[:kz]
Алматы облысында Ауған соғысының ардагері, екінші топтағы мүгедекті әкімдік сусыз қалдырыпты. Ұйғыр ауданының бұрынғы әкімі мен қазіргі әкімі Шухрат Нурахунов елге ортақ құдықты жекеменшікке сатып жіберген. Бүгінге дейін оның бес қожайыны ауысыпты. Олар құдықтан шығатын артизиан суын сол маңдағы шаруа қожалықтарына, демалыс орындарына сатып келеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі
Бахавдун Халықовтың Қарадалада тұрып келе жатқанына 40 жыл болған. 120 гектар қожалығында төрт түліктен бөлек, егін шаруашылығы да болған. Алайда, соңғы бес жылдан бері су болмағандықтан көкөніс егу тоқтап қалыпты. Малдың өзін ұстап тұру проблемаға айналды дейді ол. Шаруаның сөзіне сенсек, Ұйғыр ауданының әкімдері құдықты жерімен қоса сатып жіберіп, оны сатып алғандар мол пайдаға кенеліп отыр екен.
«2009 жылы Ұйғыр ауданының сол кездегі әкімі Омаров үйімнің қасындағы құдықты бізге айтпай Тұрсынғали Қасымжанов дегенге 49 жылға жалға берген. Ал қазіргі әкім Шухрат Нурахунов сол заманда осы Омаровтың орынбасары болып, оның айтқандарын бұлжытпай орындады. Ұйғыр ауданының қазіргі әкімі Нурахунов жалға берілген жерді құдығымен бірге сатып жіберген. Оның иесі Түркіменстанның азаматы болып шықты. Бізге су бермей отырғандар құдықты 8 соттық жерімен бірге 7 млн 600 мың теңгеге сатып алдық деген. Одан бері құдық бес адамның қолына өтті. Ұйғыр ауданының әкімі «білгеніңді істеп ал» дейді. 127 гектар жерім, 50 бас сиыр, жылқы, қой, үйрек-қаз, тауықтарым сусыз қалды. Айналамызға демалыс орындары салынып кетті. Соларға осы суды сатып, пайдаға кенеліп отыр. Олар күнделікті демалушыларды, туристерді қабылдап ақша табады. Ал мен байырғы тұрғынмын, малым, егінім үшін жүз мыңдап ай сайын суға төлесем нем қалады? Үйрек-қаз, тауығым көршілердің бассейнінен шықққан суды ішіп талай қырылды. Бассейннен шыққан суға хлор қосылған. Оны мал ішпейді. Әбден қорлық көрдік», — деді көпбалалы ана Патям Халықова.
«Әкім ардагер мүгедекті мазақ қылды…»
Дау туған жер Шонжы-Қалжат тас жолының 51-шақырымында орналасқан. Су 800-1000 мың метр тереңдіктен шығады. Қарадаладағы қалың құдықты егістік алқабы мен малшыларды сумен қамтамасыз ету мақсатында 1970 жылдары қазылыпты. Бертінде емдік қасиеті анықталғанда құдықтарды әкімдер жаппай меншіктеп жіберген. Қазір бұл аумақта 50-ден астам демалыс орны бар. «Шонжы арасаны» атанып кеткенмен, мемлекет оған не ауыл, не демалыс орны деген мәртебе бермеген.
Халықовтарды судан қинғандар әр текше метріне 18 теңге 26 тиын төлеуді ұсынған. Жер астынан тәулік бойы тоқтаусыз шығып жатқан суды тоқтатуға болмайды. Яғни, есептегіш құралы тәулік бойы айналғанда айына 100-150 мың теңге аралығында ақша шығады екен. Оны демалушыларды қабылдайтын бизнес нысандарының иелері төлеп келеді.
«80-жылдары Ауғанстандағы соғысқа қатыстым. Соңғы 9 жылдан бері судың проблемасымен шаршадық. Аудан әкімі суды сырттағы адамдарға сатып жіберді. Облыстың бұрынғы әкімі де біздің жағдаймен танысып, аудан әкімі Нурахуновқа суды заң бойынша қайтар деп тапсырма бергенмен, ол орындалмады. Өйткені, құдықтарды меншікке беруге Ұйғыр ауданының қазіргі әкімі Шухрат қол қойған. Комиссияны өзі басқарған. Бір жыл болды мүлдем сусыз қалдық. Қыста да суды тоқтатып тастағанда үйіміз көгеріп кетті. Шухрат Нурахунов маған малыңа суды шелекпен тасы деді. Өзім мүгедекпін, алыстағы көлден қалай шелекпен су тасимын?! Қиналсам да малды төмен айдап, су іздеп жүреміз. Шухрат ешкімді тыңдамайды», — деді екінші топтағы мүгедек Бахавдун Халықов.
Қазір құдыққа ЖК «Мангутов» деген иелік етіп отыр. Айналасын қоршап, адам жолай алмастай өткір сым темір жүргізіп тастаған. Қоршаудың ішіне тағы контейнер қойып, суға кірместей құлып салған. Жерден атқылаған артезианды 10 құбырға бөліп, әрқайсысының басына жеке-жеке есептеуіш құрал қойған. Бассейні бар бір демалыс орнының иесі есептегіш құрал қойылғалы айына 2,5 мың текше метр суды қолданып отырғанын айтады. Монополияға қарсы агенттік 1 м³ суға 18 теңге 26 тиынан төлеу керек деп бекітен. Өзін бақылаушы, құдықты басқарушымын деп таныстырған әйелдің сөзінше құдықтың суын оннан астам жерге сатып келеді екен.
«Қазір бастық шетелде. Суды мен қадағалап, бес жылдан бері басқарамын. Балқаш-Алакөл су бассейні, әкімдік, өзге де мекемелердің рұқсаты бар, шағын кәсіпкер ретінде тіркелгенбіз. Ақпан айынан бастап су алатындармен келісім-шартқа отырып жатырмыз. Халықовтар бізбен келісім-шартқа отырғысы келмейді. Бізбен 5 жыл соттасты. Әрімнің үйіне су тартатын насос қойдырдық. Патям Халықова мен көргелі егістікпен айналысқан жоқ. Екі жеке үйден басқаларының бәрі демалыс орындары. Одан бөлек орман шаруашылығы мекемесінің осындағы бөлімшесіне де суды сатамыз. Әрқайсысына елу диаметрлі құбырдан су беріп келеміз. Мына екі жер үйдің біреуіне ғана 15 диаметрлі құбыр арқылы су беріледі. Баласы көп болғандықтан оның суын өзіміз төлейміз. Халықовтарға енді оған курьерлік қызмет арқылы тағы хабарлама жібереміз. Ойлансын, көрсін. Егер біздің ұсынысымызға көнбесе, бекітілген тарифпен суға төлемеймін десе комиссия шығарып, құдықтың заңды иесі ретінде оларды судан ажыратамыз», — деді судың бақылаушысы Адалат Нурдинова.
«Ол Рефат Мангутов деген бұл жерде еңбек етпеген, сырттан келген. Оның сырттан келген екенін 7 жастағы баладан сұрасаң да айтады. Бір үйде 9 адам тұрамыз, су бермей әбден қинады. Қыстың ортасында, суықта да өшіріп тастайды. Құбыр қатып, әбден шаршатты. Бұл құдық кеңес кезінен қалса да, 2004 жылы қазылған деп құжат жасатып алған. Осымен бесінші қожайын болып отыр. Әкімдіктің құдықты сатып жіберуі де, мыналардың дайын суды сатып, бізді қинауы да заңсыз», — деді тағы бір көпбалалы Тоқтыхан Сасикова.
«Ұйғыр ауданының әкімі облыс әкімін тыңдамайды…»
Қарадаладағы бұл аумаққа ешқандай мәртебе берілмегендіктен суға баға да бекітілмейді дейді әкімдіктегілер. Бірақ соған қарамастан монополияға қарсы агенттік суды сатуға тарифті бекітіп берген. Туристік орталықтардың иелері ай сайын 2500 текше метрге дейін қолданған суға шығатын 450-500 мың тегені төлемес үшін судың қожайынымен келісіп, қосымша жасырын құбырларды да пайдаланып отыр дейді шағымданушылар.
«Ұйғыр ауданының әкімі Нурахунов облыстың әкімдерін де тыңдамайды. Кезінде бұрынғы әкім Баталов қаулы шығарып, халыққа ортақ суды мемлекетке заң жүзінде қайтарыңдар деген. Тапсырманы аудан әкімі орындамады. Жуырда тағайындалған облыстың әкіміне де жылап, қиын жағдайда қалғанымызды айттым. Бозымбаев менің көзімше «жеке қожалығы бар екен, бұл адам енді қайтып менің алдыма проблемасын айтып келмейтіндей мәселесін шешіп бер» деп Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахуновқа тікелей тапсырма берді. Бозымбаевтың айтқандары да сол қалпы орындамады. Нурахунов барлық жерді сатып болды. Мені судан қинаса жерді тастап кетеді деп ойлайды. Қанша қинаса да бәрібір жерімді бермедім. Менің 120 гектар жеріме көз тігіп отыр. Осымен бесінші адамға құжат жасау арқылы құдықтың иесін ауыстырды. Бір адаммен дауласып жүрсек, тағы бір қожайын шыға келеді. Сондағы мақсаты қазір уақытша адамдарға құдықты беріп қойып, әкіміктен кеткенде суға өзі иелік ету. Айналаның бәрі туристік орталықтар. Шухрат маған «не істеп аласың, бәрібір саған тыныштық бермеймін деген». Осылай ішерге де, шаруашылыққа да су таппай қиналып келеміз», — деді Патям Халықова.
Құдық қазудың құны 40 млн теңге
Бір шақырым тереңдіктен шығатын суды зәулім демалыс орындарын салушылардың кейбірі өздері қаздырып жатыр. Оның құны 40 миллион теңгеден асады. Даудан шаршаған тұрғындардың жеке құдық қаздыруға шамалары жетпейді. Ұйғыр ауданының аумағында 54 демалыс орны бар. Олар жылына 71 мың адамды қабылдай алады. Қарадалада кеңес кезінен қалған құдақтардың бәрі жекеменшікте.
«Бұл жерлерге ешқандай мәртебе берілмеген. Мәртебе берілсе орталықтандырылған су құбыры тартылар еді. Бұл адамдар өзара келісе алмай жатыр. Мангутовтар суды есептегіш құрал арқылы сатамыз десе, тұрғындар тым болмағанда әр адам басына бекітілген нормамен, яғни 111 теңгеден алсақ дейді. Ауған соғысының ардагерлері Ұлы Отан соғысының арадагерлерімен теңестірілсе де, ол жеңілдікті Халықовтар пайдалан алмай отыр. Өйткені құдық жекеменшік, әрі ауыл мәртебесі берілмеген. Қиыншылық туып отыр. Бұл дау сотта да қаралды. Су үнемі ағып тұру керек, оны тоқтауға болмайды. Сонда есептегіш құралы арқылы көп ақша шығады. Облыс әкімінің қаттамасында Халықовтарға ауыз су үшін берілсін деген. Мен өз жағымыздан ешқанай көмек бере алмаймын. Суын өшірме деп ескертеміз. Оған Мангутовтар көнбей отыр», — деді Ұйғыр ауданы Дардамты ауылдық округінің әкімі Кеңес Бақтыбаев.
[:]