[:kz]
Сириядан оралған қазақ әйелі Мәрия ханым өкінішін айтты. Ата-анасын шырылдатып, жат ағымға ерген ерлі-зайыпты Қазақстанға қайтудың жолын іздеген. Соғыс жүріп жатқан елге жолдасымен бірге кетіп, жалғыз басымен қайтқан әйел халықтан кешірім сұрады.
Бұл туралы «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтылды.
Мәрия ханым жолдасымен, бір баласымен 2015 жылы Сирияға аттанып, елге 2019 жылы оралды. Жолдасы Сирияда соғысып, қаза болды. Өздерімен бірге сіңлісі бала-шағасымен аттанған. Алайда екі азамат та қайтыс болып, әйелдері «Жусан» операциясы арқылы Қазақстанға оралды.
«Мен жолдасыммен 3 рет кездесіп тұрмысқа шықтым. Маған оны жақсы адам деп айтты. Намазға жығылған соң 1 айдан кейін тұрмыс құрдым. Жолдасым өз айтқанын істейтін адам. Біреудің дегеніне көнбейтін еді. Маған Түркияға көшеміз деді. Сонда оқу оқып, жұмыс істейміз деді. Мен оның етегінен ұстадым. Бастапқыда Түркияға бардық. Кейін Сирияға аттандық. Біз осылай адастық. Ол жақта халифат бар деп ойладық. Алла жолында күресеміз ойладық. Бірақ барған соң қателескенімізді түсіндік. Ол жақта Алла жолында ешкім соғысып жатқан жоқ. Ол жақ азапты өмір», — деді Мәрия ханым.
Айтуынша, Сирияда тегін баспана, азық-түлік береді деп уәде еткен. Жұмаққа баруға асықққандар елге барған соң қайтарға жол таппай қиналады.
«Бірінші жатақханада тұрдық. Кейін Ирактан күйеуім жұмыс тапты. Сол жақтан үй берді. Соғысқа дайындайтын еді. Күйеуім сонда болды. Бомба болатын кезде әйелдер мен бала-шағаны басқа жаққа көшіретін. Кейін жері азайған соң бізді көшірмейтін болды. Бомбалар үйді-үйге түсіп жатты. Біздің үйге де түсіп, менің сіңлімнің қызы шетінеп кетті. Бомба дәл қыздың үстіне түскен еді. Олар үй ішінде ойнап отырған. Менің балаларым басқа бөлмеде болғандықтан аман қалды. Қыздың жанында отырған ағасы жарақат алды», — деді ол.
Мәрияның жолдасы соғыс жаттығулары кезінде көз жұмған. Сіңлісінің де жолдасы солайша қаза болған. Екеуі жесір қалған соң Қазақстанға қайтудың жолын іздей бастайды.
«Соғыс жаттығулары өтетін. Кәдімгі соғыс. Өлгендері өледі, өлмегендері қайтады. Жодасым соңғы рет кетердің алдында маған кеп айтты. «Мен енді келмеуім де мүмкін» деді. «Саған Алла разы болсын» деді. Менімен қоштасып кетті. Кейін оның қазасы туралы хабар келді. Арнайы қаралы хабарды хабарлайтын адамдар болады. Солар айтты. Ол жыл өте ауыр жылдар еді. Есіме түсіргім келмейді. Сіңлім екеуміз жесір қалдық. Бірақ тұрмысқа шықпадық. Екеуміз елге қайтудың амалын қарадық. Бастапқыда бізге көшеге шығуға тыйым салды. Көшеде миналар жатыр деп ескертті. Кейін біз әрі-бері жүрген соң оның өтірік екенін түсіндік. Бізді үш рет қайта үйімізге апарды. Арнайы адамдар кімнің не істеп жүргенін бақылап жүреді. Біз жергілікті араб әйелдеріне ілесіп 10 сағат жаяу жүріп, күрдтердің лагеріне жеттік. Сол жерде 6 ай тұрдық. Кейін Қазақстанның адамдары келіп алып кетті. Ол кезде бізге құдай қарады деп қуандық. Қуанышымы қойнымызға сыймады. Басқа елдер Қазақстан секілді көмектесіп, адамдарын қайтарып алып жатқан жоқ. Сондықтан алғысымды айтамын», — деді Мәрия.
Мәрия екінші ұлын соғыс жүріп жатқан елде өз үйінде босанған. Ал күйеуі қайтқан соң екінші рет тұрмыс құрмапты.
«Маған да, сіңліме де ұсыныс айтқандар болды. Бірақ біз тұрмыс құрмадық. Бізге елге қайту керек болды. Бар ойымыз сол еді. Әйелдер балаларымен бірге мақар деген жерде жатады. Қаншама бала улап-шулап сонда жүреді. Тұрмыстық жағдай ауыр болғандықтан кейбір әйелдер тұрмысқа шығып кетеді», — деді ол.
Мәрия ханым қазір 37 жаста. Бүгінде ата-анасымен, сіңлісі, інісімен бірге қуықтай баспанада тұрып жатыр. Халықтан баспана алуға көмек сұрайды.
«Ата-анамның алдында қарыздармын. Мені уайымады. Қайын жұртыммен араласпаймын. Енем де шырылдап қалды. Ұлы айтқанын тыңдамады. Соған өкпелей ме, бізбен араласпайды. Әкемнің жүрегі ауырады. Мені көп жер жұмысқа алмайды. Орамалыңды шеш дейді. Қазір тапсырыспен үй тазалап ақша тауып жүрмін. Басымызда баспанамыз бар, бірақ бізге шағындау болып тұр», — деді әйел.
Мәрия өзгелерге сабақ болу үшін өткенін ашық баяндап берді. Адасқан ағымның жетегіне ермей, Сирия секілді соғыс жүріп жатқан елдерге барудан аулақ болыңыздар деп ескертті.
«Біз адастық. Ол үшін қатты өкінеміз. Біздің қателігімізді қайталамаңыздар. Ол дұрыс емес», — деді Мәрия.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, биылғы жылы ақпан айында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып АҚШ және өзге де халықаралық серіктестердің қолдауымен Сириядан бір топ қазақстандық азаматтарды елге қайтару операциясын өткізді.
Дереккөз stan.kz
[:]