АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ұлы Жеңіс күнінде ардагерді арқалап жүрді[:]

[:kz]

 

18403742_1935659883378922_7671758743269985390_nАрдагер. Шоколад. Әділбек.Тақырыпты неге бұлай таңдадық? Себебі де бар. Ұлы Жеңіс мерекесінде көпшілікке үлкен әсер берер оқиғалар орын алды. 

Әділбектің адамгершілігіне және кішкентай шоколадтың үлкен сыйлық болғанына көпшілік куә болды. Бұл туралы кейіндеу айтармыз.

Ұлы Жеңіс мерекесі Кентауда жоғары деңгейде аталып өтті. Салтанатты іс-шара, марапаттаулар, құттықтау­лар, «дала асханасы» және жеңіс жолында қаза болған ардагерлердің құрметіне арналған митинг көпшілікке үлкен әсер берді. Қала әкіміӘбдібақыт Мақұлбаев ардагерлерге Үкімет басшысының, облыс әкімінің, қала әкімінің Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев жылы лебізін білдіріп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Кентаудың өнерпаз жастары әсем әндер орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ардагерлер де дән риза.

Ал енді жазбамыздың басында айтқан Әділбектің азаматтығына тоқталайық. Әділбек Қайырбеков – жастар орталығының инспекторы. Ұйымдастыру жұмыстарының басында оған ардагерлерді алып жүру ісі тапсырылыпты. Жасы 90-ды шамалаған ардагерлер өздігінен жүргенімен оларға бір сүйеніш керек-ақ. Біршама жол жүріп шаршаған қарияның халін көрген Әділбек ардагер атасын арқалап алды, ол кісіні мереке біткенше арқалап алып жүрді. Ардагердің: «Балам, бұның қалай болар екен?» – дегеніне, «Ата, сіздей бейбіт өмір сыйлаған ардергерді арқалаудан арланбаймын. Қайта мақтан етемін», – деп жауап қатты.

Азаматтық! Жастарға үлгі боларлық өнегелі іс.

Ал шоколад ше? Митинг біткен тұста 7 жас шамасындағы бала келіп ардагер атаның біріне кішкентай «Қазақстан» шоколадын сыйлады. Кіші болса да маңызы жоғары үлкен сыйлық. Олар бір-бірін танымайды екен. Мұны біз ардагерден сұрап білдік. Жас бала бұл сыйлықты ешкімнің айтуынсыз, өзі сатып алыпты.

«Қазақстан – біздің Отанымыз, ондағы бейбіт өмірді ардагерлер сыйлады. Сондықтан мен осы шоколадты алдым. Ата, бізге бейбіт күн сыйлаған сізге рахмет!» – деді жеткіншек. Әсерлі. 

…Иә, Жеңіс сыйлаған сіздерге рахмет, құрметті ардагерлер!

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Zamana.kz

Сурет Zamana.kz сайттынан алынды

[:]