АЛТЫНОРДА
Жаңалықтар

[:kz]»Үкіметтің сөзіне алданып қалдық»: Павлодар облысына көшіп барған қандастар кері қайтпақ[:]

[:kz]

Павлодар іргесіндегі Ленин кентіне қоныстанған қандастар кері қайтпақ. 13 отбасы осыдан 6 жыл бұрын өздеріне «қандас мәртебесіне» сай берілген үйлерін жекешелендіруге ақша таппай отырғандарын айтады. Сөздерінше, жергілікті билік бұл үйлерді басында жалдап тұрасыздар, кейін өз аттарыңызға аударуға көмектесеміз деп уәде берген. Енді сол сөздерінен жалтарып, баспаналардың әрқайсысын 6 миллион теңгеден сатпақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.

Айбын Құрман атажұртқа Қытайдан көшіп келген. Ленин кентін қалаға жақын, әрі мал ұстауға қолайлы болғандықтан таңдапты. Осындағы баспананың бірін жалға алып, бес жылдан бері ай сайын 6 мың теңгеден төлеп келгенін. Енді сол үйді жекешелендірейін десе, әкімдіктегілер «сатып алыңдар» деп талап қойған екен. 

«5 800 000 мың ақша сұрап отыр. Ең болмағанда бізге жеңілдетілген тәртіппен берсе. Жарайды, тегін дегенді қазір ешкім мойындамай отыр. Үкіметке біз салмақ салмай-ақ қояйық. Біз Қазақстанға келіп, үкіметке масыл болайық, тегін дүние алайық деп келгеніміз жоқ», — деді тұрғын Айбын Құрман.  

Ленин кентінде шеттен келген қандастарға арналып 2013 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен жалпы саны 60 үй салынған болатын. Бірақ көп ұзамай баспаналардың қабырғалары жарылып, едені опырыла бастапты. Төрт жыл қаңырап бос тұрған үйлерге 2017 жылы сыртқы көш бағдарламасымен басқа қандастар қоныстанған. Солардың бірі Орал Әлиұлы. Ол өз қалтасынан 1,5 миллион теңге төлеп, бүлінген баспанаға күрделі жөндеу жасап, қора-қопсы салғанын айтады. 

«Үкімет шетелден көшіп келген қандастарға үйді тегін беретін деген бағдарлама бар деп көрсеткен. Көші-қондада өз ауыздарымен айтқан. Бірақ қазір мойындамай отыр. Бастапқыда үйдің тегін берілмейтінін айтқанда, біз өзіміздің жанымызды бағып, жұмысымызды істеп кететін едік», — дейді тұрғын Орал Әлиұлы.

Ал әкімдік қызметкерлері «қандастарға үй тегін беріледі» деген сөз мүлдем айтылған жоқ дейді. Сөздерінше, баспананы кем дегенде 5 жыл тұрған жағдайда қалдық құны бойынша сатып алуға мүмкіндік бар. 

«Бес жыл толған жағдайда жекешелендіретін болса, бастапқы жарнасы 30 пайызын құюы керек. Қалған 70 пайызы ешқандай пайызсыз 10 жылда төлеп шығуға мүмкіндіктері бар. Яғни тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес 10 санаттағы азаматтар осы үйді тегін алуға мүмкіндіктері бар. Бірақ өкінішке қарай, қандастар бұл санатта көзделмеген», — деп мәлімдеді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі. Аманбек Ұнатұлы. 

Ал «алдандық» деген қандастар енді бұл жерде тұрғысы жоқ. Қосымша құрылыс пен жөндеу жұмыстарына кеткен шығынымызды өтеп берсе, бірден басқа жаққа қоныс аударамыз дейді.

[:]