АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Тырналардың қарғысы тиген екен[:]

[:kz]

Мінеки, көктемнің алғашқы айы да басталды. Енді көп ұзамай өлкемізге тыраулап тырналар келе бастайды. Ал осындай кезде менің есіме ілгеріде бір қариядан естіген әңгіме түседі. Сонда айтылған жайды көпшілік арасына таралатын «Замана» газетіне жолдауды ұйғардым. Адамдар кез келген тіршілік иесінің өзіндік киесі болатынын біле жүрсе екен деймін.

 

Бұрынырақта Мергенбай деген атына заты сай бір аңшы болған екен. Оның керемет мергендігі туралы ел ішінде көп айтылады екен. Сол кісі бірде тырнаны атып, соның киесіне ұшырапты деседі.

 

Ал Мергенбайдың мұндай күйге түсуіне оның жақын бір жолдасы себепкер болыпты. Ерте көктемде үйіне досы Ермахан қыдырып келіп, бірер күн қонақ болған екен. Ермахан еліне қайтарда екеуі далада серуендеп жүрсе, аспандағы тізбек­теле ұшқан тырналарды көрген досы: «Мықты болсаң, анау, алдыңғы тырнаны атып түсірші», – дейді Мергенбайға. Аңшының тырнаны атқысы келмейді. Бірақ досы тықақтап қоймайды, тигізе алмайтын болғасын қашқақтап тұрсың ғой деп, намысына тиетін сөздер айтып та жібереді. Сонда Мергенбай: «Қоймадың ғой. Жарайды, атайын. Бірақ алдыңғысын емес, тізбектің соңындағыны атайын», – дейді. Бірақ құрдасы айтқанынан қайтпай, ақы­рында Мергенбайды тізбектің алдындағы тырнаны атуға көн­ді­реді.

 

«Құралайды көзге атқан» дей­тіндей мерген азамат сонда баласын жұмсап үйінен мылтығын алдырады. Сосын көп көздемей-ақ атып, алда ұшып бара жатқан тырнаға дәл тигізіпті.  Оқ тиген тырна құлдилай құлағанда ретімен ұшып келе жатқан құстардың тізбегі бұзылып, «тыраулап», азан-қазан болыпты. Өлген тырна ауыл шетіндегі жұрт әулие деп кие тұтатын қорымға құлаған екен, соны іздеп, азалаған бас­қа тырналар үш күн бойы сол қорымның үстін айналумен болыпты. Ал Мергенбай досының көңілі үшін жазықсыз құстың өмірін қиға­нына қатты өкініпті.

 

Сол кездері Мергенбайдың өсіп-өнген әулеті 50 – 60 шақты үй болып отырған екен. Кейін әулетте өлім-жітім көбейіпті, ақырында одан бес-алты үй ғана қалыпты. Жазықсыз киелі құстың қарғысы тиген сол әулет қазір де аса көбеймей келеді деседі.

 

…«Қарғыс алма, алғыс ал» деп қазақ бекер айтпаған. Әр нәрсенің өз киесі, обал-сауабы болады, жұрт осыны ұмытпаса екен.

 

Нәбихан БӨРТЕКЕЕВ.

Қасқасу ауылы.

Төлеби ауданы.

Нәбихан Бөртекеевтің байланыс телефоны: 8-707-873-39-14

zamana.kz

[:]