[:kz]
«Ыстамбұлда Дүниежүзілік энергетикалық конгресі аясында өткен кездесуде қос елдің мемлекет басшылары өзара тиімді келісімдерге қол жеткізді», — деп хабарлайды арнамыздың Түркиядағы меншікті тілшісі Ержан Жүніс. Енді түріктің алғашқы «Аккую» атом электр стансасын ресейлік мамандар салып береді. Ал Кәрі құрлық елдеріне көгілдір отын жеткізетін «түрік ағыны» газ құбырының құрылыс жұмыстары 2018 жылы басталатын болды. Бұл Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның екі айда үшінші мәрте кездесуі. Алайда Ресей көшбасшысының осы жолы түрік еліне жасаған арнайы сапары екіжақты ынтымақтастыққа айрықша серпін берді. Өйткені күн тәртібінде энергетикадан бастап ауылшаруашылық саласына дейін іскерлік байланыстарды тереңдету жай-жапсары көзделген. Былтыр екеуара сауда айналымы 35 млрд АҚШ долларын құрапты. Түркия президентінің айтуынша, алда бұл көрсеткіш 100 млрд-қа жеткізілуі тиіс. Хашмет Топалоглы, Түркия экспорттаушылар мәжілісінің мүшесі: — Түркия мен Ресей арасында сауда әлеуеті өте жоғары. Біз көбіне энергетикалық ресурстарды импорттасақ, экспортқа ауылшаруашылық, химия және тоқыма бұйымдарымен қоса 500-ден аса өнімді саудалаймыз. Әттең бір жылға созылған арадағы экономикалық тосқауыл екі елдің алыс-берісін айтарлықтай тежеді. Ал оның жағымсыз әсері әлі де жалғасуда. Мысалы биыл Түркияның туризм саласы жылдағы табысынан қағылып, біршама кәсіпкерлер тақырға отырды. Түркия статистикалық орталығы таратқан бірінші жартыжылдықтың есебі бойынша Түркияға небары 183828 ресейлік турист саяхаттап келген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 87,4%-ға төмен. Мұндай кері шегініс экономиканың барлық салаларында байқалуда. Реми деректерге сүйенсек, Түркия мен Ресей арасында тоқыма өндірісіндегі өзара сауда айналым 2014 жылы 7,5 млрд АҚШ долларын құрапты. Ал былтыр ұшақ дағдарысынан соң бұл көрсеткіш бірден 40%-ға азайған. Әдетте күндіз-түні адам үзілмейтін Ыстамбұлдың Лалеле сауда орталығында жергілікті саудагерлердің айтуынша, әр төртінші дүкен жабылып, жұмыссыздар қатары күрт артқан. Кәсіпкер Невзат Сарычелик Лалеледе 1989 жылдан бері тері бұйымдарын саудалайды. Соңғы жылдары Ресей, Украина мен Қазақстаннан келетін негізгі тұтынушылары азайып, дағдарыс қос бүйірден қысқанын айтып, бізге мұңын шақты. Сөйтіп, ол амалсыз 3 дүкенінің екеуін жауып, қызметкерлерін қысқартыпты. Мұндағы көп кәсіпкерлер осындай қысыл-таяң күйді бастан өткеруде. Невзат Марычелик, кәсіпкер: — Саудамыз 90%-ға азайды. Осыдан 2-3 жыл бұрын күніне 50, 30 сырт киім сатсақ, қазір аптасына 3-4-уін зорға өткіземіз. Сондықтан Ресей президентінің сапарын жақсылыққа балап, үмітімізді үкілеп отырмыз. Араздасқан екі елді татуластырып, қарым-қатынастағы тоңды жібіткен түркі дүниесінің көрнекті тұлғасы, Қазақстан Мемлекет басшысының ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді. Нұрсұлтан Назарбаевқа тек түрік билігінің ғана емес, осындағы барлық кәсіпкерлердің, қарапайым халықтың алғысы шексіз. Ыстамбұлдағы басқосуда Сирия мәселесі де әңгіме арқауына айналды. Екі елдің мемлекет басшылары түрік қарулы күштері жүргізіп отырған «Евфрат қалқаны» әскери операциясы мен Таяу Шығыс аймағында тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жөнінде өзара пікір алмасты. Осылайша, ресми Анкара мен Мәскеу іскерлік байланыстарға серпін беріп, ынтымақтастықтың көкжиегін барынша кеңейтуге мүдделі екендігін білдірді.
Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли
Источник: http://24.kz/kz/
[:]