[:kz]
Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданында перзентханаға босану үшін өз аяғымен барған Дилмира МАҚСУТОВА ота жасалған соң қайтыс болған. Артында 5 бірдей бүлдіршін қалды. Тағы бір отбасы босануға әкелген қыздарын 8 ай бойы жансақтау бөлімінен шығара алмай отыр. Жәбірленушілер бұған дәрігерлер кінәлі дейді. Арты қайғымен аяқталған 2 оқиғадан кейін дәрігерлер жауапқа қалайша тартылмады? Ұйғыр аудандық ауруханасындағы былық ашыла ма?
Өңірдегі «Жас Алаштың« тілшісінің хабарлауынша, Бүгінде бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Бахар ауылының тұрғыны Радулин САМИЕВ былтыр қазан айында толғағы жеткен жұбайын перзентханаға өз аяғымен апарғанын айтады. Алайда, аман босанған 33 жастағы әйелдің жатырынан аяқасты қан кетіп, дәрігерлер ота жасаған екен.
— Мен кіріп көрсем әйелімде жан жоқ, жаны шығып кеткен, сағат 5-тер шамасы. Қолдарын, беттерін ұстасам барлық жері қатып қалған мұз боп. Аяғын ұстайын десем беліне дейін грелкаларды тізіп тастаған қайнақ су құйып. Мынау қайтыс боп кетті ғой не істеп жатсыңдар дедім, — дейді Радулин Самиев.
Марқұмның туғандары ота жасаған дәрігердің 40 минутқа кешігіп келгенін айтады. Сол аралықта оның көмекшілері Дилмира Мақсутованың ішін кесіп, жатырын ашқан. 3 сағатқа созылған операцияда дәрігерлер марқұмның асқазанын зақымдап, жүрегіне массаж жасағанда 3 қабырғасын сындырып алған.
— Біздің естуімізше хирург кешігіп келген. Кеш қалып қалды да. Уақыт өткізіп алған соң артында аңырап бес баласы қалды. Әрең өсіріп жатырмыз. Әжесі өсіріп жатыр, — дейді марқұмның жеңгесі Нұрбати БӨКЕШОВА.
Қайғыдан Мұсаевтар отбасы да қан жұтып отыр. 30 жастағы қыздары Динара МҰСАЕВА 8 ай бойы жансақтау бөлімінде жатыр. Аяғы ауыр келіншекке арнайы жолдамамен шілде айында облыстық ауруханада кесар тілігі жасалу керек болған. Алайда, гинеколог Гүлнар ДҮНГЕШОВА отаны Ұйғыр ауданының орталық ауруханасында жасау керек деп шешкен екен. Содан бері науқас әлі есін жимаған.
— Үміт — тек күту дейді. Диагнозын ашып маған әлі ешкім айтқан жоқ. Пәлен диагнозбен жатыр деп ешкім айтқан жоқ. Тек ми, ми ешқандай жұмысқа қосылмай жатыр деуде, — деді Динара Мұсаеваның анасы Бибігүл МҰСАЕВА.
Бұл оқиғадан кейін жәбірленушілердің жақындары Денсаулық сақтау министрлігінен бастап жауапты мекемелердің барлығына шағым жазған. Алайда, мәселені зерттеп көрген комиссия мүшелері аталған фактіде қылмыс белгілері жоқ деп тек әкімшілік іс қозғау туралы шешімге келген көрінеді. Қазір тәуелсіз сарапшылар сот-медициналық сараптаманың қорытындысын әзірлеп жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты құжаттың 4 ай бойы дайын болмай жатқаны шикіліктердің көп екенін айқындап отыр дейді.
— Қазіргі кезде тергеудің қолында бір адамға 3 түрлі босану тарихы бар. Онда жазылған медициналық диагноздар әртүрлі. Сонымен бірге анализдерді де толығымен бұрмалап тастаған. Енді екінші қыз Мұсаева Динараның ісін мен 4 айдан кейін алдым. Ол қыз ол уақытта комада жатқан. Біздің қолымыздағы құжаттарда ол қыздың 14-мамырда «сохранениеде» жатқан кезінде баласы ішінде қайтыс болған деп жазылған. Шындығында бала тірі, қазір бар. Одан басқа қазір ол қыз порталмен жатты деп жатыр, «официально» қағаздармен. Бірақ порталды дәлелдейтін бірде-бір қағаз жоқ, — дейді адвокат Рүстем ГАИТОВ.
Сондай-ақ, алғашқы хаттаманы толтырған дәрігерлер өзі босанған марқұм Дилмира Мақсутоваға кесар тілігі жасалды деп жазған екен. Дәрігерлердің салғырттығынан арты адам өлімімен аяқталған істен соң, аталған ауруханада өзгеріс те болмаған сияқты.
— Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан және біздің орталық аурухананың тарапынан әкімшілік шаралар қолданылды. Дәрігерлер оқуға жіберілді, осыған қатысы бар гинекологымыз өз еркімен отбасы жағдайына байланысты жұмыстан шықты, — дейді Ұйғыр аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Анвар РАШИТОВ.
Қазір марқұмның туғандары сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр. Егер дәрігерлердің кінәсі анықталса оған қатысы бар барлық тұлғаны міндетті түрде жауапқа тартпақ.
Фотолар автордікі.
zhasalash.kz
[:]