АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Ұлттық арнаны Тұрсынбек Қабатов билеп отыр» — журналист[:]

[:kz]

 

 

Тұрсынбектің Ұлттық арнаға әмірі жүргені соншалық, Есен Елеукенді Жайдарманымен бірге ығыстырып жатыр. Сөйтіп Ұлттық арнаның майлы бюджетіне иек артып отыр.

Журналист Ербол Мәндібек өзінің Facebook әлеуметтік желісінде Ұлттық арнаның саясатын сынап тағы бір жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Ол жазбасында аталмыш арнаның рейтинг үшін арзан күлкі мен ащы ішектей шұбырған шетелдік сериалдар секілді көрерменнің ойынан шықпайтын дүниелерге орын беріп отырғанын айтқан. Осының салдарынан бас арнаны Тұрсынбек Қабатов секілділер жаулап алған. 

«Ұлттық арна бірнеше жылдан бері Тұрсынбек Қабатовтың концерттерімен эфир толтырып келеді. Бұған бірінші кезекте басшылықтың өзі мұқтаж. Сөйтіп, Тұрсекеңді құдайша күтіп, сұраған ақшасы мен қалаған эфир уақытын береді.

Баршаңызға мәлім, телеарналардың рейтинг дейтін әлсіз әрі үнемі бас қатыратын тұсы бар.

Оның үстіне ресейлік телеарналар нарықты тұншықтырып тұр. Яғни, солардың деңгейіндегі сапалы өнім жасауға қауқарсыз немесе құлықсыз», — деп атап өткен өзінің жазбасында. 

Сөйтіп басшылықта отырған адамдар Тұрсынбек сияқты әзілі өткір, халыққа танымал адамдарды жағалайды. Амалсыз айтқанына жығылады. 

«Тұрсынбектің Ұлттық арнаға әмірі жүргені соншалық, Есен Елеукенді Жайдарманымен бірге ығыстырып жатыр. Сөйтіп Ұлттық арнаның майлы бюджетіне иек артып отыр. Қысқасы, Ұлттық арнаға рейтинг, Тұрсынбекке ақша керек. Тіпті, карантин уақытында Тұрсынбектің КТА бағдарламасын түсіруге мәжбүр болды. Ең қызығы, елдің бәріне маска тағыңдар деп зарлаған ұлттық арна, маскасыз топырлап сахнаға шыққан Тұрсынбектің командаларына бір ауыз қарсы сөз айта алмады және сол күйі эфирден өткізді.

Әзілге ақша аямай, сараптамалық өнімдерге келгенде не үшін сараңдық танытады? Себебі, сапасы сын көтермейді. Қазіргі жаңалықтарымен рейтинг жинай алмайтындарын өздері де сезіп отыр. Себебі, Үкіметтен төпелеп түсетін тапсырмалар жаңалықтар мен қорытынды хабарлардың өңін өзгертіп жібереді. Биліктің айт дегенін орындамаса, басшылардың күні қараң. Жыл соңында рейтинг сұралады. Сол кезде бармақ шайнап қалмас үшін ойын-күлкіге құралған өнімдерге аяусыз ақша салады. Мұны кейбіреулер кәдімгі жем жейтін кормушка қылып отыруы мүмкін. Әйтпесе, жыл сайын эфирден түспейтін не қылған Тұрсынбек?!

Одан соң түрік пен үнді сериалдары. Миллиардтап ақша ала отырып, өзіндік сериал түсіруге ерінеді немесе түрлі сылтау айтады. Есеп үшін бессандырақ сериал түсіріп, жердің астынан жеті қоян тапқандай жариялайды.

Басқарма төрағасы, оның төрт орынбасары, қаптаған департамент директорлары, олардың орынды-орынсыз орынбасарлары, еншілес каналдардың директорлары, 18 аймақтық филиалдың директорлары отыр. Егер мақсатты жұмыс бір бағыт болса. Онда осыншама бастықтың не керегі бар?  Бұл да бөлек талқылайтын тақырып», — деп атап өткен жазба авторы.  

 

[:]