[:kz]
Желіде қазақстандық танымал әртістерге пародия салған жігіттің видеосы тарап жатыр. Онда ер адам еліміздегі атақты әзілкештер пен әншілердің даусын айнытпай салады. Tengrinews.kz тілшісі осы пародияларды жасаған Бекмаханбет Байтұрсыновпен әңгімелесті.
Қазіргі уақытта Қазнеттегілер Бекмаханбеттің видеосын таратып, оны талқылап жатыр. Роликте отын жарып отырған Бекмаханбет әзілкештер Тұрсынбек Қабатов, Нұржан Төлендиев, Уәлибек Әбдірайымов, әншілер Еркін Нұржанов пен Жанар Айжанованың даусын салады.
Желі қолданушылары оның бұл өнерін жоғары бағалаған.
«Таланттың бәрі ауылда жүр», «Видеоны көрмесем, расымен, Тұрсынбек пен Тука сөйлесіп отыр деп ойлар едім», «Тамаша, мұндай дарын бәріне беріле бермейді», «Бұл жігіт неге ауылда жүр, дайын тұрған әртіс қой», — дейді желі қолданушылары.
Бекмаханбет Байтұрсынов — Қызылорда облысының тумасы, 34-те. Қазір отбасымен Алматыда тұрады. Бекмаханбет бұл видео қашан және қайда түсірілгенін айтып берді.
«Қызылорда облысындағы Сунақата аулына қонаққа барғанмын. Отын жарып отырған кезде Жантөре деген інім пародия жасашы деді. Күліп отырып, соны видеоға түсіріп алды. Бірақ бұл видео желіде тарап кетеді деп ойламадық. Көбінің мақтап, пародияны жақсы саласың деген сөзі қуантып тастады», — дейді ол.
Бекмаханбеттің айтуынша, ол бала кезінен пародияға құмар болған. Кішкентай кезінде Жанар Айжанованы салған екен, содан басқа жұлдыздарға да пародия жасауды үйренген.
«Жанар Айжановаға пародия салғанымда бәрі күлетін. Содан неге басқа да жұлдыздарға салмасқа деп ойладым. Сөйтіп, өзім ермек етіп жүргенімде пародия ұнап қалды», — дейді ол.
Жанар Айжановамен
Бүгінде ол Тұрсынбек Қабатов, Нұржан Төлендиев, Уәлибек Әбдіраймов, Еркін Нұржанов, Жүрсін Ерман, Бекболат Тілеуханов, Қайрат Түнтековке пародия сала алатынын айтады.
«Бірде Тұрсынбек ағамызды көріп қалдым. Ол кісіге өзін емес, басқа пародияларымды салып бердім. Оған ұнады», — дейді ол.
Бекмаханбет әртістерге пародия салуды қалай үйренетінін айтып берді.
«Құлаққап салып аламын да, әншінің вокалын ұзақ тыңдаймын, ауыз, көкірекпен көп жұмыс істеймін. Пародия салу үшін есту қабілетің жақсы болуы керек. Бірақ кей әншіні салу қиын. Мысалы, қазір Димаш Құдайберген мен Мәдина Сәдуақасованы салу қиынға соғып жүр», — дейді ол.
Сахнада жүрмесе де, Бекмаханбет халық көңілін күнделікті өмірде де көтерудің амалын табатынын айтады.
«Бірде дүкенге кірсем, кезек үлкен екен. Қарт кісі нан алып жатыр. Қызық болсын деп, кемпірдің даусын салдым да, «Ой, кезек сақтаңдар бәрің» дедім. Бәрі «Мына кемпірді өткізіп жіберейік» деп ду күлді. Кейде осылай халықтың көңілін көтерген ұнайды», — дейді Бекмаханбет.
Оның мамандығы шығармашылық салада емес. Негізі география пәнінің мұғалімі екен.
«Шынымды айтсам, мұғалім болғым келмейді. Кезінде анам айтқан соң ғана оқығанмын. Болашақта не боларын кім білсін, бірақ қазір бұл салада қызмет еткім келмейді. Қазір жұмыссызбын. 2019 жылы Республика Сарайында бір театрдың шақыруымен сахнаға шыққанмын. Алдағы уақытта да өнерімді сахнада көрсеткім келеді», — дейді ол.
[:]