды өтінді. Бұл кісілер ораза айында адамдар кешірімді болу керек деп екеумізді жалынып-жалпайып райымыздан қайтарды. Сонда бұл не өзі, бәрін өзі бүлдіріп ойына келгенін істеп алады да, артынан жылап-сықтап қармағандағы адамдарды пайдаланады, оларға айтқанын істетеді. Не деген екіжүзділік немесе ұятсыздық деп айтар едім. Адамдардың сенімін ақтамау, ойыншыққа айналдыру, мазақ қылу. Мұның бәрі қолындағы билігін асыра пайдалана білудің бір көрінісі. Неге бұл адамға сонша кешіріммен қарағаным өзіме түсініксіз. Осы жиналыстардың бәрінің хаттамалары менің қолымда бар.
Наурыз мейрамына арнап көрме өткізуге киіз-үй жабдықтарын іздеп шарқ ұрып жүрсем жұмыста жоқсың деп менің айлығымнан мың теңге ұстап қалды. Киіз-үй жабдықтарын бір күнге жалға алуға 30 мың теңге сұраса мен оны ақысыз тауып беруге көндіріп алып келдім. Қызметкердің еңбегін бағалаған түрі осы. Сол мың теңге үшін дау-дамайға бармадым. Менің еңбегіммен жасалған әр көрмеде С.Саргизова алдыңғы планда фотоға түсіп барлығын өзі жасап жатқандай сыңай танытып Мәдениет басқармасына фото-есеп жіберіп қатты қадағалайды. Менің қатысуыммен өткен іс-шара фоталарын көрсетпеуге тырысып келді. Бәрін біліп жүрсем де көз жұмып келдім. Себебі парасатымен санасы осыған жетіп тұрған адамға бірдеме айтудың өзі бос әурешілік екенін түсіндім.
2018 жылдың бірінші жарты жылдығына жоспар бойынша 7 көрме болса, іс-жүзінде менің бөлімім 13 көрме жасады. Бөлімде бар-жоғы екі адамбыз. Мұның бәрі білім мен біліктіліктің арқасы екені белгілі.
Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының екі конференц залы бос тұрғанын көрген жоқпын, Теміртаудың мекемелері, тауар маркетингімен айналысатындар жалға алып күнде бір іс-шаралар өтіп жатады. Бір зал 35 мыңға, екінші үлкен зал 45 мыңға беріліп отырса мекемеге қомақты ақша түсетіні айдан анық. Осыған қарамастан бірде-бір көрмені жасауға қаражат бөлінбейді. Ескі-құсқыны құрастырып бардан жоқ жасап әйтеуір білгенімізді істейміз. Ал С.Саргизованы бұл сұрақтар қызықтырмайды. С.Саргизова бір жыл бойы жұмысқа менен қалай өш алсам деп жоспар құрумен келіп жүрді. Оған мен ғана емес басқа әріптестерім де куә. Ісіне қарап ұялумен жүрдік. Түсінер, қояр деген үмітіміз болғанын жасырмаймын.
Мен әрбір көрмені немесе экспозицияны құру барысында ғылыми тұжырымын, жәдігер сұрыптау жұмыстарын, жәдігер мәтінін дайындау, аннотациясын, экспозиция құрылымын, экскурсия жүргізу сияқты жұмыстарды толығымен өзім атқарып шығамын. Яғни жұмыстың барлық процестерін өз көзіммен көріп, өз қолыммен атқарамын. Бұл мен үшін өте маңызды.
Осы жұмыстардың бәрін мен С.Саргизованың ойынша мақтану үшін, өзіме пиар жасау үшін жасайды екенмін. Немесе өзімді көрсетіп оның орнын тартып алайын деп жүріппін. Қандай көріпкелдік? С.Саргизова сияқты басшылардың сана-сезімі осы деңгейден аспаса біздің болашағымыз не болмақ? Біз неге осындай басшыларға тәуелді болуымыз керек? Неге бәріне шыдап бас шұлғып отыра беруіміз керек? Мен сияқты арасында біреулері бас көтерсе болды, ол адамға барынша күйе жағып, билігін пайдаланып әйтеуір көзін құртып тынады. Бұл бір С.Саргизова емес, көп жерлерде осындай жүйе қалыптасқан.
Біз не үшін білім аламыз, оқимыз, тәжірибе жинаймыз мұның бәрі С.Саргизова сияқты басшылар жарқырап көріну үшін бе? Біз сияқты қатардағы қызметкерлердің адал еңбегін осындай басшылар ұтымды пайдаланады. Қарапайым қызметкерді арқасында өзін көрсетеді. Керек болмаған кезде оп-оңай құтыла салады. Біздің жүйе осындай. Әділдік жоқ.
Бірнеше жылдар медсестра болып, одан кейін ГАИ саласында еңбек еткен С.Саргизова қандай еңбегімен музей басқаруға таңдап алынды? Бұл арасы бізге түсініксіз. Айналдырған бір жылда өзі аз ғана ұжымнан бірнеше адам өз еркімен жұмыстан кетті. Бұл С.Саргизова жүргізіп отырған кадрлық саясаттың жемісі.
Музей саласында 20-30 жыл жүрген білікті әріптестерім неге келмейді басшылыққа? Бұл арасы да түсініксіз… Бізде жас мамандарға, біліктілігін шет елдерде арттырып келген кадрларға өсуге мүмкіндік жоқ. Себебі кейбір музейлерде басшылар 30 жыл отырады тапжылмай. Құдды осы бір орынды жетпіс жетінші атасынан мұралыққа алып қалғандай. Осы мәселені көтеретін уақыт жеткен сияқты. Бәрі бір стандартта жұмыс атқарады. Саны бар сапасы жоқ іс-шараларды өткізіп, Мәдениет басқармасына фото-есеп береді, олар әрі қарай жібереді, болды сонымен жұмыс бітті.
Ойланып қарасаңыз «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптеген жұмыс атқаруға болады. Ағыбай батырдың самаурыны сияқты құнды дүниелер әлі де болса халықтың қолында бар немесе әр өңірде тылсым сырларға толы киелі орындарда жетерлік, аты шықпаған небір шеберлермен ұсталарымыз, шежіреші қарттарымыз тағы бар. Міне осы бағытта музейлер арасында рейтингке тапсырмалар берілсе, жаңалық ашқан қызметкерлерге сый-ақылар берілсе неге жұмыс істемеске? Зерттеу жұмыстарымен айналысудың орнына С.Саргизова сияқты билікқұмар басшылармен алысумен уақыт өтіп жатыр.
Біздің былыққа батқан музей саласы жастарға осындай үлгі беріп отыр. С.Саргизова басқаларына бастарын көтеріп сөйлей алмайтындай үлгі көрсетіп отыр. Он жылдан астам тәжірибесі бар, ҚР Ұлттық музейінің негізін салушының бірі, білікті маман, көптеген ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысушы, бірнеше ғылыми мақалалардың авторы Ғ.Ақпанбекованы оп-оңай жұмыстан шығара салғанда сендер кімсіңдер? — деген сөзді іс-әрекетімен дәлелдеп берді. Мұны көрген кез-келген қызметкер әрине «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» — деген позициямен жұмысқа келіп, 8 сағат отырып қайтады. Сонымен жылдар жылжып өте береді. Біздегі басты мәселе сол – үндемей, ауыз ашпай отыра беру. Басшылыққа кімді әкеледі оны ұжымнан ешкім де сұрамайды.
Тарихтың исі мұрнына бармаса да, бірде-бір экскурсия жүргізбесе де, бірде-бір ғылыми мақала жазбаса да, бірде-бір ғылыми жинақтау экспедициясына қатыспаса да, экспонаттың не екенін білмесе де С.Саргизова басшы болуға лайықты. Себебі бұған заңдылық мүмкіндік береді. Әйтпесе, «Қарағанды облысында С.Саргизовадан басқа тәжірибелі-білікті басшы табылған жоқ» – дегенге кім сенеді.
Заңды еңбек демалысқа бұйрық шығарып тұрып келесі күні «бір жылдық еңбек келісімшартың аяқталды» — деп жұмыстан шығарып жіберген С.Саргизованы тағы да сотқа беріп жатырмын. Бірақ жеңіп шығатыныма күмәнім бар, себебі менің тіреуішім бәрін ақшамен шешетін құдіретім де жоқ.
Қызметкерді бір жылда үш рет жұмыстан шығара салатын, одан кейін қайтадан ала салатын С.Саргизованың іс-әрекетін біздің Мәдениет басқармасы біліп көріп отырса да үндерін шығармайды. Алдарына барсаң дұрыс жауап та ала алмайсың. «Бар кінә өзіңнен» деп шығарып салады.
Мен бір басымда бірнеше кредитім бар жұмыстан алған азын-аулақ айлыққа өмір сүріп жүрген жалғызбасты анамын. Бар мақсатым – не жұмыс істесең де адал болу. Жағымпаз бола алмағаным, бастықтың тілін тауып асты-үстіне түсе алмағаным, ойымды ашық айтқаным үшін кінәлі болсам не істеуім керек?
Құрметпен, Ғалия Ақпанбекова
Abai.kz
[:]