[:kz]
Отандық танымал әнші Мадина Сәдуақасова өткен аптада дүниеден өткен Қабдеш Жұмаділовты есіне алды. Бұл қаза өнер иесі келін болып түскен әулет үшін аса ауыр соққы болған деп жазады KAZ.NUR.KZ. Мадина Сәдуақасова марқұм Қабдеш Жұмаділов туралы әсерлі жазбасымен Instagram парақшасында бөліскен.
Эстрада жұлдызы жазушының сіңірген еңбегін жоғарып бағалап, оған қатысты тың мәліметтерді жария етті. Белгілі болғандай, Сәдуақасованың жолдасы мен ұлының да есімін Қабдеш Жұмаділов қойған. Бірін Олжас Сүлейменовтің, екіншісін Әнуар Әлімжановатың құрметіне атаған. Өнер иесінің сөзінше, Жұмаділов оны келіні емес, қызындай жақсы көрген.
«Қазақтың дарабоз қаламгері, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 5-сәуір күні , өзінің 85 жылдық мерейтойына 20-ақ күн қалғанда дүниеден озды. Атамызды бүкіл алаш жоқтады. Мен келін боп түскен әулет үшін бұл қайғы екі есе ауыр соқты. Өмірінің соңына дейін бұл кісі шығармашылық жолын, жазуын тоқтатпады. Үнемі қозғалыста, шығармашылық ізденісте болды.
Қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына қызмет етіп қана қоймай, ағайын-туыс, жақындарына да көңіл бөлді, әулеттегі әр туысқанның хал-жағдайын біліп, жай-күйін сұрастырып, қайғы-қуанышына ортақтасып, ақыл- кеңесін , батасын беріп жүрген қамқор аға, жанашыр жан бола білді.
Мен келін боп түскен күнімнен бастап-ақ мені келіні деп емес, қызындай жақсы көрді. 1986-жылы туған жолдасым Олжастың есімін атамыз Олжас Сүлейменовтің құрметіне қойса , ұлымыз туылғанда да
“Әнуарлардың бәрі мықты! Қазақтың біртуар ұлы Әнуар Әлімжановтың құрметіне Әнуар болсын!” деді. Әнуарды ерекше жақсы көрді. Алланың жазуы шығар, соңғы түскен хабарында Әнуар гүл алып барып берді, атасына. Мен ән айттым. Сол күннен соң көп ұзамай кете барды. Өзі аманат етіп кеткен Семей топырағына жерленді. Дәл бүгін жеті күндігі. Біздің әулетіміз үшін де, бар қазақ үшін орны толмас өкініш. Біз жақсы көретін ардақты ата, дара тұлға , қазақтың қабырғалы қаламгері жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, үлкен Ата» , — деп жазды Мадина Сәдуақасова.
Айта кетейік, Қабдеш Жұмаділовтың қайтыс болғаны туралы 5 сәуір күні белгілі болды. Қаралы хабарды алғашқылардың бірі болып, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек растады.
[:]