АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Үйге кіруге қорқамыз»: Жарылыстан қашқан жұрт ауылдарына орала бастады [:]

[:kz]

Жамбыл облысында жарылыс кезінде эвакуацияланған ауыл тұрғындары үйлеріне орала бастады. Бүгінде екі ауылға кіруге рұқсат берілді. Ал әскери бөлімнің жанындағы Қайнар ауылына кіруге әлі де шектеу бар деп жазады «Хабар 24». Төтенше жағдай кезінде бірнеше әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлерге зақым келген. Бүгінде арнайы құрылған комиссия келген шығынды есептеп жатыр. Әскери бөлімге жақын орналасқан елдімекеннің бірі — Жібек жолы.

Ауыл тұрғындары төтенше жағдай басталысымен үй-жайын тастап қашуға мәжбүр болған. Жарылыс екпінінен үйлердің қабырғасына жарық түсіп, терезелері қирап қалған. Үйлеріне оралған жұрт кем-кетігін түгендеуге кірісті. «Комиссия келсін дедік. Ешнәрсесіне тигеніміз жоқ. Кіріп жатқанымыз да жоқ. Кіруге қорқып жатырмыз», — дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Орынбай Асанов. 

«Бала-шағамызды алып қаштық. Есікті де жаппаппыз. Елдер келіп жатыр қайтадан. Құдайға шүкір, кеше түнде тыныш болды. Бірақ кішкене адам, сөз көп болғаннан кейін қорқасың», — дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Бейсен Жүзгенбаев. Бүгінде нақты қанша үйге зақым келгені белгісіз.

Комиссия санақты енді бастады. Белгілісі, әлеуметтік нысандардан Үшбұлақ пен Жібек жолы ауылындағы екі мектеп қираған. Әсіресе Жібек жолы ауылындағы жалғыз мектеп қатты зақымданған. Білім ошағының қабырғалары қақырап, сылақтары түсіп, төбесі опырылып ортасына түсуге шақ тұр. Мамандар мектепті апатты деп тауып оқушыларды да, мектеп қызметкерлерін де кіргізуге тыйым салған.

Енді бұл ауылдың балалары жаңа оқу жылынан бастап көрші елдімекендерге қатынап оқиды. Бұл мектепке бірінші қыркүйекте жүз жиырма оқушы келуі тиіс болған

Соған жоба жасалынып ұсынылды. Алты, жеті шақырым жердегі Жаңатұрмыс мектебі сосын төрт шақырым жердегі Амангелді орта мектебі бар. Сол мектептердің біріне өтетін шығар», — дейді №5 мектеп директорының орынбасары Дидарбек Жайлаубеков. Төтенше жағдай кезінде эвакуацияланған ауылдарға кіруге рұқсат берілді.

Тек әскери базаның жанындағы Қайнар ауылына ғана шектеу қойылып отыр. «Ол жерде енді ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндіру техникасы жұмыс істеп жатыр. Басқа да арнайы техникалар жүргеннен кейін, елге қаупі бар болған соң шектеу қойып отырмыз», — дейді облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев. Оқиға орны әлі де бықсып, түтіндеп жатыр. Мамандар бетондардың астында жарылғыш заттардың болуы мүмкін екендігін айтады. Өртті сөндіруге мыңнан астам адам мен жүзге жуық техника жұмылдырылған. 

Шамамен төрт қойманың орны түтіндеп жатыр. Өртсөндірушілер су тасып құйып жатыр. Бұл жұмыстар өрт толық сөнгенге дейін жалғасады. Қазір алғашқы кездегідей қауіп жоқ.

Бірақ үйінділердің астында жарылғыш заттар қалып қоюы мүмкін. Олар жарылған күннің өзінде бірінші кездегідей жойқын дүмпу болмайды», — дейді Қорғаныс министрінің орынбасары Руслан Шпекбаев. Өрт пен жарылыс аумағындағы шығын көлемі әзірге белгісіз. Ұрлық-қарлық болмас үшін ауылдарға әскерилер күзетке қойылған. Қаланың шығаберісі мен жарылыс аумағында блокбекеттер жұмыс істеп тұр.

kaz.nur.kz

 

[:]