[:kz]
Қараша айының басында үйіме ұры түскен еді. Айтуға оңай, бірақ көңіл-күйге әсері өте жайсыз екен.
Қаладағы ауруханаға кеткенімді пайдаланып, терезенің көзін алып, дәнекерлеуші аппарат пен «Болгарка» аталатын металл кесетін құралды үптеген.
Менің шағымыммен Шұбарсу ауылдық №10 учаскенің полиция майорлары Бауыржан Әденбаев, Қуаныш Қазенов, аға лейтенанттар Мерей Әлиев жәнеБақдәулет Берікбаев мәселені егжей-тегжейлі анықтап, қимылға көшті. Жергілікті адамдармен хабарласып, ауылды аралап, күдіктілерді шолып шықты. Арада бес сағат өтер-өтпесте аға лейтенант Мерей Мәжитұлы қоңырау шалып: «Аға, қолды болған заттарыңыз табылды, учаскелік пунктке тездетіп жетіңіз!» – деп телефон арқылы жақсы хабар жеткізді
Шұбарсу ауылы жыл өткен сайын өсіп келеді, соған орай онда түрлі оқиғалар да өрістеп отыр. Солардың бірі – ұрлық-қарлық. Басты себебі, әрине, жұмыссыздық.
Уақытпен санаспай, тұрғындар тыныштығын күзетіп жүрген №10 учаскелік, Ордабасы аудандық және облыстық жергілікті полиция (бастығы полковник Б.Абылаев) мен облыстық ішкі істер департаменті (бастығы Ж.Сүлейменов) қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Қызметтеріне табыс тілеймін, елдің алғысына бөлене берсін!
Т. ӘБІЛДА
zamana.kz
[:]