[:kz]
Түркістан облысында қашықтықтан оқыту үшін ноутбуктер жеткізу кезінде 2,5 млрд теңгеден аса қаржы жымқыру дерегі анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, агенттіктің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті «МТ-Сервис» ЖШС басшысына және облыс әкімдігінің Адам әлеуетін дамыту басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуде.
«Атап айтқанда, мемлекет «2020-2025 жылдарға арналған «Білім және ғылымды дамытудың» бағдарламасы аясында коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде оқушыларды қашықтан оқыту үшін ноутбуктер сатып алуға ақшалай қаражат бөлді. «МТ-Сервис» ЖШС директоры Түркістан облысы әкімдігінің «Адам әлеуетін дамыту басқармасы» ММ-мен 3,4 млрд теңгеден астам сомаға 21 мың дана ноутбук жеткізуге шарт жасасқан.
Алайда 2,5 млрд теңгеден астам сомаға жеткізілген тауарлар тапсырыс берушінің техникалық сипаттамасына сәйкес келмеген», — дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта кәсіпорын директоры ұсталып, қамауға алынған. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
kaz.nur.kz
[:]