[:kz]
Таратқан деректерінің мазмұнына қарап, жұрт «Антикордың арнасы» атап кеткен Чиновник.kz телеграм-каналында бүгін «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы ауысуы мүмкін» деген қысқа ақпарат жылт етті деп хабарлайды nege.kz
«ҚР Президентінің әкімшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын ауыстыру мәселесін қарастырып жатыр», – деп жазды телеграм-канал.
Бұл күштік құрылымдар арасындағы қақтығыстың жалғасы ма, әлде Президент әкімшілігі бес жылдан бері ҰҚК-ге табан аудармастан төрағалық еткен К.Мәсімовті ауыстыруды шынымен де көздеп отыр ма, ол жағы әзірге белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылдан бастап билік тепкішегіндегі ең жоғарғы лауазымды қызметтерінің бәрін атқарған Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2016 жылдың қыркүйегінен бері басқарады.
Тілшіміз ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласып, ақпараттың анық-қанығын сұрады. Баспасөз қызметінің өкілі былай деп жауап берді: «Телеграм-каналды көрдім. Егер жауап алғыларыңыз келсе, ресми сауал жолдаңыздар».
Тілшінің: «ҰҚК төрағасы қазір қайда?», – деген нақтылау сұрағына: «Ол кісі қазір осында, жұмыста», – деген жауап алдық.
«Жақында ҰҚК төрағасы ауысуы мүмкін бе? Мұндай әңгіме қайдан шықты?», – деген сұраққа толық жауап алу үшін ҰҚК төрағасы Кәрім Қажымқанұлының атына ресми сауал жолдаймыз.
[:]