АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Уханьда «Қара жорға» билеп танылған қазақ дәрігерінің кім екені белгілі болды[:]

[:kz]

Айтуынша, қазір Уханьдағы жағдай тұрақталған. Тіпті, ауруханада вирус жұқтырған бірде-бір науқас қалмапты.

Қытайда «Қара жорға» билеп, танымал болған қазақ дәрігерінің кім екені белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап.

Шыңжаңның тумасы, хируг-дәрігер Бахаргүл Толқын телеарна тілшілеріне берген сұхбатында үйіне оралғанын айтқан. Ол ең қауіпті ошақ – Ухань қаласында 2 ай бойы науқастарды емдеуге көмектескен.

Еске сала кетсек, Бахаргүл індетке қарсы күресе жүріп, әдемі биімен емделушілердің көңілін көтерген еді. Енді онымен қауышуға туған-туыстары мен көрші-қолаңдары жиналып, ыстық ілтипатын білдірген. Құшағы гүлге, жүзі нұрға толған дәрігердің құрметіне қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылды. Мәре-сәре болған жұрт «Қара жорғаны» тағы бір мәрте биледі. Қарсы алуға келген өзге ұлт өкілдері де қазақтың биін билеуден қалыс қалмапты.

Баһаргүлдің отбасын көрмегеніне 3 айға жуықтаған. Ата-анасын, жолдасын, әсіресе, ұлын қатты сағынғанын айтады. Індетті жеңіп, үйіне аман-есен оралған сәті кең дастархан басында жалғасты. Бауырсақ, құрт, қазы-қарта, шұжық… Қандастарымыз жырақта жүрсе де, қазақтың дәстүрін ұмыт қалдырмаған.

«Өзім қазақ болғаннан кейін, халық биі «Қара жорғаны» сол жерде билеп бердім. Ухань халқы, сонда жатқан науқастар сондай жақсы көрді. Сіздер өздеріңізді өздеріңіз жігерлендіріп, осындай көңіл күйде болсаңыздар, ауруды жеңесіздер деген ойда болдым», — дейді ол.

Бахаргүл туған өлкесі Шыңжаңға оралғанмен, сақтық үшін тағы 20 күн карантинде болды. Айтуынша, қазір Уханьдағы жағдай тұрақталған. Тіпті, ауруханада вирус жұқтырған бірде-бір науқас қалмапты.

«Алаңда қорқыныш болады. Бірақ, міндетім болғаннан кейін, барған соң бар ойым кісілерді жазып, өзімнің қызметімді жақсы істеп келу болды. Сол кездегі науқастар жазылып, алды жұмысқа шығып кетті. Қазақстан халқына айтатыным, біріншісі – үйден шықпау, екіншісі – үйден шыққасын маска тағу. Үшіншіден, өзіңізді өзіңіз жақсы ұстап, көңіл күй жақтан таймау керек. Төртіншісі, көптеген ет жеп, сүт, айран ішіп, жақсы тамақтардан жеп, дененің қуатын жақсы қылу керек. Біз сіздердің мына күрделі вирусты тезірек жеңулеріңізді тілейміз», — дейді Бахаргүл Толқын.

[:]