АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ұлты неміс тәртіп сақшысы үш айда қазақ тілін еркін меңгеріп алды [:]

[:kz]

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық ІІБ жол-патрульдік полицияға жетекшілік ететін Николай Викторович қазақ тілін небары үш айдың ішінде толық меңгеріп шыққан, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ресей жерінде неміс отбасыда дүниеге келген Николай Трошин бала кезінде әкесінің жұмыс бабына байланысты Ақтөбе өңіріндегі Хлебодар елді мекеніне қоныс аударған. Осы жерде орыс мектебін бітіріп, 2000 жылы Таразға әскери міндетін өткеруге аттанған Н.Трошин дәл осы кезде әскердегі алғашқы үш айда-ақ қазақ тілін толық үйреніп шыққан.

«Таразға әскерге барғанымда батальонның барлығы жүз пайыз қазақ, тек мен ғана неміс ұлтынан болдым. Барлық бұйрықтар, командалар — қазақша. Орысша сөйлеп жатқан бірде-бір адамды көрмедім. Содан не керек, намысқа тырысып, ортама бейімделіп,  алғашқы айда-ақ қазақша түсіне бастадым, келесі айда өзім де қазақша сөйлейтін деңгейге жеттім, ал үшінші айда қазақтардан ешбір айырмашылығым болмай қалды. Әскерде түрлі қазақша  әндерді үйреніп, айта бастадым. Сол кезде мен қазақ тілінің соншалықты әуезділігі мен әдемілігіне, қазақ тілін үйренудің жеңіл екендігіне көз жеткіздім. Менің қазақша тез үйреніп кеткеніме әскердегі әріптестерімнің бәрі өзіммен бірге  қуанды. Бөлімше командирі болдым. Екі жыл әскери борышымды өтеп, үйіме оралғанда, шынымды айтайын, орыс тілін мүлде ұмытып қалдым. Ата-анамнан бастап, барлық орыс тілді достарым таң-тамаша болды. Орысша қойылған сұрақтарға түсініңкіремей, біраз ойланып барып жауап беретін болдым», — деп жымия еске алған Николай бүгінде 2 тілді де жетік біледі.

Ефрейтор шенімен әскерден оралғаннан кейін кейіпкеріміз Ақтөбе аумағында күзет полициясында біраз жыл қызмет етіп, мұнда бөлімше командирі болған. 2014  жылдан бері Мәртөк ауданы ішкі істер бөліміне абыройлы қызмет етуде.

«Мен жол-патрульдік полицияның жұмысын қадағалайтындықтан, әрбір қызметкердің қазақша білуіне мән беремін. Себебі, патруль  — полицияның айнасы деуге болады. Олар күнбе-күн халық алдында жүреді. Бірінші көзге түсетін, алдыңғы шепте болып, көмекке алғаш болып асығатындар да солар. Сондықтан халықтың тілін түсіне білу аса маңызды» — деп,  қазақ тілін білу халыққа жақын болуға ықпал ететінін  алға тартқан аға лейтенант Н.Трошин өзінің балаларын да қазақ балабақшаларына берген.

«Жұбайым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайымның ұлты орыс болғанымен, үйімізде үнемі қазақтың ұлттық тағамдарын әзірленеді. Шаңырағымызда аптасына міндетті түрде ет асылып, бауырсақ пісіріледі. Балаларым қазақ балабақшаларына барып, қазақша ән айтады, батаны да береді. «Балалар — біздің болашағымыз» деген  сөз тегін айтылмаған. Біз өз балаларымызды қалай тәрбиелесек, еліміздің келешегі де сондай болатыны рас. Мысалы, балаға кішкентай кезінен қоқысты көшеге тастамауды, арнайы қоқыс жәшіктеріне тастауды үйретудің өзі — туған жерін құрметтеуге, көше сыпырушылардың еңбегін бағалауға, тазалыққа ұмтылуға ықпал етеді. Өзіміз қандай болсақ, балаларымыз да сондай болады» дейді ол.

«Біздің елімізде, неге екенін білмеймін, ұлты қазақ емес азаматты көрсе, қазақ азаматтар бірден орысша сөйлей бастайды. Сондай стереотип қалыптасқан. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын, керісінше, қазақ тілді ортаның болуы, менің басымнан өткен оқиға сияқты, қазақ тілін тез меңгеріп кетуге ықпал етеді. Мысалы, менің бет әлпетімнен қазақ емес екендігімді көрген ауыл азаматтарының өзі орысша сөйлеуге тырысады. Қазақ тілінде сөйлегенімді көргенде таң қалады. Бұл ешқандай да ерекше жағдай емес деп есептеймін. Қазақ тілі — шетел тілі емес, мемлекетіміздің тілі. Сондықтан маған жиі қойылатын «қазақ тілін кім үйретті, қазақ тілін қалай үйренуге болады» деген сұрақтарға кейде әзілмен «Әскерге  Таразға барыңдар» деп жауап беремін. Әрине, бұл — қалжың, мұның астары — қазақ тілді ортада көп болу дер едім. Тілдік орта болған кезде алдымен түсінуді, кейін сөйлеуді үйреніп  кету оңай. Қазір ағылшын тілін үйренуде «Work and travel»(жұмыс жасау және саяхаттау) бағдарламасы қолданылып жүр. Мұнда жастарымыз ағылшын тілді мемлекеттерге барып жұмыс жасау арқылы ағылшын тілін  үйреніп келіп жатыр. Біз болсақ, Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да, қазақ тілді ортаны қалыптастыруымыз керек» — деп тұжырымдаған Н.Трошин бәсекеге қабілетті болу үшін елімізде әрбір азаматтың  қазақ тілін меңгеруін маңызды деп санайды.

Бекзат Жалғасбаева

qazaquni.kz

[:]