[:kz]
Биліктегілер Бердімұхамедовтің суреті әр үйде тұрса, халық оны «қаттырақ жақсы көреді» деп ойлайды.
Түркіменстанның шығысындағы Лебап облысының бір ауданында билік жергілікті халықты азық-түлікпен бірге ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің суретін сатып алуды міндеттеп жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі өз дереккөзіне сілтей отырып хабарлады.
Оның сөзінше, мемлекеттік дүкендерде мамыр мен маусым айларының мөлшерлі азығы (паек) ретінде ұн мен нан сатылып жатыр. Олармен қатар, Бердімұхамедовтің портретін сатып алу міндет. Сурет өлшемі – 50х35 сантиметр, құны – 20 манат (Түркіменстан орталық банкінің бағамы бойынша, 6 доллар шамасында. Бірақ, оның бағамы қара базар бағамынан едәуір өзгеше).
Азаттық тілшісі азық-түлік сатып алған адамдардың қарсыласпағанын, себебі, дүкен маңында Ішкі істер министрлігі мен полиция қызметкерлері тұрғанын хабарлады. Аты-жөнін атауды қаламаған полиция офицері Азаттық тілшісіне мұның не себепті істеліп отырғанын айтқан. Оның сөзінше, биліктегілер Бердімұхамедовтің суреті әр үйде тұрса, халық оны «қаттырақ жақсы көреді» деп ойлайды. Азаттықтың Түркімен қызметі осыған қатысты сұраққа биліктен ресми жауап ала алмады.
Президент суреттерін азық-түлікке тіркеме ретінде сату мемлекеттік мекемелердегі Бердімұхамедовтің портреттерін жаппай ауыстыру маусымына тұспа-тұс келді. Портреттер барлық мемлекеттік құрылымда 1 қыркүйекке дейін ауыстырылуы керек. Жаңа суреттерде кілемнің түсі және президенттің шашының ұзындығы мен түсі өзгеше.
Түркіменстанда президент портреті барлық мекеме мен кәсіпорында және қоғамдық орындарда ілінген. Олар жүйелі түрде жаңарып тұрады. Ескі портретті жаңасына алмастыру халықтың есебінен жүргізіледі. Қаңтар айында билік мемлекеттік мекемелерді президенттің шашы ағарған суреттерді сатып алуға міндеттеген. Ескі суреттерде президенттің шашы қара.
Skifnews.kz ақпараттық порталы
[:]