АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Түрлі видеоларымен жұрттың ішек-сілесін қатыратын Мөлдір Анарбаева туралы не білеміз[:]

[:kz]

Танымал блогер, өзінің түрлі видеоларымен көпшілікке танылған Мөлдір Анарбаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берді. Көп балалы ана желіде қалай танылғанын, жарнама арқылы қанша табыс табатынын да жасырған жоқ. Айтуынша адам дүние-мүлкімен емес, «барымен, балаларымен бақытты болу» керек екен.

 
 
Фото: Instagam

Фото: Instagam

— Мөлдір, оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

Мен Мөлдір Анарбаева Жамбыл облысы Тараз қаласында тұрамын. Негізгі мамандығым – журналист, ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіргенмін. Жамбыл облыстық Жамбыл телеарнасының тілшісімін. Төрт балам бар, қазіргі таңда декреттік демалыстамын. Бар жұмысыма шықпай, балаларыма қарап отырмын. Үйде отырсам да сценарий жазамын, соңғы кездері блог та жүргізіп жүрмін.

— Желіде танымалсыз? Әсіресе желідегі видеоларыңыз көптің қызу талқысына түсіп жатады? Блогерлікке қалай келдіңіз? Оқырмандар сізді не үшін оқиды деп ойлайсыз?

Негізі арнайы блогер болайыншы деп келген жоқпын. Бұрыннан осылай тақырыптарды жазып, талқылайтынмын. Кейіннен видео да салатын болдым, содан бастап көпке танылып кеттім. Танымалдылық дегенді көп ұната бермеймін, блогермін деп те айта алмаймын. Оқырмандар өздерін мен арқылы көреді, сондықтан оқиды деп ойлаймын.

— Өткенде бір постыңызда ажырасу туралы айттыңыз, әйелдерге басылу керек дегенді де айттыңыз? Оны қалай түсінуге болады? Тұрмыстың тауқыметіне көнген дұрыс па?

Мені оқып отырған қыз-келіншектерге аз да болса пайдам тисе екен деймін. Соларға басу айтқым келеді. Өйткені қазір шынымен өзіне сенімді, ерін құрметтемейтін әйелдер көп. Соған қатты ашуым тиеді. Қазақтың әйелі ер адамнан екі-үш саты төмен тұру керек деп есептеймін. Тұрмыс тауқыметін көру бір бөлек те, ерін құрметтеу бір бөлек. Арақ ішіп келіп, күн сайын ұрып жатса, ол бөлек әңгіме.

— Әртістік қабілетіңіз де баршылық. Бұрыннан бар қасиет пе? Әлде тек видеода ғана сондайсыз ба? Жалпы өмірде қандайсыз? Видеодағыдай пысықсыз ба?

Бұрындары актриса болғым келген. Қазір өз мүмкіндіктеріңді көрсетуге барлық жағдай бар, технология дамып кеткен. Облыстық арнада хабар, фильмдер жасағанмын, бірақ облыстық телеарна болғандықтан, көп таныла бермейсің. Бұрыннан осы салаға жақынмын, фильм жасауға сценарий жазуға. Видеодағы Мөлдір мен өмірдегі Мөлдірдің арасы алыс емес. Өмірде де көңілді жүремін, ешкімге ренжімеймін. Тез шешім қабылдап, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей жүрген адамның бірімін. Өз ортамды да күлдіртіп отырамын, негізі өмірде де дәл осындаймын.

— Той басқарып көрмедіңіз бе? Жалпы желі арқылы қанша табыс табасыз?

Тойды блогерліктен бұрын да басқарып көрдім. Журналист, жүргізуші болғандықтан, бізге ұсыныс бұрыннан бар. Бірақ жолдасым дүйім жұртты әйел адамның аузына қаратып қойған дұрыс емес дейді, сондықтан жұппен шығамын. Ал әйелдер жиналатын бесік салу, мерейтой деген сияқты мерекелерді өзім жүргізе беремін. Желі арқылы табыс табуға болады екен.

Бұрын облыстық телеарнада таңертеңнен кешке дейін жүріп, алатын айлығымыз 100 мың теңгенің ар жақ бер жағы болатын. Төрт баланың балабақшасы, мектебі бар, қиындау болды. Маған сол ақшаны екі еселеп, пияз турап отырып тапқан қолайлырақ болып тұр. Бірақ күйеуім жарнаманы көп салуға тыйым салады, күнін көре алмай отырған адамға ұқсама деп. Жарнама үшін ақша аламын, жасырмаймын, кейде тегін де жариялап жатамын.

— Қыз ұзату жоспарыңыз жоқ па?

Қыз ұзатуға бұрыннан сценарий жазамын. Қазақтың «сыңсуын» алып, әсерлі етіп жазуға тырысамын. Ұзатуды да сән-салтанатымен өткізетінбіз. Қасында екі қыз болып. Дәл қазір жазып жүрген жоқпын, себебі оған да уақыт керек.

— Тоқал алу тақырыбына қалай қарайсыз?

Тоқал деген тақырыпты қозғап көрмеппін, оны құптамаймын да. Жағдайы жақсы адамдар тоқал алып, асырай алатын шығар. Бірақ асырау материалдық жағдайын қамтамасыз ету бір бөлек те, баланы рухани жағынан адам етіп тәрбиелеу басқа. Тоқал алғыштар баланың материалдық жағын өтей алатынымен қоса, баланың алатын соққысын ойласа қоғамда жиіркенішті қорқыныштар азаяр ма еді.

— Қыз-келіншектерге айтар ақылыңыз?

Қыз-келіншектер заман талабына сай дамып-өсіп жатыр ғой? Өте қуанарлық жағдай. Бірақ бақытты ете отырып, бақытты болу деген бір бөлек әңгіме. Өзіңнің отбасыңды бақытты ете отырып өзінің де бақытты екеніңді сезінсе деп ойлаймын. Бірақ кейбір семинар-тренингтерде теріс пиғылдар да бар, сен өзің жеке тұлғасын дегенді дұрыс түсінбейтін де қыздар бар. Өздерін ұлы көріп, өздерін ренжітіп жатқандарды мен құп көрмеймін.

Сен өзің жүрген ортаң да барыңмен, базарыңмен бақытты болуың керек, өзің жалғыз емес. Өзіміз де қарапайым отбасымыз. Күреп тауып жатқан, асып-тасып бара жатқан да түгіміз жоқ. Бірақ сол тапқан табысымыз, нәпақамызбен бақыттымыз шүкір. Дүниеммен, көлігіммен бақытты емеспін, мен балаларыммен, мені түсінетін жарыммен бақыттымын.

Әңгімеңізге рахмет!

 

[:]